Қармақшы таңы » Жаңалықтар » Қызылорда облыстық соты журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады
Қызылорда облыстық соты журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады
Қызылорда облыстық сотында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай мерекелік жиын өтті. Облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев «Сот жүйесін дамытудың жеті түйініне» тоқтала келе, сот жүйесінің ашықтығы мен жаңашылдықтарын насихаттау жұмысында ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өтті. «Сіздердің еңбектеріңізге үлкен ризашылығымды білдіремін. Сіздер, сот пен халықты тікелей байланыстырушы дәнекер ретінде сот актілері тек жазалау емес, тәрбие мен үлгі ету мақсатын көздейтінін түсіндіріп жүрсіздер», - деді Қамбар Нұрышев. Кездесуде тілшілер облыс соттарының БАҚ-пен өзара байланысының ашықтығы мен тиімділігін атап өтті. Жиын барысында журналистер арасында өткізілген «Сот репортері» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Сот репортері» байқауының қорытындысы бойынша бірінші орынды - Қызылорда қоғамдық телеарнасының тілшісі Әлия Ережепова, екінші орынды - «Халық» газетінің тілшісі Жансая Жүнісова, үшінші орынды - «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Мөлдір Кенжеғұлова иеленді. Сонымен бірге, сот жүйесінің оң бейнесін қалыптастыру бағытындағы құқықтық түсіндіру жұмыстарына қосқан елеулі еңбектері үшін аудандық және оған теңестірілген соттардың үйлестіруші судьялары мен баспасөз қызметіне жауапты сот мамандарына алғыс хаттар табысталды. Іс-шара соңында Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев байқауға белсене қатысқан журналистерге алғысын білдірді.