ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМНЫҢ ТОҒЫСЫНДА
Қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүрлі ақындық поэзия мұралары халқымыздың көркемдікэстетикалық дүниетанымын танытады. Мұзарап Жүсіпұлының әдеби мұрасы – дәстүрлі ақынжыраулар шығармашылығына тән тарихи-поэтикалық ерекшеліктерді жинақтаған рухани құндылықтарымыздың бірі. Оның шығармашылығына тән ақындығы, ән туындатқан композиторлығы, әнші, күйші, термеші орындаушылық өнері, сонымен бірге халық мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізген жинаушылығы – бәрі де рухани мәдениетіміз тарихындағы өнер қайраткері тағылымының айқын көрінісі.
Мұзарап Жүсіпұлы 1905 жылы Қармақшы өңіріндегі Қуаңдария болысының №2 ауылында орта дәулетті, атақты ақын Кете Жүсіптің отбасында дүниеге келген. Нақтылап айтсақ, «Ақтайлақ» елді мекенінде туған. 12 жасқа дейін Жақып Шәмшиев атты жас молдада оқып, кейін молдамен келіспей оқуды тастап кетеді.
Мұзарап ақын 1958 жылдың 28 мамырында өз қолымен жазған өмірбаянында «Он үш жасымнан бастап ортаға түсіп домбырамен өлең айттым. 20 жасқа келгенше сол өлең айтумен шұғылдандым» деген.
Ол сол кездегі ауыл балаларының басынан кешкен кезеңдерінің бәрінен де өтеді. Ара-тұра той-томалақтарда «Той бастау», «Ат сыны», «Қыз сыны» сияқты өлеңді шығаруды қолға алса, 25-30 жастың ішінде шағын айтыс-қағысулар, әзіл өлеңдер шығарады. Ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі 1933 жылы аудандық «Екпінді» газетіне жарияланады. Жалпы Мұзарап ақын алғашқы өлеңдерін 1924 жылы жазғанға ұқсайды. Шығыс халықтарының аңыздары мен ертегілері желісімен «Тамшы» (1925), «Үш насихат» (1926), «Үш жұмыртқа» (1927), «Самұрық» (1948), «Бақытты бала» сияқты қисса-дастандар шығарған. 1936 жылдан бастап ақынның өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып келді. 1957-1958 жылға дейін ақын жүзге жуық өлең жазған. Оның көпшілігі баспасөз беттерінде жарық көрген.
Мұзарап Жүсіпұлы кезінде Тұрмағамбет Ізтілеуовтен дәріс алып, өзіне ұстаз тұтқан. Өз әкесі Кете Жүсіптен ақындық жолды түсіне өскен-ді. Ақынның өзі жазғанындай өзінше сауатын ашып ескіше де, жаңаша да оқитын, жаза алатын дәрежеге жеткен. 1926-1936 жылдар аралығында өзі оқыған мектепте мұғалім, 1937-1943 жылдары колхоз есепшісі болған, 1943-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Соғысқа аттанар алдында, одан кейін майдан даласында да өлеңдер жазған. 1946-1955 жылдарда «Ақжар» колхозында есепші, Ленин атындағы совхозда 1966 жылға дейін жұмысшы болып істейді.
М.Жүсіпов 1961 жылдан бастап өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қоғамдық тілшісі болып қолжазба, музыка бөліміне Сыр еліндегі көптеген ақын-жыраулардың шығармаларын тауып, жинап тапсырып отырған. Әсіресе, 1965, 1966 жылдары баспадан шыққан «Айтыс» кітабындағы көптеген шығарма жинағандардың бірегейі осы Мұзарап ақын болатын. Әкесі Жүсіп сияқты Мұзарап та негізінен айтыс ақыны болған. Ол М.Құлмырзаевпен 1927 жылы, Ә.Тұрмағамбетовпен 1928 жылы, Әбдіуайт Оңалбаевпен 1929 жылы, Ш.Шегебаевпен 1942 жылы, Н.Молыбаевпен 1965 жылы, Ә.Әлиасқаровпен және Н.Молыбаевпен (1965-1969 жылдары) айтысқа түсіп, аудан, ауыл және қоғамдағы орын алған олқылықтарды, келеңсіз істерді сынап отырған.
М.Жүсіповтің ақындық ғана емес, шебер жыршы-жыраулық және сазгерлік қабілеті болған. Оның қаламынан «Тасқын», «Үш бөлім», «Балымша», «Шынар-ай» атты өлеңдері күні бүгінге дейін айтылып, халқымыздың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналған. Тіпті «Балымша» мен «Шынар-ай» халық әні деп те аталып жүр.
Шындығында бұл әндердің авторы – халық ақыны Мұзарап Жүсіпов. Академия қызметкерлері М.Жүсіповтен 1962 жылы 34 әнді таспаға түсіріп, 20 мың жолдан астам ауыз әдебиет үлгілерін жинап алған.
«Тегіне тартып ұл туар» демекші, өз әкесі Жүсіп, оның әкесі Ешнияз салдан бастау алған ақындық, жыраулық өнер Мұзараптың баласы Сабытқа, одан немересіне жалғасқан.
Ақын өмірі тақтайдай тегіс болған жоқ. 1932 жылдың ашаршылығына ұшырап, бірер жыл Өзбекстанда болып келсе, елде қалған шешесі мен қарындасы қайтыс болыпты. Ақын егіле отырып әулет қорымында тұрып «Анама», «Әкеме», «Қарындасым Мінуарға» атты өлең шығарып, іштегі дертін басады. Соғыстан кейін бейбіт өмірге қосылып ел өміріне белсене араласады. Мұзарап ақынның үлкен баласы Сабыт ата әскерде болып, елге аман-есен оралғаннан кейін Жосалыдағы автобазада бухгалтер болады, ұрпақтары бар. Мұзекеңнен Сабыт, Саягүл, Сәулегүл, Жеңіскүл, Мәдина, Сағида, Сағит, Бануша туған. Ақын немере-шөберелерін көрген адам.
Шабыты шалқар теңіздей, дауысы күмістей ағамыз – Сыр сүлейлерінің алтын көпірі болған ардақты да абзал азамат, үздік ақын-жырау, сазгер, әнші Мұзарап Жүсіпов 1972 жылы туып-өскен жері қазіргі Тұрмағамбет ауылында қайтыс болады.
Мұзарап ақынның туғанына биыл – 120 жыл. Қанша уақыт өтсе де елінің есінен есімі ұмытылмасы анық. Өзі өлгенмен артында мол мұрасы, талантын таныған халқы қалды.
Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері















