"Үлгілі ауыл" атандық
Рима ТҰРМАНОВА, ІІІ Интернационал ауылының кітапханашысы, онлайн орталығының жаңалықтар үйлестірушісі:
– Биыл мен үшін де, ауылымыз үшін де толағай табыс пен жақсылық жылы болды. Себебі ауылға келген инвестор «Абай Дәулет», «Достық Жер МК» ЖШС директоры Мұрат Абайұлының демеушілігімен біршама жұмыс атқарылды. Атап айтар болсақ, ауыл көшелері жарықтандырылып, айналамыз нұрға бөленді. Шаруашылық үйі, мәдениет сарайы, қонақ үй күрделі жөндеуден өтті. Одан бөлек орталық алаңда балаларға арналған ойын алаңы ашылса, онлайн кітапхана жанынан жастарға заманауи Coworking орталығы жабдықталды.
ІІІ Интернационал ауылы облыс көлемінде ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанып, 10 млн теңгелік сертификатты иеленді. Осы жылдың тағы бір жағымды естелігі жаз мезгілінде ауылдың зейнеткерлеріне арнайы «киіз үй» тігіліп, онда үлкендер аптасына екі рет жиналып жастарға өсиет, мәнді әңгімелер айтып отырды. Сонымен қатар«Алтын дән – 2019» мерекелік шарасында 6 еңбек бригадирі көлік тізгіндесе, барлық еңбеккер бағалы сыйлықтар және қосымша сыйақымен марапатталды. Осылайша биыл ел мерейі асып, ауыл үшін берекелі де мерекелі жыл болды.
Жаңа жылға ауылымыз көпұлтты мекен болғандықтан, бір шаңырақ астындағы халықтар достығы мен өзара түсіністігі нығайа түсіп, ынтымақ, бірлігіміз жараса берсін деген тілегім бар.