МҮШЕЛ ЖАС
Халқымыздың дәстүрлі уақыт өлшеу жүйесіндегі ерекше орны бар ұғым ол – мүшел жас. Яғни, адам жасын есептеу үлгісі. Ол адамның өміріндегі жылдарды 12 жылдық циклмен қайталанып отыратын жас кезеңдерін білдіреді. Мүшел жас тек жас мөлшері емес, сонымен қатар өмірдегі маңызды өткел, жаңа кезеңнің бастауы ретінде де қабылданады.
Жыл қайыру, мүшел жасты есептеу көне түркілерден бастау алып шығыс елдерінің кейбірінде таралған. Қазақ қоғамында баланың 13 жасқа толуы алғашқы мүшелі деп саналады, яғни бір мүшелді толтыру. Одан кейінгі мүшел жасы әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп толып отырады. Ол адамның биологиялық қасиеттеріне де тән құбылыс болғандықтан, әр мүшел ішінде адамның өзіне тән қасиеттері мен болмысы қалыптасады. Әр мүшел рухани және физикалық жағынан өзгеріске ұшырайтын кезеңі. Мысалы, бірінші мүшел балиғатқа толуға байланысты болса, екінші мүшел ат жалын тартып мінген жастың есейген шағы, үшінші мүшел адамның қайрат-жігері тасып, оңдысолын таныған шағы деп физиологиялықпсихологиялық жетілулерін меңзейді. Үшінші мүшел 37 жас орта жасқа өту болса, төртінші мүшел 49 жас толысқан шақ, бесінші мүшел 61 жас қартаю кезеңінің басталуы, мүшелдер арнайы ғұрыптар арқылы аталып өтілген. Олар: жарты мүшелге келген ұл баланы сүндетке отырғызып, қыз баланың құлағын тесіп, «сырға тағу», тағы басқа.
Мүшелден мүшелге өту аралығындағы жаста адамға қауіп-қатер жақын болады деп есептеліп, тән мен жанның өзгеріске ұшырайтын тоқырау кезі, белесі деп саналады. Оның философиясын терең түсінуге тырысады. Бұл есеп жүйесін тұрмысқа ертеден енгізіп, оған ұлттық таным мен сенім тұрғысынан ерекше мән берген. Бірінші мүшел неліктен 13 жас деп есептеледі? Мұның жауабы, дана халқымыз шарананың ана жатырындағы уақытын да қосып есептеген. Әрі қарай әр мүшелге 12 жылдан қосылып есептеліп отырады. Асыл дініміз исламда он үш жасты балиғат жас десе, 25 жасты рушд жасы деп атаған. Рушд дегеніміз – меншігіндегі мал-мүліктің қадірін түсінетін, ақыл-ойы жетілген шақты айтады. Мүшел жасқа шыққанда адам өзінің қимас затын жора-жолдасына беріп, ауызы дуалы адамнан батасын алған. Рухани тұрғыдан алғанда сергектікке, өмір жолын дұрыстауға бағытталған. Өзіне төнген қауіп-қатер, сырқат садақа беру арқылы кетеді деп сенген. Тіпті кей кісілер мүшел жасты тура айтпай не кемітіп, не асырып айтатын болған. Көз бен сөздің сұқтығынан сақтанған.
Бірінші мүшел – балалық,
Екінші мүшел – жиырма бес,
Майданға кірер қол алып.
Отыз жеті – үшінші,
Енетін кезі сана нық.
Қырық тоғыз – төртінші,
Білінер бойдан даралық,
Бесінші мүшел – алпыс бір,
Өсиет айтар даналық,
Алтыншы мүшел – жетпіс үш,
Жастығың келмес оралып,
Жетінші мүшел – сексен бес,
Денсаулық қалар тоналып,
Бұдан соң келген мүшелдер
Жатпайды тіпті саналып, – деген өлең жолдары да адамның мүшел жасын айқындап тұрғандай. Бүгінгі қоғамдағы технология мен медицина қанша дамығанымен мүшел жас туралы таным маңызын жоғалтқан жоқ. Ол өмірлік философия, уақыт пен жасты тану, өзіңді тану мен бағалау мәдениетінің көрінісі. Жауапкершілік пен жаңарудың символы.
Е.ЖЫЛҚЫБАЕВ,
№27 мектептің тарих пәнінің мұғалімі















