ҚАРТТАР ҚАРМАҚ ІЛГЕН СӘТ
Ауданда «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қазыналы қариялардың қатысуымен балық аулау сайысы ұйымдастырылды. Ерекше форматтағы бұл шара аудан әкімдігінің қолдауымен өтті.
Жай ғана жарыс емес, өмірлік тәжірибесі мол аға буын өкілдерінің бір-бірімен еменжарқын жүздесіп, табиғат аясында демалып, сергек күйде уақыт өткізуіне мүмкіндік берген шара – салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі болды.
Жиын барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, бұл шараның мән-маңызына тоқталды.
– Біз ардагерлерімізді тек мерекелік күндерде ғана емес, күн сайын қолдап, оларға әрдайым көмек көрсетуге дайынбыз. Бүгінгі іс-шара – сіздерге деген ерекше ықыласымыздың, алғысымыздың белгісі. «Қариясы бар ел – қазыналы ел» екенін ешқашан естен шығармай, сіздерге қамқорлық жасау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Сіздердің ақ баталарыңыз бен игі тілектеріңіз – біз үшін қашанда бағалы. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасы амандығын тілеймін, – деді аудан басшысы.
Сайыста қариялар өзара тәжірибе алмасып, табиғат аясында шынайы көңіл күйде уақыт өткізді. Балық аулау сайысының қорытындысы бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген ардагерлер Алғыс хаттармен және арнайы сый-сияпаттармен марапатталды. Сондай-ақ оларға «Үздік балықшы», «Сабырлы балықшы», «Ең қарт қатысушы» сияқты номинация беріліп, ардагерлерге деген құрмет айқындала түсті.
Шара барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков «Ардагерлер үшін осындай рухани серпіліс беретін шаралардың маңызы зор. Бұл – біздің қоғамның қарияларға деген құрметі мен сүйіспеншілігінің белгісі» деп атап өтті.
Айта кетейік, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында бұған дейін аудан қарияларына арналған тарихи-мәдени орындарға танымдық сапарлар ұйымдастырылған болатын. Ал бұл жолғы балық аулау сайысы – осы жобаның дәстүрлі шараларының бірі.
Қармақшы даласы тағы бір мәрте ардақты ақсақалдардың күлкісі мен кең пейілін естіп, ерекше шараның куәсі болды. Қарияға құрмет – елге береке. Осындай өнегелі істер ұрпаққа үлгі, көпке өнеге болмақ.
















