ТӘН МЕН ТАҢ

Осы орайда біздің ауданда да таңмен таласа тұрып, таза ауада серуендеп, жүгіріп, жаттығу жасайтын жандар жетерлік. Ерте тұрып, сыртқа шықсаңыз кентіміздің әр аймағынан саулық үшін таңғы уақытын арнап жүрген жандарды көресіз. Осындай жандардың басын құрап, таңғы уақытын пайдалы өткізіп жүрген – аудан психологі Әмина Кетебаева.
Ол өзі таңғы серуенге шыққанда әр жерде жеке-дара жаттығу жасап жүрген жандарды көреді. Саулығын серік еткен жандардың басын құрап «Тән мен Таң» тобын жинақтайды.
– Қазіргі қоғамда адамның денсаулығы мен өмір сапасы басты құндылықтардың біріне айналды. Осы орайда, аудан орталығында салауатты өмір салтын насихаттау, қоғам мүшелерін дұрыс тамақтануға, дене белсенділігін арттыруға, зиянды әдеттерден арылу секілді пайдалы дағдыларға шақыру мақсатында осы топ құрылды. Топ мүшелері – қарапайым халық, ерікті жандар. Таңертең ерте тұрып, су ішіп, таңғы таза ауада жаттығу жасап жүрген зейнеткер жасындағы ағай, апайлар мен өз денсаулығына жауапкершілік алған әртүрлі жастағы замандастар. Қарап отырсаңыз, бұл топтың атауының өзі үлкен мағына береді. «Тән» – денсаулық, сергектік, ал «Таң» – жаңа күн, жарқын өмір бастауы. Топ мүшелері өз өмірін өзгертіп қана қоймай, өзгелерге де мотивация беруді көздейді. Олар дене жаттығуларын күнделікті өмір салтына айналдырып, таңғы серуен, дұрыс тамақтану, рухани дамуға ерекше көңіл бөледі, – дейді Әмина Кетебаева.
Салауатты өмір салтын қалыптастырып, қоғамда денсаулық мәдениетін арттырып, жас буынға үлгі болуды көздеген топ мүшелері осы уақытқа дейін түрлі спорттық іс-шаралар да ұйымдастырып үлгерген. Мұндай топтардың пайда болуы – қоғамдағы оң өзгерістердің айғағы. Себебі дені сау ұрпақ – ел болашағының кепілі.
– «Тән мен Таң» – әр таңды сергектікпен, әр күнді шабытпен бастауға үндейді. Ұранымыз – тәніңе қамқор бол, таңмен шабыттан! Негізі тобымызда 27 адам бар. Күнделікті түрлі жаттығу жасаймыз. Жалпы таңғы жаттығуды дағдыға айналдырсаңыз көп ұзамай-ақ бойыңыздан оң өзгерістерді аңғарасыз. Ұйқыдан сергек оянып, тыныс алуыңыз жеңілдеп, күш-қуатыңыз тасып, өмірге де жаңа көзқараспен қарайтыныңыз анық. Бойымызға қан жүгіріп, бұлшық ет нәрленіп, бетіміз әрленеді. Тіпті, ұдайы жаттығудың арқасында артық салмақтан арылуға да болады, – дейді ол.
Топ мүшелерінің жастары әртүрлі болғанымен, олардың көздегені бір. Ол – тән мен жан саулығы. Қазақтың «Тәні саудың – жаны сау» деген сөзінен-ақ екеуінің бір-бірінен ажырамас ұғым екенін аңғарамыз. Осы сөзді саналарына сіңірген жандар да саулыққа бастайтын мұндай топтың құрылғанына дән риза.
– Өзім бала кезден спортқа жақын болып өстім. Аудандық іс-шараларға да жиі қатысатынмын. Кейіннен өмір жолымен тұрмыс құрдым. Перзент өсірдік. Аудандық ауруханада 32 жыл қызмет еттім. Бүгінде зейнеткермін. Адам жас қосқан сайын бас ауырып, балтыры сыздауы көбейеді екен. Бірнеше уақыттан бері саулық үшін құрбым екеуміз таңғы серуенді қолға алдық. Тек таза ауамен жүріп қана қоймай, жаттығу жасауды да бастадық. Әмина қызымыздың «бірге жаттығайық» деген бірауыз сөзі сеп болып, топқа қосылдым. Арнайы әуенмен бірнеше адам болып жаттығу жасаған бөлек екен. Барлығымыз таңда үлкен қуанышпен оянып, шүкіршілігімізді айтып, жаттығуға қуана келеміз. Қан қысымым жиі көтеріліп, балтырым сыздайтын. Қазір, шүкір, оның барлығы басылды. Таңмен бір-бірімізге тілек айтып, үлкендерден бата алып күніміз берекелі өтуде. Бір күні бара алмай қалсақ, бірдеңеден құр қалғандай күйде боламыз. Саулықты серік еткен жандар көбейе берсін, – дейді топ мүшесі Орынкүл Базарбаева.
Сондай-ақ зейнеткер Сағат Қосназаров есімді топ мүшесі мұндай таңғы жаттығудың барлық адамға пайдасы барын алға тартады. «Біз жолдасым екеуміз қыркүйектің ортасынан бастап таңғы серуенді бастаған едік. Біраз уақыттан кейін осы топқа қосылдық. Күнделікті таңғы жаттығу барлық күніңізге ерекше серпіліс сыйлайды. Әрбір аудан тұрғынын осы топқа қосылуға шақырамын. Бастысы саулықты серік ететін ниетіңіз болса жеткілікті» дейді ризашылықпен.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, тән саулығы – қашанда басты орында. Ал тәнімізді үнемі денемізді шынықтыру арқылы сауықтыра аламыз. Шығыс ойшылы Ибн-Синаның «Дене жаттығуларымен қалыпты жəне өз уақытында шұғылданып отырған адам ауруды құртуға бағытталған ешқандай емдеуді қажет етпейді» деген даналығына сүйенсек, дене жаттығуының адам өмірінде алар орны бөлек екенін аңғарамыз. Тәнім сау, жаным сұлу болсын десеңіз, таңғы жаттығуды серік етіп, өз өміріңізді нұрландырыңыз. Жалқаулықтың жетегіне еріп жата бересіз бе, әлде сау болу үшін алғашқы қадам жасайсыз ба? Ерік өзіңізде...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ