» » ТАЗАЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ТҰРҒЫНДАР

ТАЗАЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ТҰРҒЫНДАР

Расында, тазалық – табалдырықтан басталады. Қай кезде де тазалықтың орны бөлек. Тазалық – мәдениеттіліктің көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығына қарау, оның көркеюіне көмектесу – әрбір азаматтың міндеті. Дәл осындай ұстанымды өмірлік мақсат еткен тұрғындар біздің мекенде де бар. 80-ге келсе де сергек қимылдап, 70-тен асқан жұбайы екеуі ауласын гүлмен көмкеріп, есігінің алдын жайнатып отырған Жанықұловтар жанұясы көпке үлгі.
Отағасы ұзақ жылдар бойы адал еңбектің көркін қыздырса, анамыз бұрынғы балалар емханасында тіркеу бөлімінде қызмет атқарған. Еңбектің зейнетін көретін жасқа жеткенімен шағын ауланың шырайын келтіріп отыруды қалаған қос қария жыл сайын есігінің алдына пальма ағашын отырғызып, күтіп-баптайды. Күн сайын қолдап суарып, арықты қоқыстан тазалап отыруды әдетке айналдырған. Үй іргесіндегі арам шөптерді де уақытылы алып, тазалық сақтауы өзге тұрғындар үйренерліктей дүние.
– Менің осы мекеннің үлкені ретінде тұрғындарға айтпағым, әрбір адам ең алдымен өз үйін, ауласын, көшесін таза ұстауға міндетті. Күл-қоқыс тасталған жерде адамның денсаулығы да болмайды. Өмір сүретін ортасы, үйі мен ауласы таза болса, ел көркейеді, әрі мерейіміз де үстем болады. Сондықтан жасымыз да, кәріміз де, бір уақыт есігіміздің алдын, көше жағымызды тазалап қоюға дағдылануымыз керек. Одан бөлек айналамызды көркейтіп отыру да баршамыздың қолымыздан келетін дүние. Мен әрдайым көршілеріме қандай гүл, өсімдік керек болса айтыңдар, өзімнен беремін, қалай өсіруді де үйретемін деп айтып отырамын. Өзімнен қандай да бір көмек сұраған жанның меселін қайтармай, барынша көмектесуге асығамын. Айналамыздың көгеріп, жайнап тұрғаны ең бірінші өзіміз үшін керек қой. Сондайақ бұларды күн сайын баптау адамға қимыл-қозғалыс болады. Адам таза ауамен тыныстап, көбірек қозғалса, соғұрлым денсаулығы мықты болады. Айналаға қамқорлық жасауға әрбір адам асығып тұруы керек, – дейді Алдажар Нұртайұлы.
Сондай-ақ қос қария салауатты өмір салтын ұстануды да құп көреді. Күнделікті таңмен таласа тұрып таза ауада серуендеуді, жаттығу жасауды әдетке айналдырған. Саулықты серік еткен өнегелі отбасы 3 перзент тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олар елге қызмет жолында сан салада абыройлы еңбек етуде.
Бұл жанұяны көпке үлгі деуіміздің тағы бір себебі жанға, тәнге, айналаға қамқорлық жасауымен қатар, рухани қуат алуға да уақыт бөлетіні. Олар мерзімді басылымдарды жібермей оқып, аудан айнасынан түрлі ақпарат алатынын да тілге тиек етті.
– Жасымыз келгендіктен болар, телефонға көп телміре бермейміз. Бізге бала кезден санамызға сіңген газетті парақтаған ұнайды. Аудан айнасын асыға күтіп, ондағы мақалаларды оқимын. Өздеріңіз жиі жазатын «Таза Қазақстан» акциясын қолдаймын. Еліміздің тазалығы баршамызға қажет. Біздің жасап жүрген тазалығымыз, есігіміздің алдына еккен гүлдеріміздің барлығы осы акцияға тұрғын ретінде қосқан үлесіміз дер едім. Президенттің «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы» деген сөзімен толықтай келісемін. Тазалық бар жерде береке бар. Әркім шамашарқы келгенше тазалыққа, айналасын көркейтуге үлес қосқаны жөн. Біз бұл істерді еріккеннен немесе біреу мақтасын деп емес, перзенттік парыз ретінде ерекше махаббатпен жасаймыз, – дейді отанасы Тұрсынкүл Байменова.
Осындай кезде әрбір тұрғын дәл осылай ойлап, шын жанашырлықпен қоғамға құрметпен қараса тазалық төңірегіндегі дау тыйылар ма еді, кім білсін! Біздің міндет – табиғатқа қамқорлық танытатын дәл осындай жандарды үлгі ету, көзі ашық оқырманға ой салу.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
12 шілде 2025 ж. 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (10419)

12 шілде 2025 ж.

№50 (10418)

09 шілде 2025 ж.

№49 (10417)

05 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 028
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031