ҰТЫСТАР МАРАФОНЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕСІ БҰЙЫРДЫ
Биыл еліміздің қаржы секторындағы жетекші банктің бірі – Қазақстан халық банкі ел игілігіне бағытталған ауқымды «Сыйлықтар марафоны» акциясын ұйымдастырғаны белгілі. Маусым айынан бастап 14 желтоқсанға дейін өткен бұл марафон аясында банктен несие рәсімдеген кез келген клиент автоматты түрде апта сайынғы және ай сайынғы бас жүлде ойнатылымына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Акцияның апта сайынғы жүлде қоры қомақты 2 млн теңгелік туристік сертификат, Apple iPhone 16 Pro маркалы 2 смартфон, сондайақ «Halyk-тен 100 мың бонус» номиналындағы 10 сертификат табысталды. Ал марафонның басты жүлдесі – көптеген азаматтың арманына айналған «Hyundai Tucson» автокөлігі.
Жуырда осы айтулы акцияның ай сайынғы бас жүлдесі біздің ауданға бұйырды. Кент тұрғыны, банк клиенті Гүлбарам Абайқызы ұтыс нәтижесінде жаңа автокөліктің иесі атанып, үлкен қуанышқа кенелді. Бас жүлдені табыстау салтанаты Халық банкі АҚ-ның Байқоңыр өңірлік филиалына қарасты №4 дербес сервис орталығында өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов арнайы қатысып, аудан әкімінің ізгі лебізін жеткізді.
– Халық банк – жылдар бойы ел сенімін арқалап келе жатқан ірі қаржы институттарының бірі. Міне, сол сенімнің айқын дәлелі ретінде бір азаматқа зор қуаныш сыйлауда. Күтпеген қуаныштың есігіңізді қағуы – жақсылықтың белгісі. Банктердің әрбір клиентке осындай жағымды тосынсыйлары бұйыра берсін, – деді ол.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Халық Банкі АҚ Байқоңыр өңірлік филиалының директоры Жанна Жеңісханқызы мен аудандық дербес сервис орталығының басшысы Нұрбол Үсенов Гүлбарам Абайқызын құттықтап, су жаңа автокөліктің кілтін табыстады.
Қуаныш иесінің айтуынша, бұл тосынсый оған үлкен жігер мен шабыт берген. Ал банк өкілдері марафонның алдағы уақытта да жалғасатынын, клиенттерге арналған ұтыс ойындары мен тиімді акциялардың өз ретімен өткізіліп тұратынын атап өтті.
Кент тұрғындары мен банк тұтынушылары үшін жағымды жаңалыққа айналған бұл оқиға Халық банкінің ел сенімін ақтап, қоғаммен жақын байланыста жұмыс істеп келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.
Ерсін СӘДУҰЛЫ













