АУЫЛ ӘЙЕЛІ: БІРЛІК ПЕН ДАМУҒА БАСТАЙТЫН КҮШ
Дүйсенбіде Сырдария ауданының Н.Ильясов атындағы ауылында өткен «Ауыл әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» тақырыбындағы өңірлік ауыл әйелдерінің форумына аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева бастаған бір топ әйелдер қатысып қайттық.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен «Ауыл» партиясының қолдауымен және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген іс-шара еңбекші әйелдерге жігер беріп, мерейлерін өсірді. Форумға ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшелері, «Ауыл» партиясының, орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың өкілдері, Жамбыл, Түркістан, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласының делегаттары, әйел-кәсіпкерлер, азаматтық қоғам көшбасшылары, ауыл еңбеккерлері мен ардагерлер қатысты.
Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет ашып, әрі қарай «Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанова жүргізді.
Жиында бірқатар іскер әйел-аналар сөз сөйледі, солардың ішінен маған ерекше әсер қалдырғаны – Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Нұралы» шаруа қожалығының басшысы Кәмшат Төлеуова болды. Ол «Болашақ» бағдарламасымен Америкада білім алып, Ақтауда Мұнайтас компаниясында жұмыс істеген. Әкесі мал шаруашылығымен айналысқан. Аяқ астынан қатты сырқаттанып, Кәмшатты ауылға шақыртыпты. Отбасында 4 қыз, 1 ұл екен. Әкесі Кәмшатқа «менің кәсібімді жалғастыр, сенің қолыңнан келеді» деген. Әкенің бірауыз сөзін, аманатын аттап өтпей, келісуге мәжбүр болғандығын айтады. Көрген қиыншылықтарын айтып, көзіне жас алды, біз де толқып кеттік, көрермендер жұбату үшін қол шапалақтап жігерлендіргендей болды. Осындай нәзік, жап-жас қыздың тәуекелшілдігі, жігерлілігіне тәнті болмау мүмкін емес.
Форумға келген қыз-келіншектің барлығы да осал емес. Өзіміздің жерлесіміз, Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаева ауыл әйелдерінің өңір дамуындағы үлесі жайлы сөз қозғады. Ол өз сөзінде «Мен тек әкім емес, құрылысшы, тракторшы, агроном, ветеринар да болуыма тура келді. Барлық салаға әйелдерді тарттым. Қазір көлік жуу, монша, дүкен, нан цехы, бәрін де әйелдер істейді. «Бозторғай» сайысында гран-при жеңіп алдық, облыстық «Үлгілі таза ауыл» конкурсында жеңіске жетіп, ауылға трактор алып алдық» деді. Жерлесіміз үшін марқайдық. Ия, бәрін сөзбен жеткізу қиын, оны көзбен көру керек, тамаша іс-шара болды. Ең бастысы ауыл керемет дамыған, көркіне көз тоймайды, құдды бір қала дерсіз. Таптаза, субұрқақ, гүлдер аллеясы, мейрамхана, мешіт, дүкен, мәдениет үйі, бәрі ауыл ажарын ашып тұр. Күз айы болғандықтан гүлзарларды көре алмадық, бірақ бейнебаян арқылы тамашаладық.
Сонымен қатар Ақжайық аудандық мәслихатының төрайымы Ләззат Сейткереева «Қазақ әйелі: өмірде – нәзік, істе – мығым» деген ұранмен әйелдердің қоғамдық және іскерлік өмірдегі мықтылығын әңгімелесе, «Азия Қамыш» ЖШС басшысы, қазалылық Венера Тайлақбаева қамыс өнеркәсібінің дамуы және Еуропа елдерімен қамыс экспортын жолға қою бойынша бірегей тәжірибесімен бөлісті. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті Айнагүл Бегенова «Ауыл әйелдері үшін аграрлық ғылымға жол ашу: білім, инновация және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында ауылшаруашылығындағы мүмкіндіктер мен жаңа белестерге жету жолдарын ұсынды.
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген осы. Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің туған жеріне жасаған ерен еңбегі көрініп тұр. Форумның осы ауылда өтуі, ауыл ажарын аша түскендей болды. Іс-шараны ұйымдастыруға себепші болған «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевқа форумға қатысушы іскер әйелдер өз алғыстарын жеткізді. Ауданның түрлі сала өкілдерінің қыз-келіншектерін ұйымдастырып апарып келген аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Досбол Дүйсембековке алғысымыз шексіз. Ауылымызға жақсы көңіл күймен оралдық.
Форум жайлы ойымды түйіндер болсам, оның ауыл әйелдері үшін жаңа бастама болғаны анық және өңіріміздің күнненкүнге дамып, гүлденіп келе жатқаны ерлермен бірге елін, жерін сүйетін ұлтжанды, өмірге кірпіш болып қаланған іскер де ісмер азаматшаларымыздың арқасы деп сеніммен айта аламын.
Талмаш ЖҰМАБАЕВА,
ардагер-ұстаз
















