» » АЛПЫС ЖЫЛ – ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ІЗ

АЛПЫС ЖЫЛ – ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ІЗ

Сыр бойы, Қармақшы жері, Төребай би ауылы – нағыз еңбекпен біте қайнасқан еңбекқор жандар мекені. Сонау 1965 жылы алғаш рет кеңшар болып құрылғанында небәрі 5 адам ғана ел аралап, сол жердің қазығын қаққан. Осы ауыл өзінің 60 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Ел тарихымен тамырлас, еңбегі мен өнегесі тоғысқан киелі мекен бұл күні ерекше мерей мен шаттыққа бөленді.
Мерекелік іс-шара ауыл орталығындағы алаңда ұйымдастырылып, төребайбиліктермен ауылдың қадірлі қонақтары бас қосты. Алаң безендіріліп, ұлттық нақыштағы әшекейлер мен баннерлер ауылдың мерейлі жасын айшықтаған. Ауыл асылдарын ардақтаған алты киіз үй алыстан менмұндалап көз тартады. Ел тарихынан сыр шерткен көрме, балалар көзімен айшықталған ауыл бейнесінің суреттері қаз-қатар қойылған. Бір үйдің баласындай біріге іс қылған ауыл жұрты ерекше көңіл күйде ауданнан арнайы келген қонақтарды құрметпен қарсы алды.
«Жосалым – көк табанның сабатында» атты салтанатты жиын аудан өнерпаздарының орындауындағы елді мекеннің құрылу тарихын бейнелеген әсерлі көрініспен ашылып, сахна төріне шыққан ардақты тұлғалар ауылдың өткені туралы тағылымды ой толғады.
Олар – кеңшар директоры Орныққан Қазиев, прораб Пахреддин Байшораев, шофер Қуаныш Ысқақов, Мәлік Ұзақов және Ахмет Амантаев сынды ақсақалдар осы ауылдың алғашқы іргетасын қалаған жандар еді. Ойлы көріністен соң, осы ауылдың төл перзенті Берік Аққалиев туған жерге деген арнауымен кеш шымылдығын түрді.
Тағылымы мол, тарихи жиынға аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудан ардагерлері, ауыл тұрғындары мен жастар белсене қатысты. Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Жандос Еркінбек алып, ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға ізгі лебізін білдірді.
– Біз бәріміз үшін ерекше мереке – Жосалы ауылдық округінің 60 жылдық мерейтойын атап өтіп отырмыз. Бұл атаулы күн ауылымыздың тарихи өркендеуі жолындағы үлкен белес. Төребай би – ел тәуелсіздігі мен бірлігін нығайтқан, әділдігімен, парасатымен халық жадында қалған ұлы тұлға. Бүгінде оның есімі берілген ауылдың 60 жылдық тарихы – бір ғана елді мекеннің емес, тұтас өңірдің даму жолындағы маңызды кезең. Елді мекен тарихы 1965 жылы Жосалы ауылының құрылуынан бастау алады. Сол жылы алғашқы еңбеккерлер мен жас мамандар келіп, шаруашылықтың іргетасын қалаған болатын. Солардың қатарында ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен алғашқы директор Орныққан Қазиевтің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол 1965-1979 жылдары ауылдың әлеуметтік және мәдени өмірін қалыптастырып, шаруашылықтың өркендеуіне зор үлес қосты. Сол рухтың берік ізімен, ауылымыз алпыс жыл бойы дамып, ауданымыз өркендеп келеді, – деген аудан әкімі ауылдағы оң өзгерістерге де кеңінен тоқталды.
Расында, алпыс жыл – бір ауылдың қалыптасып, өзінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени негіздерін қалыптастыратын кезең. Осы жылдар ішінде Төребай би ауылы еңсесін тіктеп, ынтымағы жарасқан, берік елді мекенге айналды. Бүгінгі таңда ауылдың келбеті айрықша көркейіп келеді. Көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары ауқымды түрде жүзеге асырылуда. Мысалы, П.Байшораұлы көшесінің жарықтандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүзеге асырылған. Бұл көшенің жарықтандырылуы тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып отыр.
Ауылдың инженерлік инфрақұрылымы да жылдан-жылға жақсарып келеді. 2008 жылдан бастап ауылға ауыз су жүйесі тартылып, бүгінде әрбір тұрғын үй таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ауылдың орталық алаңы толығымен абаттандырылып, тиісті жұмыстар да аяқталған. Осындай игі істерді тізбектеген аудан басшысы:
– Барлық осы жетістіктер – елдің бірлігі мен ынтымағының, ауыл азаматтарының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Алдағы уақытта да Жосалы ауылдық округін көркейту, инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады. Осы мерейлі сәтте сіздердің әрқайсысыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Төребай би ауылының болашағы жарқын болсын! Мерейтой құтты болсын! – деп құттықтауын жеткізіп, Алғыс хат пен ауылдың 60 жылдық мерейлі мерекесіне арналған төсбелгілерді табыстады.
Мерекелік концерт «Шуақ» әжелер ансамблінің әуезді әнімен басталып, жастар мен ауыл өнерпаздарының орындауындағы туындылармен жалғасты. Сондай-ақ ауылдың мерейлі белесіне арналған қолөнер және сурет байқауы мен «Асыл мекен – жүректегі жыр-әнім» атты жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өткізілді. Байқау үдесінен шығып, жеңіс туын желбіреткен жеңімпаздар мен барша қатысушылар марапат төрінен көрініп, қаржылай сыйақыға ие болды.
Елді мекеннің мерейлі мерекесі ұлттық спорт түрлерімен де айшықталды. Ауыл алаңында қазақ күресі, қол күрес, арқан тартыс, гір тасын көтеру секілді спорттық сайыстар өтсе, сонымен қатар бәйге жарысы ұйымдастырылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Әр сайыстың жеңімпаздарына ауыл азаматтары демеушілік жасаған. Тартысты додада белсенділік танытқан жастар мен ауыл тұрғындары бағалы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ жыраулар шеруі, «Жосалым – көк табанның сабатында» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі, мектептің үздік оқушыларын марапаттау, тағы басқа іс-шаралар өтті.
Алпыс жылдық тарихы бар Төребай би ауылы бүгінде бірлігі жарасқан, еңбегімен еленген елді мекенге айналғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ауылым деп алыстан келген ағайын ауылдастың ақ көңіліне асқан ризашылықпен, туған жерінің жарқын болашағына деген зор сеніммен тарқасты. Төребай бидің 60 жылдығы – тек мерейтой ғана емес, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті, ұрпақтар сабақтастығын ұлықтаған мәнді шара болды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
30 қазан 2025 ж. 80 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10450)

29 қазан 2025 ж.

№81 (10449)

25 қазан 2025 ж.

№80 (10448)

21 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 756
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 494

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031