» » БҮГІНГІ КИНОНЫҢ БЕТ АЛЫСЫ ҚАНДАЙ?

БҮГІНГІ КИНОНЫҢ БЕТ АЛЫСЫ ҚАНДАЙ?

XXI ғасыр – талғамы да, тәрбиесі де өзгеше, ойы озық жастар заманы. Әр адамның өзіне тән ерекше «стилі», өз әлемі бар. Бұрын бізді ата-анамыз үйге әрең шақырып алатын болса, бүгінде балаларды керісінше далаға шығару мұң болды. Жастардың бір буыны театрға барып рухани тазаруды көңілі қаласа, енді бірі кинотеатрдан табылады.
Жақында «Өнер қырандары» театрының «Төртеу түгел болса» атты концертіне бардық. Әрбір әзілін астармен беруге тырысатын бұл өнерпаздардың қойылымына көбі мән іздеп баруға тырысады. Өзім де соның бірімін. Бірақ шығар тұста өзгелердің пікірталасын құлағым шалып қалды. Бірі көңілінен шықпағанын айтса, келесілері көзбен көргеннің әсері басқа екенін жеткізіп жатты. Әсілі, әрбір көрген дүниеден ең кем дегенде бір жақсы дүниені жадыға түйіп қайтуға әбден болады.
Соңғы жылдары отандық киноларға сын көзбен қарайтындар көбейді. Әсіресе коммерциялық бағыттағы фильмдердің көркемдік деңгейі мен тіл тазалығы жиі сөз болуда. Бұл жағдайдың себебі неде? Қазақ киносының бүгінгі жағдайы қандай? Саралап көрсек.
Фильм мен фильтр
Бұрын кинотеатрға барғанда көбіне шетелдік фильмдерді таңдаушы едік. Қалтадағы қаражатты сол шетелдік нарыққа жұмсадық. Қазір отандық фильмдер аз емес, жетерлік. Бірақ көп деген сөз сапаның жақсы екенін білдірмейді.
Фильм – белгілі бір идеяны, оқиғаны, мінезді жеткізуге арналған күрделі өнер туындысы. Онда режиссердің көзқарасы, автордың айтар ойы, актердің эмоциясы бар. Кино дегеніміз – тұтас бір әлем, уақыт пен кеңістікті біріктіретін рухани көпір. Жақсы фильм көрерменді ойландырады, толғандырады, тәрбиелейді. Кейде бір ғана кадр адам өміріндегі үлкен шешімге түрткі болуы мүмкін.
Елімізде соңғы жылдары сападан гөрі санға жұмыс істейтін кинолардың көбейгені жасырын емес. Коммерциялық мақсаттағы жеңіл фильмдер бір мезеттік күлкі сыйлағанымен, артында терең ой қалдырмайды. Оның орнына экранға шыққан әрбір бейненің әлеуметтік желідегі «фильтрленген» бейнелерге ұқсап, шынайылықтан ажырап бара жатқаны алаңдатады.
Бүгінгі жас буын өз бетін, өмірін, тіпті сезімін де фильтр арқылы көрсетеді. Түрленген түс, түзелген бет бейне, әдеміленген кадр бәрі уақытша әсер береді. Бірақ адамды әдемілікке емес, жасандылыққа үйрететін қауіпті үрдіс те осы. Фильтр шынайы әлемді бүркемелесе, фильтрленген өмір – рухани әлсіздікке алып келетін психологиялық тұзақ.
Бүгінде кез келген камерасы бар адам контент түсіріп, өзін режиссер санап жатады. Әлеуметтік желідегі танымалдыққа ие болғандар киноға оңай бет бұрып, үлкен экранды да «фильтрленген» түсінікпен бағындырғысы келеді. Нәтижесінде бір реттік контентке ұқсайтын, көрермен есінде қалмайтын фильмдер қаптайды.
Ал нағыз фильм авторы – фильтрді емес, шындықты іздейді. Ол көрерменді әсемдіктен бұрын ақиқатқа, күлкіден бұрын ойға жетелейді. Сондықтан фильм жасаушы мен фильтр қолданушының айырмашылығын ажырату – кино мәдениетінің маңызды шарты.
Америкалық ақын Чарльз Буковскийдің: «Экраннан сапасыз көрініс көру – үйреншікті дүниеге айналды. Адамдар түкке тұрмайтын, пайдасы жоқ нәрсені тамашалап жүргенін сезбейтін болды» деген пікірі бүгінгі қазақ көрерменінің хәліне дөп түсетіндей. Шындық сол – қазіргі отандық фильмдерді көргенде сүйсінуден гөрі күйінетініміз жасырын емес. «Қап, әттеген-ай!» деп қынжыласыз. Өйткені коммерциялық бағытта түсіріліп жатқан талай киноның тілі шұбар, былапыт сөзге толы.
Белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың: «Әнші де, әзілкеш те бүгінгі қазақ киносының болашағына балта шауып жүр. Тек жалқау ғана кино түсірмейтін болды. Бұл – кино емес, бұл – мазақ» деген ащы сыны бекер айтылмаса керек.
Киноның тәлімдік қыры шетке ығысып, жеңіл әзілге құрылған, мән-мағынасы жұтаң фильмдер қаптады. Әсіресе шоумендердің киноға бет бұруы сапаның одан әрі төмендеуіне жол ашты. Диалогтары жүйесіз, мәдениеттен алыс мұндай туындылар көрген сәтте ғана күлкі сыйлағанымен, санада ізі қалмайды. Соған қарамастан дәл осы жеңілжелпі дүниелерге сұраныс жоғары. Тәуелсіз ел ретінде кино түсіруге мүмкіндік мол. Соны ұтымды пайдаланып, ұлттық болмысымызды насихаттауға күш салсақ игі. Салмақты оймен санаға қозғау салып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге мұрындық болып, салт-дәстүрімізді жаңғырту – бүгінгі қазақ киносының басты міндетіне айналса дейсіз...
Бір ұшында бизнес тұр
Кино – тек өнер ғана емес, үлкен индустрия. Экранға шыққан әрбір туындының артында идея мен шығармашылықтан бөлек, қомақты қаржы, жоспар, есеп-қисап, яғни бизнес жатыр. Қазіргі таңда фильмнің табысы тек көркемдік деңгейіне ғана емес, оның маркетингіне, жарнамасына, дұрыс тарату жүйесіне тікелей байланысты.
Көрерменді қызықтыратын мазмұн түсіру – шығармашылық топтың міндеті болса, сол фильмді пайдаға жарату – продюсер мен инвестордың жұмысы. Сондықтан киноның бір ұшында өнер тұрса, екінші ұшында табыс көзін іздейтін бизнес тұр.
Коммерциялық фильмдердің көбеюі де осының дәлелі. Жеңіл әзілге құрылған, көп шығынды қажет етпейтін туындылар қысқа уақытта қаржы әкелетіндіктен, продюсерлер үшін тиімді. Ал терең ойлы, авторлық картиналардың насихаты аз, бюджеті жоғары, табыс табу мүмкіндігі төмендеу.
Сол себепті қазіргі киноиндустрияда өнер мен бизнестің арасы жиі алшақтап кетеді. Бірі сапаны ойлайды, бірі сатылымды. Дегенмен шынайы өркендеген кино саласы осы екі бағыттың үйлесім табуына негізделеді.
Еліміздегі соңғы 3 жылда түсірілген фильмдердің санын бір шолып өтсек. 2022 жылы 38 фильм түсірілсе, оның кассалық түсімі 9,5 млрд, 2023 жылы 65 фильм түсірілсе, кассалық түсімі 15 млрд, ал 2024 жылы 94 фильм түсірілсе, кассалық түсім 22 млрд теңгені құрайды. Бұл бұрын соңды болмаған рекорд. Жоғарыда айта кеткендей, санның көбеюі сапаның артуы деген сөз емес.
Сұраныс пен сапа
Қазақ киносының бір парадоксы – бізде мықты режиссерлер бар, бірақ олардың фильмдерін көретін көрермен аз. Кинотеатрға баратын аудитория әдетте жеңіл жанрды қалайды. Ал авторлық кино өз көрерменін фестивальдерден табады.
Бұл жағдай екі мәселені айқындатады. Бірі экран мәдениетінің әлсіздігі: көрерменге терең туындыны түсіну үшін дайындық керек, ал мұндай мәдениетті қалыптастыру жұмысы баяу. Екінші тұсы – прокат жүйесінің әлсіздігі. Авторлық фильмдер кинотеатрларда аз көрсетіледі, ал көрерменге жетпеген кино ешқашан толыққанды өмір сүрмейді.
Қазақ киносы әзірге екі әлемге бөлінген секілді: бұқаралық сұраныс пен фестивальдік өнер. Осы екі әлемді біріктіру алдағы уақыттың еншісінде.
Қазақ қоғамындағы тағы бір мәселе – экран мәдениетінің қалыптасу деңгейі. Авторлық киноны жете түсіну үшін көрерменнің ішкі дайындық, талғам, көркемдік интуициясы болуы қажет. Ал көпшілік әлі де киноны тек көңіл көтеру құралы ретінде қабылдайды. Прокат жүйесі де авторлық туындыларға қолайлы емес: кинотеатрлар аз сеанс береді, жарнама жеткіліксіз, ақпарат тарату баяу.
Сонымен бірге қазақ киносын алға сүйрейтін қуатты факторлар да бар. Соңғы жылдары тарихи тақырыптардың қайта жандануы ұлттық кино индустриясын жаңа деңгейге көтерді. Көлемді продакшндар, тарихи реконструкциялар, эпикалық масштаб көрерменнің рухын сергітіп, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік беретін бағыт. Цифрлық платформалардың дамуы да тәуелсіз кинематографқа үлкен тыныс берді. Енді режиссерлер кинотеатрға тәуелді болмайақ, өз көрерменін онлайн кеңістіктен таба алады. Жас сценаристердің көбеюі де кино тілін жаңартуға үлес қосып жатыр: жаңа конфликтілер, жаңа кейіпкерлер, жаңа драматургия пайда болуда.
Қазақ киносының бүгінгі келбеті – қайшылығы мол, бірақ мүмкіндігі де зор кең өріс. Бір жағында жеңіл жанрды қуған коммерциялық өнімдер тұрса, екінші жағында өнерді биік қоятын, терең ойлы авторлық туындылар бар. Оларды жалғайтын көпір – көрерменнің талғамы мен еліміздегі экран мәдениетінің деңгейі. Талғам қалыптасса, сапалы фильмге сұраныс артады, сұраныс артса, индустрия дамиды.
Кино – ұлттың айнасы. Онда қоғамның мұңы да, қуанышы да, арман-аңсары да көрініс табады. Сол себепті киноиндустрияға тек табыс көзі ретінде емес, ұлт руханиятын қалыптастыратын маңызды сала ретінде қарау қажет.
Ұлттық киноны алға сүйрейтін күш – көрерменнің өзі. Көрермен талғамы жоғары болған сайын, киноның да сапасы артады. Сондықтан бүгінгі мақсат – тек фильм түсіру емес, көрермен тәрбиелеу, экран мәдениетін қалыптастыру, ұлттық болмыс пен рухты сақтай отырып жаңаша ойлайтын кино кеңістігін құру.
Түйін Қазақ киносы бүгінде жол іздеп келеді. Ол жолдың даңғыл болуы – өнерге адалдық пен сапаға ұмтылуға байланысты. Ендеше, біз де көрермен ретінде рухани салмақты, ойлы туындыны қолдай білсек, кино да өзінің биігіне қайта көтеріледі. Ұлттық экранның ертеңі – бүгінгі талғамға тіреліп тұр.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 желтоқсан 2025 ж. 187 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№1 (10469)

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (10468)

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (10467)

27 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 186
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 833

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031