» » ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА

ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА

Қазақ халқының атақты ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Елге пайдасы тиген ерлерді айтпасақ, ертеңгі бозбала бордай үгіліп, өз жеріне өгей бала болады» деген.
Демек бүкіл өмірін, бар білімін, қызметтік тәжірибесін Қазақ елінің іргетасын тұғырлы етуге жұмсаған ел мақтаныштарын ұлықтау келешек ұрпағымызға өнеге болатыны анық. Осындай ұлықтауға тиіс дара тұлға биыл туғанына 95 жыл толып отырған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков десем, барша жұрттың келісетіні анық.
Мен әдебиетші, журналист емеспін, ол кісімен қызметтес болған жоқпын. Бірақ облыстық партия ұйымын басқарған кезде аудандық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болдым. Сол кездердегі жиындарда айтылған сөздерді, көпшілік халықтан естіген әңгімелерді, ақпарат құралдарындағы жарияланған материалдарды саралай отырып кейінгі ұрпаққа Еркін Нұржанұлының ерен істерін қысқаша өзім білетін түйіндерін газет бетіне жариялауды мақсат еттім. Әрине оқып саралайтын жастарымыз болса.
Қысқаша өмірдерегіне тоқталсақ.
Еркін Нұржанұлы Әуелбеков 1930 жылы 22 маусымда бұрынғы Көкшетау қазіргі Ақмола облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы, Жаңасу ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Мәскеудегі К.Тимирязев атындағы Ауылшаруашылығы академиясының экономика факультетін бітірген. Еңбек жолында Солтүстік Қазақстан облысында МТС бас агрономы, директоры, облатком төрағасының орынбасары, төрағасы болған. 1965 жылдан бастап республикада ауылшаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, 1968 жылы Қазақстан астық өнімдері және мал азығы өнеркәсібі министрі, ал 1968-1985 жылдары Көкшетау, Торғай облыстарының партия комитетінің бірінші хатшысы, 1985-1989 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1989-1991 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің ұлттық саясат және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, 1991-1992 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Зейнетке шыққаннан кейін 1993-1998 жылдары туған жері Жаңасу ауылында шаруа қожалығын басқарған. 1999 жылы 29 қаңтарда Алматы қаласында дүние салған.
Ерен еңбегі ескеріліп, Социалистік Еңбек Ері (1973), үш мәрте «Ленин», «Октябрь революциясы», үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендері, медальдарымен марапатталған. Ғ.Мүсірепов атындағы аудан орталығында және Көкшетау қаласында ескерткіші орнатылған.
Кез келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі оның болмыс-бітімін айшықтап, қоғам игілігін көздеген ісін тізбектеу заңдылық. Белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанышына айналып, халық қызметіне бөленген азаматтар көп. Бірақ солардың бірен-сараны болмаса, көбінің есімі ел есінде қалған жоқ. Өйткені халық кез келген адамды атқарған лауазымды қызметіне ғана емес, елге сіңірген еңбегіне қарай бағалайды. Бұл орайда Еркін Әуелбековтің орны да, жөні де бөлек. Е.Нұржанұлының өзінің қызмет атқарған өңірлерінің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартудағы еңбегі ерекше. Әсіресе біздің облысты басқарған кездегі адамгершілік қасиеттері мен ел үшін еткен еңбегі аңызға бергісіз. Бүгінгі таңда қайраткердің жасаған еңбегін ұрпағына ұлықтап, насихаттап отыруда аға буын өкілдерінің ықыласы айрықша. Мемлекет және қоғам қайраткерінің 95 жасқа толу мерекесін атап өтуде елімізде жан-жақты ойластырылған шаралар ұйымдастырылуда.
Адал жүрегі мен қара терін жұрттың қажеті үшін арнаған тұлғаның аты қай деңгейде ұлықталып жатыр? Бүгінгі таңдағы ұрпақ ол кісі туралы қаншалықты хабардар дейтін болсақ, өткен ғасырдың 1970-1980 жылдарында қызмет жасаған қазақтың маңдайына біткен асыл перзентінің дара жолын насихаттау мақсатында ол кісінің азаматтық жарқын бейнесімен, халық жүрегінде сақталған ұлағатты ісі, жүріп өткен жолымен танысуға арналған ауқымды конференциялар, Әуелбековпен қызметтес болған кісілермен кездесу кештері ұйымдастырылса, мектептерде өмір жолымен жас ұрпақты таныстыру мақсатында ашық сабақтар, «Қайсар тұлға, қажырлы қайраткер» тақырыбында танымдық апталығы, «Дара тұлға», «Азамат», «Қазақтың асыл перзенті», «Туған жер перзенті», «Өлке даңқын асырғандар», «Көкшенің асыл перзенті» кітаптары бойынша оқырмандар арасында сұхбат-талқылаулар өткізілуде. Ақпарат құралдарында түрлі жариялымдар жасалып, ұлан-ғайыр еңбектерімен танысып, білімді, білікті, ұйымдастырушылық қасиеті жоғары, қарапайым, халыққа жаны жақын азаматтар ғана ел басқаруда игі жетістіктерге қол жеткізе алатыны айқын көрініс табуда.
Ал енді біздің аймақты 1985-1989 жылдары басқарған уақытта қандай қиын түйінді мәселелерді шешумен айналысты дейтін болсақ?
Ең алдымен өңір тұрғындарының дені сау, сау-саламат өмір сүруін, хал-жағдайының жан-жақты жақсаруын, тең дәрежеде еркін жағдайда болуын басты назарда ұстады. Өзі бастап көтерген «Арал тағдыры – адам тағдыры» қоғамдық қозғалысы арқылы Арал өңірін дамытуға байланысты көптеген идеясын іске асырды. Аралдың экологиялық апат өңірі екені туралы мәселені жалпы мемлекеттік және халықаралық деңгейге алғаш көтерген де, оның зардаптарын жоюға бағытталған мемлекеттік шешімдердің бірінші бастамашысы болған – сол кісі. Яғни, «Арал теңізі ауданындағы экологиялық және санитарлық жағдайды түбірімен жақсарту туралы» белгілі қаулының дүниеге келуіне негіз қалады. Еркін Нұржанұлының ұсыныстары нәтижесінде «Қазақ КСР-і Қызылорда облысының әлеуметтікэкономикалық дамуын жеделдету шаралары туралы» КСРО Министрлер Кеңесінің 1986 жылы 25 желтоқсандағы №1536 арнайы қаулысы шықты. Облыс тұрғындарына 15 пайыздық жалақыға қосымшаны, кейінірек одан да көлемді экологиялық коэффициентті алуы, еңбек демалысына шыққанда қосымша материалдық көмек төленуі, демалысқа тағы 9 күн қосылуы сол кездегі обкомның бірінші хатшысының қажырлығы мен қайратының арқасы еді. Облысты үшінші категориядан екінші категорияға көтерді. Бұған дейін экология деген сөздің өзі біздің қолданысымызда жоқ болатын. Бұл игіліктерді қазіргі біздің егеменді еліміздің азаматтары көріп отыр.
Жалпы Қызылорда облысы бойынша ерекше маңызды одақтық дәрежеде бес партиялық, мемлекеттік құжаттар қабылдатты. Бұған дейін 1938 жылы облыс құрылғаннан бері қарай да, одан кейін де облысты басқарған басшылар одақтық деңгейде мәселе көтеріп, бірде-бір құжат қабылдануға қол жеткізбеген болатын.
Қолға алған мәселеде көздеген нәтижеге қол жеткізу үшін Мәскеуде Партияның Бүкілодақтық ХIХ конференциясында Арал проблемасын экологиялық апат аймағы деп тану туралы баяндама жасап, облыс тұрғындарының еңбекақысына аудандық коэффициенті енгізудегі жеткіліксіз жұмыстары туралы қаржы министрі (Гостев Б.И.) мен мемлекеттік еңбек комитетінің төрағасы (Гладких И.М.) және экологиялық апат аймағына келіп нақты жағдайды білмегені үшін денсаулық сақтау министрін (Чазов Е.И.) қатаң сынға алған. Соның нәтижесінде 1988 жылы 29 тамызда КСРО Министрлер Кеңесінің №1733-Р қаулысы қабылданып, облыс тұрғындарына тиісті жеңілдіктер қарастырылды.
Сонымен қатар тұрғындар денсаулығын басты назарға қойып, денсаулық мекемелерінің жұмыстарымен жан-жақты танысып, кәсіби маман дәрежесінде талап қоя білді және базасын жақсарта түсті. «Арал-Сарыбұлақ» топтық ауызсу жүйесі тартылды. Тіпті тұрғындардың физиологиялық нормаға сәйкес азық-түліктерді пайдаланудың әр аудан бойынша тұтыну есептері алынып, сәйкестендіру жайлы міндеттер қойылды. Базарлар мен дүкендерді аралап көріп, санитарлық тазалығы мен бағасына назар аударып, тиісті құрылымдардың жұмыс жасауына бақылау орнатты. Ленинск қаласы қалдық суларының Сырдария өзеніне түсуін ерекше алаңдарлық жағдайға жатқызды. Жедел қалпына келтіруді талап етіп, космодром басшысы мен генералдарды облыстық партия комитетіне мәселесін қарауға шақырды. Облыс басшылығымен санаспайтын, Қызылорда қаласынан бейхабар, өздерін айға балаған, әлем бойынша 2-ші болып ғарышты игерген Герман Титов бастаған генералдарды облыстық партия комитетіне есеп беру үшін келуге, тіпті қабылдауды күтіп тұруға мәжбүр еткен. Бұл Еркін Нұржанұлының принципшілдігінің, қажырлылығының, қайраткерлігінің, біліктілігінің, өз құзырын пайдалана білуінің нәтижесі еді. Орын алған кемшілік жедел қалпына келтірілген.
Ауыл мәдениетінің арттырылуына, басшылардың қарапайым тұрғындардан бөлектенбеуіне, мамандардың тікелей өз жұмыстарымен жұмыс жасауына басты назар аударды. Облыс бойынша басшылардың өмір сүру жайына, тұрғын үйлеріне көңіл бөлінді. Кеңсарайдай үй салғандар, айналасын қамал сияқты тіпте бетон плитамен қоршағандар қарапайым үйлерге көшуге, қамал қоршауларын шартақпен ауыстыруға мәжбүр болды. Босаған ғимараттар білім, денсаулық, мәдениет мекемелеріне жұмыс жасауға берілді. Мұндай жағдай біздің ауданда да орын алды. Мұның бәріне жалпы тұрғындар риза болды.
Сонымен қатар түрлі науқанды жұмыста ауданның өзінен аудандық партия комитетінен, атқару комитетінен, ауылшаруашылығы басқармасынан, аудандық бақылау комитетінен әр шаруашылыққа, тіпті фермалар мен бригадаларға өкілдер бөлініп шұбырып жүретін. Жергілікті басшылар өз жұмыстарын жасаудан бұрын өкілдерді жайлаудың, тамақтандырудың, жатып тұратын жайлар дайындаудың қамын ойлайтын.
Міне мұның бәрі жұмысқа кедергі еді және олардың көпшілігінің жүріп-тұруы үшін қосымша көліктер қажет болатын. Міне осы жағдайға қаныққан Е.Әуелбеков барлық шаруашылықтарда қонақ үйлер мен асхана болуын талап етті және негізінен іске асты.
Сол кезеңде егін жинау науқаны ерекше майдан болды. Басқа облыстардан жүздеген машина, әскерилер, студенттер мен мекемелердің қызметкерлері және аудандағы барлық мектептің оқушылары егін жинауға жұмылдырылатын. Міне мұның бәрі келгендерді өз жұмыстарынан, студенттер мен оқушыларды білім алуынан тыс қалдырса, шаруашылықтарды шығынға ұшырататын. Тіпті есепсіз, берекесіз жағдайлар да қалыптасатын. Бригадирлер, мамандар бір-бір машинаға еге болып, өз тіршіліктерімен айналысып кететін. Осы жағдайларды зерделеген хатшы сырттан машина алдыруды да, қосымша адам күштерін тартуды да тоқтатты. Жоспарлы жұмыс атқарыла бастады. Егіс алқабынан қырманға астық тасу шаруашылықтардың өз техникасымен, ал қырманнан аудандық астық қабылдауға аудандық автокөлік кәсіпорын машиналарымен атқарылатын болды. Камаз көліктеріне екі тіркеме жегіп тасыла бастады. Қырмандар механикаландырылды. Сөйтіп, шаруашылықтар экономикалық жағынан тиімділікке қол жеткізе бастады.
Дақылдар егуді әртараптандыру, сапалы тұқымдар егу, агротехниканы қатаң сақтау, суды үнемді пайдалану үнемі назарда болды.
Мал шаруашылығына да ерекше көңіл бөлінді. Әр шаруашылыққа барғанда өндіріс тиімділігіне, экономикалық жағдайына жан-жақты талдау жасалып отырды. Әрбір тиімді жұмыс облыстың басқа шаруашылықтарына да таратылды. Сол кезде Жалағаш ауданы Жаңадария совхозында директор болып жұмыс жасаған Нәжмадин Ысқақов ағай Е.Әуелбековтің совхозға келіп жұмыспен танысқанын, қой бордақылау алаңын көріп, ризалығын білдіріп, облыстық семинар жасауға тапсырма берген. Өзі бас болып облыстың барлық шаруашылықтарының басшылары мен мамандары, аудан басшылары келіп танысып, тәжірибе алмасқанын айтады. Ол жұмыс одан әрі қарай жалғасын тапты. Біздің ауданда да Қармақшы, Қуаңдария, Жаңақала кеңшарларында бес мың бастық бордақылау алаңдары жұмыс жасап, мал өнімділігі артып, тиімді бола бастады. Міне осындай жағдай біздің Қармақшы кеңшарында да жасалды. 1985 жылы обкомның бірінші хатшысы Е.Әуелбеков совхозға келіп, шаруашылықпен жан-жақты танысады. Әсіресе шаруашылық есеп, арендалық әдіс жұмыстары мен кірпіш цехының жұмыстарына қатты көңіл бөледі. Облыстың басқа шаруашылықтарында кірпіш өндіру болмағандықтан «Қармақшы совхозындағы күйдірілген қыш өндіру цехының жұмыстары және шаруашылық әдіспен құрылыс салу жолдары жайлы» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өткізілген. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде облыс шаруашылықтарының біразында күйдірілген қыш шығаратын цехтар пайда болған. Шаруашылықтарға табыс әкеліп қана қоймай, құрылыс салу жұмыстары жандана түскен. Облыстың партия комитетінің бюросында «Қармақшы совхозының толық шаруашылық есеп және өзін-өзі қаржыландыру жағдайында жұмыс істеу тәжірибесі жайлы» мәселе қаралып, тиісті қаулы қабылданған. Нәтижесінде совхоз базасында озат тәжірибе мектебі құрылып, облыстың шаруашылықтарында енгізіліп, жылды пайдамен қорытындылайтын совхоздар қатары арта түскен. Пайданың есебінен бірнеше өндірістік, әлеуметтік нысандар салынып, орталық паркте субұрқақ, бассейн жасалған. Жаяу жүргіншілер жолы төселіп, жасанды көл жасалып, катамаранмен серуендеу, демалу жүйелері іске қосылған. Е.Нұржанұлы барлық болған жерлерінде ауылдың тұрмыс жағдайын жақсартуға, экономикасын көтеруге байланысты зерттеулерін, ұсыныс-пікірлерін, тапсырмаларын хаттамалық шешім жасап, орындалу мерзімін көрсетіп, бақылауға алып, ақпарат алып отыратын.
Ол кезде Одақтың съездері мен сессиялары 10-15 күнге созылатын. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуына көмекшісі К.Махамбетов тексеру жүргізетін. Бір тексеруінде Жаңақала совхозынан бастап Қармақшы совхозына дейін, аудан орталығында 3 күн бірге жүріп барлық жағдайға қанықтық. Әр тапсырманың орындалуы қандай дәрежеде, орындалмай жатса себебін нақтылап қорытындысын аудандық партия комитетінде жинақтадық. Тиісті аудандық мекемелер басшылары қатысты. Олардың тарапынан кемшілік болса, әрі қарай іске асыру мерзімі белгіленді.
«Октябрь» кеңшарында әскерилер салып жатқан орта мектеп құрылысы жұмысымен таныстық. Әскери бөлім командирі тапсырманың мерзімінде орындалатынын баяндады.
К.Махамбетов қорытындысын бірінші хатшыға жанжақты баяндап, күрделі жағдай болса облыстық мекемелерді жұмылдырылатынын айтты.
1985 жылы қаңтар айында Қызылорда облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған бойдан аймаққа Республикалық басшының тарапынан ірі өндіріс орындарын ашу мен Сыр өлкесінің жер астындағы жатқан кендерді өндіру ойластырмағанын білген. Облатком төрағасы Ы.Қалиевпен ақылдаса келе 1984 жылы бұрғылаған кезде мұнай көзі табылған Жезқазған облысының Құмкөл аймағын пайдалану мерзімін ұзарту қажеттігі айқындалады. Ол үшін Жезқазған облысының басшысы Н.Давыдовтың келісімін алу керек болған. Түсінісу өте қиын болғанына қарамастан құжатқа Давыдовтың қолын қойдырады. Сол құжатты алғаннан кейін 27 наурыз 1985 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №113 қаулысы шығып 2210,9 гектар жер 25 жылға жалға алынады. Одан әрі одақтың компартия хатшысы мен мұнай өнеркәсібі министрлігімен ерекше жұмыс жасап, «Құмкөл» мұнай-газ кешенін игерудің барлық шартын қолға алып, Қызылорда облысын республикадағы мұнайлы өлкеге айналдырады. Жеңіл және жергілікті өнеркәсіпті дамытудың мүмкіндіктерін пайдалана білді. «Рисмаш» зауытын қолға алып, алғашқы жаткаларды шығара бастады. Қызылордада, Аралда, Жаңақорғанда жаңа өнеркәсіп орындары ашылып, іске қосылды. Одан әрі «Шалқия» руднигін салып, іске қосып өнеркәсіпті аймаққа айналуға негіз қалады. Бұл игілікті істе облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттырды. Тұрмыс-тіршілігі жақсарып, еселі еңбек етуге негіз қалады.
Еркін Нұржанұлының өзіне тән ерекшелігі ол – пенделік осалдыққа берілмейтіндігі, яғни халыққа адал қызмет етуден басқаға мойын бұрмайтындығы болды. Сондай қызмет етуді өзінің айналасындағы қызметкерлерден талап етті, оған илікпейтіндерді тәртіпке шақырды. Жалпы жұртшылықты өзімен тең дәрежеде санап, ұсыныс-пікірлерімен санасып, оны әділетті түрде шеше білді, шешілмегендерінің себебі түсіндірілді. Осыдан соң республикаға, одаққа арыз жазушылар қатары сап тыйылған. Басқадан жеке басыма алсам, пайдалансам деген пиғыл болмаған. Сол кездегі облыстық тұтынушылар одағының төрағасы Ж.Сарбалақов облысқа 3 дана түрлі-түсті телевизор келді дейді. Соның біреуін өзім бас болып Е.Әуелбековтің үйіне құрып беріп, ол кісіге құрмет көрсеттім деп риза болып кеттім. Ертеңіне мені шақырып жатыр деген соң барсам, ризашылық орнына кейістік естіп, телевизорды апарып бір малшының немесе егіншінің үйіне құрып беріп, сол жерден нақты хабарын айтуды міндеттеді. Қарапайымдылығы сондай жұмысына елхалық қатарлы жаяу барып келетін болған. Ол кісіге дейінгі де, кейінгі де хатшылар үйінен шығарда да, қайтар да қызметтік көлігін күттіріп, алдында МАИ қызметкері сиренасын қосып ерекше сән-салтанатпен жүрген. Мұндай қарапайымдылық мысалдарын көптеп келтіруге болады.
Ерекеңнің осындай облысқа еткен жанкешті еңбектерін бағалап теміржолдың қақпасы саналатын вокзалдан бастау алатын көшесіне және дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатына Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің есімі беріліп, ауласына қайраткерге арнап мәрмәр тастан бюст қойылған. Менің түсінгенім, адам қарапайым, жұмысына адал болса өзінің алға қойған мақсаттарына жетеді.
Біртуар атпал азаматтың жарқын бейнесі, еңбек жолы Сыр елінің жүрегінде. Ізгі істерімен тарих бетінде өшпес із қалдырды. Еркін Нұржанұлының өзіндік еңбек мектебі-тәлімі мол қазына қайнары бола бермек.
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
18 қараша 2025 ж. 63 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10456)

18 қараша 2025 ж.

№87 (10455)

15 қараша 2025 ж.

№86 (10454)

11 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.
ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 875
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 589

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930