ШЫНАЙЫ ЕҢБЕКТІҢ ШУАҒЫ
Ауыл – еңбектің, қарапайымдылықтың, шынайылықтың бесігі. Осындай ортада өскен жан да өмірге нақты көзқараспен қарайды. Қол қусырып отырмай, қай кезде де адал еңбекпен тіршілік етіп, маңдай термен отбасын асырап жүрген жандар – нағыз үлгі. Солардың бірі – Нұргүл Сейітова.
Бүгінде Ақжар ауылдық клубында қарапайым қызметкер болып жұмыс істейтін ол жаз бойы қарап отырмай, түрлі үй жөндеу жұмыстарына тапсырыс қабылдап, қолөнер мен құрылыс жұмыстарын қатар алып жүр. Нұргүл клубтағы негізгі жұмысына ұқыпты, жауапты қарайды. Ауылдық шаралар мен мәдени іс-шаралардың бір бөлшегі болып жүргені де өз ісіне деген сүйіспеншілігінің белгісі. Ал бос уақытта үйінде қарап отырмайды. Бірде бір көршісінің үйін сырласа, бірде басқа біреу үйіне заманауи жөндеу жасауын өтінеді. Ауыл тұрғындары кейіпкеріміз туралы «Қолынан келмейтіні жоқ. Айтсаңыз, барлығын жасап береді» деп сипаттайды. 
Бір қызығы, жұмыс пен құрылыс арасында уақыт тауып, үй жағдайында құрт жасап, оны да айналасына ұсынып үлгеріп жүр. Жаз мезгілінде арнайы тапсырыс қабылдап, табиғи таза, дәмді құрт дайындайды. Бұл да үлкен еңбек. Сүтті ысырап етпей, қадірін біліп, одан өнім жасап, оны сатылымға шығару – ауыл тірлігінің нағыз үлгісі. 
– Балалық шақта бәріміздің анамыз құрт жасайтын. Қазір соның қадірін түсінетін уақыт. Үйде бос жатқанша, осындай іспен айналысқым келеді. Көпшілік барлығына қалай үлгересіз деп сұрап жатады. Жалғыз өзім мұндай жұмысты алып жүре алмас едім. Отбасым, отағасынан қолдау болмағанда. Менің барлық ісіме қолдау білдіретін – отағасым. Барлығын бірге жасаймыз, – дейді бесаспап жан Нұргүл Сейітова.
 Расында, құрт – қазақтың ежелден келе жатқан көне тағамы әрі тіскебасары. Ол тек тағам ретінде ғана емес, көшпелі заманның өмір салтына айналған тұрмыс-тіршіліктің ажырамас бөлігі. Құрт өнімінің тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алып, бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған емес. Осы орайда кейіпкеріміз ұлттық тағам түрін табиғи түрде халыққа тұтыну жолын іске асыруда.
 – Құрт – қазақтың ең сүйсіне жейтін тағамының бірі. Сонау ата-бабамыз бұл тағамды шөлді де, аштықты да басады деп үнемі қалталарына бір малта салып жүрген. Қазір де құрт жемейтін қазақ жоқ шығар. Диетологтар мен тағамтану академиясының мамандары құрттың ас қорыту процесіне тигізетін пайдасы көп екенін айтып жүр. Ал пандемия кезеңінде құртқа деген сұраныс арта түскені мәлім. «Вирусты өлтіреді», «жөтелді басады» деген сөздер бар халық арасында. Тұтынушыларымыздың ішінде ауыл тұрғындарынан гөрі басым бөлігі қаланың азаматтары алады. Алдағы уақытта ұлттық тағамдарымыздан бренд жасағым келеді. Мәселен, құртты қанша сақтасаңда бұзылмайды. Сондай-ақ, табиғи өнімнің пайдасы мол. Біз өзіміздің тағамдарды брендке айналдыруымыз керек. Негізінен шаршау, энергияның аздығы жұмыс көптен емес, алға қойған нақты мақсат жоқтан, жұмыссыздықтан. Екі қолда іс болмағандықтан деп ойлаймын. Еңбек адамды ер етеді. Еңбек адамды есейтеді, бой түзетеді. Еңбектен қашпау керек. Мәселен, менің бір орында отырғым келмейді. Қазір өзіңе сеніп қана жұмыс істеу керек. Табыс та, тыныштық та – өз қолыңда, – дейді табысын тынымсыз еңбектен тапқан ана. 
Біз осындай жандарды көп ортасынан аңғара бермейміз. Олар – үнемі тыныш қана жүретін, ешкімге міндет артпайтын, бірақ барлығына үлгі бола алатын жандар. Қарапайым қызметкер болса да, әр күнін еңбекпен мәнді етіп, жан-жақты тіршілік етіп жүрген жандар – қазіргі ауыл адамының шынайы бейнесі.
 Бүгінгі қоғамда көп жұмыс істегенді емес, көп сөйлегенді жиі көреміз. Ал Нұргүл сынды жандар – үндемей жүріп үлкен іс тындыратын нағыз еңбек ерлері. Бізге олар туралы айту парыз. Өйткені еңбектің елеусізі жоқ, ал еңбек адамы – елдің баға жетпес байлығы.
 Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
		
















