ХАЛЫҚ ҮНІН ЕСТІГЕН БИЛІК НӘТИЖЕ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Аудан көлеміндегі ауылдарды аралап, халықпен тікелей жүздесу – жергілікті атқарушы биліктің ең жауапты әрі маңызды жұмыстың бірі. Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, аудан әкімі Жандос Еркінбек кент, ауылдық округтердегі тұрғындармен кезекті есепті кездесуін өткізді. Бір аптаға созылған іссапар Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Дауылкөл, Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар, Иіркөл, Төребай би ауылдарын қамтып, онда аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік экономикалық ахуалы жан-жақты сараланды.
Аудан басшысы халықпен өткізген әрбір жүздесуде өңірдегі ілгерілеу, биылғы атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндап, тұрғындардың сауалдарына заңға сәйкес жауап берді. Сонымен қатар, жеке қабылдаулар өткізіліп, көтерілген мәселелер жауапты сала басшыларына нақты тапсырма ретінде жүктелді.
Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақты жүргізілуі – аудан әкімдігінің күн тәртібіндегі негізгі бағыттың бірі. Соңғы жылдары елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, көше жарығын орнату, жолдарды жөндеу, ауызсу жүйесін жетілдіру, мәдениспорт нысандарын жаңғырту секілді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда.
Ауылдағы айқын ілгерілеу
Шалғай жатқан Т.Көмекбаев ауылында биыл инфрақұрылым саласында бірқатар маңызды жұмыс атқарылған. Жаңақала және Балқы Базар көшелерін жарықтандыру нәтижесінде ұзындығы 10,3 шақырымды құрайтын 11 көше толық жарықпен қамтылып отыр. Бұл – тұрғындардың көптен бері көтеріп жүрген мәселесінің шешімі.
Ауылдағы Тәуелсіздік және Балқы Базар көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары да күн тәртібінде. Жобалықсметалық құжаттар демеушілердің қолдауымен әзірленіп, сараптамадан өтуде. Жыл соңына дейін құжаттар бюджетке ұсынылмақ.
Экономиканың негізгі тірегі – ауылшаруашылығы. Т.Көмекбаевтың тұрғындары мал шаруашылығымен және бақша өсірумен айналысып, қазіргі таңда 5 шаруа қожалық ауыл экономикасына тұрақты үлес қосуда. Ауызсу мәселесі де толық шешімін тапқан. «ОДСП Арал» мекемесінің бөлімшесі арқылы таза су үздіксіз жеткізіледі.
Мәдениет саласының жетістіктері де ауыз толтырып айтарлық. «Аламан құрақ» жобасының әлемдік рекордтар кітабына енуі – ауыл ғана емес, аудан абыройын асырған жаңалық. Сонымен қатар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жергілікті отбасының облыстық кезеңде бірінші орын алуы – ауылдағы рухани өмірдің жоғары деңгейін айғақтайды.
Қуаңдария – үлгілі елді мекен
Облыс көлемінде 2023 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Үздік елді мекен» байқауы ауылдардың көркейіп, түрленуіне ерекше серпін беруде. Бұл жылы Қуаңдария ауылы «Үлгілі елді мекен» атанып, 15 млн теңгелік сертификат иеленді. Бұл тұрғындар еңбегінің, ауыл басшылығы мен жастардың ортақ ынтымағының нәтижесі екені сөзсіз.
Ауылдағы бау-бақша шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Аудан әкімінің шешімімен бөлінген трактордың көмегімен биыл көктем шыға 40 отбасы 24 гектар жерге бақша өнімдерін егіп, өз тұрмысын жақсартуға мүмкіндік алды. Суармалы егін шаруашылығын қолдау мақсатында ұзындығы 15 шақырымдық Таңатар су арнасы 27 млн теңгеге тазартылып, су жеткізу жағдайы едәуір жақсарды.
Спорт саласы да назардан тыс қалған жоқ. Ауылдың спорт алаңы жанынан жаңа воркаут алаңы орнатылып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге толық мүмкіндік жасалды.
Ауыл әкімі Ардақ Аймырзаевтың айтуынша, Қуаңдария және Жеңістің 40 жылдығы көшелерін күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттар сараптамада. Ал Гагарин көшесін орташа жөндеуге арналған жоба жыл соңына дейін сараптамаға енгізілмек.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРУЫ ЖОҒАРЫ АУЫЛ
Алдашбай ахун ауылында биыл бірқатар маңызды жоба жүзеге асуда. Ынтымақ және Түпбөгет көшелеріне жарықтандыру жүйесі орнатылып, аудандық бюджеттен 42,6 млн теңге бөлінген. Қосымша Ш.Шегебаев көшесіне 10 жарық құрылғысы орнатылып, қазір ауыл көшелерінің 100 пайызы жарықтанып отыр.
Ауылдағы ауыз су мәселесі де толық шешілген. Аяқ су жүйесін жетілдіруге аудан бюджетінен 3 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған.
Мәдениет нысандарына да көңіл бөлінуде. Ауылдық клубтың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 4 млн теңгеге ЛЭД экран сатып алынып берілді. Ал спорт алаңының жанынан салынатын жаңа воркаут алаңы мердігердің есебінде, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
САЛЫҚ ЖОСПАРЫН АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАДЫ
Биыл салық түсімдерін 105,2 пайызға артығымен орындап, өз тиімділігін көрсеткен Дауылкөл ауылдық округі де айтарлықтай ілгерілеу үстінде. Аудандық бюджеттен бөлінген 14,5 млн теңгеге Н.Жанаев көшесі толық жарықтандырылды.
Ауылшаруашылығы саласы – округтің негізгі тірегі. Биыл 2925 гектар жерге егін егіліп, 3 шаруа қожалық тұрақты түрде мал шаруашылығымен айналысып отыр.
Абаттандыру жұмыстары да қарқынмен жүруде: 100-ге жуық жарық шамы жаңартылып, 20-ға тарта жаңа жол белгілері орнатылды. Сонымен қатар 250 орындық жаңа мектеп құрылысына арналған жобалықсметалық құжаттар толық әзірленіп, қаржыландыру күтілуде.
АҚЖАРДАҒЫ ИГІ БАСТАМАЛАР
Биыл аудан көлемінде ауылдық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды нәтижелерге қол жеткізілді. Ақжар ауылындағы ауқымды жоба – Абай, Ш.Уәлиханов, Р.Жиенбаев және С.Сейфуллин көшелеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, жалпы сомасы 389 млн теңгені құрады. Жол мәселесі – ауыл тұрғындары үшін аса маңызды. Сондықтан бұл жұмыстар елді мекеннің ішкі инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартып, қозғалыс қауіпсіздігін де арттыра түсті.
Сонымен қатар Ораз ахун көшесінің жанындағы спорт алаңы ағымдағы жөндеуден өткізіліп, 10,3 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жаңартылған спорт алаңы бүгінде ауыл жастары мен балалардың сүйікті демалыс орнына айналып отыр.
Ақжар ауылының көркеюіне қосқан үлесі облыстық деңгейде де бағаланды. Биыл ауылдық округ облыс көлемінде өткізілген «Үлгілі елді мекен» конкурсында III орынға ие болып, арнайы техникамен марапатталды.
– Ауылдардың әлеуеті жыл сайын артып келеді. Биылғы атқарылған жұмыстар үлкен еңбектің нәтижесі және алдағы бастамаларға зор серпін. Инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді, – деді аудан басшысы.
АУЫЛ КӨРКЕЙСЕ – ЕЛ КӨРКЕЙЕДІ
Аудандағы ірі елді мекендердің бірі – Ақтөбе ауылында да тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған игі шаралар баршылық.
Биыл ауылдың Ы.Сейтенов, Т.Салқынбайұлы және Н.Сералиев көшелері толықтай жарықтандырылған. Бұрын қараңғы түскенде жүру қиындық туғызатын көшелер қазір жарық шамдардың арқасында қауіпсіз әрі қолайлы. Сонымен бірге, ауыл толығымен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, аяқ су мәселесі де оң шешімін тапқан.
Ауылдың басқа көшелерін жарықтандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жалғасып келеді. А.Иманов және Кеңсе көшелеріне жарық бағаналарын орнату үшін 16 млн теңге қаржы бөлінген.
Сондай-ақ мұнда тек инженерлік инфрақұрылым емес, мәдениет саласы да назардан тыс қалмады. Ауылдық клуб үйі үшін 5 млн теңгеге LED экран мен арнайы техникалық құрал-жабдықтар сатып алынып, мәдени шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік жасалды. Бұл – ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, өнерпаз жастарға қолдау болмақ.
НӘТИЖЕ СЕНІМ БЕРЕДІ
Аудан әкімі Жандос Еркінбектің ауылдарды аралауы тұрғындар үшін маңызды мәселелерді жеткізуге мүмкіндік беруде. Әрбір сауал мен ұсыныс назарға алынып, мәселелер кезеңімен шешілуде.
ІІІ Интернационал ауылдық округінде де бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Цай Ден Хак, Наурыз және Сахи Жарылқасынов көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, бұл бағытқа да керек қаржы бөлінген. Сонымен қатар Қорқыт ата, Бәйтерек, Тәуелсіздік, Пак Чен Ир, Амангелді, Қазақ және Цай Ден Хак көшелерін жарықтандыру бойынша жобалаусметалық құжаттары әзірленуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң округ аумағындағы түнгі жарық мәселесі түбегейлі шешімін табады.
Ауылдағы маңызды нысандардың бірі – Урман каналы. Каналға су айдайтын электронасостарды қосу үшін қажетті КТПН сатып алуға және электр бағаналарын орнатуға 7,8 млн теңге жұмсалған. Бұл ауылшаруашылығы үшін аса маңызды, себебі су жеткізу жүйесін жақсару арқылы егіншілік пен мал шаруашылығы жұмыстары тиімді жүргізілмек.
ДҮР ОҢҒАРДА ГАЗ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Бұл ауыл ауданның ауылшаруашылығы саласындағы маңызды елді мекендердің бірі ретінде биыл ерекше жетістіктерге қол жеткізді. Ауылдық округтің жалпы жер қоры 5406 гектарды құраса, оның 3100 гектарына «Жаңажол» ЖШС күріш егіп, 192 882 тонна өнім жинады. Егіннің мол шығымы облыстық «Алтын дән» мерекесінде жоғары бағаланып, шаруашылық бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің маусым бойы жасаған табанды еңбегінің жемісі.
Сонымен қатар биылғы маңызды жаңалықтардың бірі – Дүр Оңғарда табиғи газдың беріліп, ауылдық округтің толықтай ауыз сумен қамтамасыз етілуі. Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бұл жұмыстар ауыл инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерді.
ҚОС ЕЛДІ МЕКЕНДЕГІ АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР
Иіркөл ауылында да бірқатар инфрақұрылымдық жоба аяқталған. Қазақстан көшесін жарықтандыруға 24,4 млн теңге бөлініп, жоба толық іске асырылды. Ауызсу мәселесі түбегейлі шешімін тауып, екі нысан бойынша электрмен қамту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 226 млн теңгеге электр беру желілерінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді.
Ауылдық округтің шағын және орта кәсіпкерлік саласында даму бар. Мұнда 4 жеке кәсіпкер тіркелген. Жыл басынан бері кәсіпкерлікті дамыту аясында «Ұлттық жоба» гранты бойынша бекітілген меже 2-еу болса, несие бойынша 1 жоба орындалып, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 1 кәсіпкер көлік жөндеу орталығына қажетті құрал-жабдық алуға 2 500 000 теңге көлемінде қаржыландырылған.
Төребай би ауылы үшін биылғы жыл ерекше мерейтойымен есте қалды. Елді мекеннің 60 жылдығы кең көлемде аталып өтіп, мерейтой қарсаңында ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ауыл орталығындағы алаңға тас (брусчатка) төселіп, қоршаулар орнатылды. Жалпы құны 22,4 млн теңгені құрайтын бұл жұмыстар ауылдың келбетін айшықтай түсті. Сонымен бірге П.Байшораұлы көшесіне жарықтандыру орнатылып, ауызсу мәселесі шешілді.
Ауылдарды аралау барысында аудан әкімі жергілікті тұрғындармен кездесіп, ашық диалог жүргізді. Халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген әрбір мәселеге нақты жауаптар берді. Елді мекендердің жағдайын жақсартуға бағытталған мұндай кездесулер ауыл халқының көңілінен шығып, ортақ мүддег қызмет ететін бастамаларға жол ашты.
Ерсін СӘДУҰЛЫ

















