ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

Ұлы ойшыл әл-Фараби: «Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», – деген екен. Бұл даналық лексикасы ұстаздар қауымының жанжақтылығын, бойына барлық жақсы қасиетті сіңірген жан екендігін айқындайды.
Қазақ тарихында Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи, Ыбырай Алтынсарин сынды ағартушылардың орны ерекше. Олар білімнің құдіретін халыққа паш етіп, мұғалімдік еңбектің маңызын ұрпаққа аманат етіп тапсырды. Бүгінде сол дәстүрді жалғап, жаңа заманға сай, озық ойлы ұстаздар жас ұрпаққа тәлім беріп келеді.
Қазақтың ағартушы-ұстазы Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұстазды мектептің ішкі рухани тірегі ретінде бейнелеген. Осы қанатты ой бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ, себебі мектептің тынысы мен табысы мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, ізденісіне, адалдығына тікелей байланысты.
Ұстаздық жол – жеңіл кәсіп емес. Ол үнемі ізденісті, жаңашылдықты, төзімділікті қажет етеді. Мұғалім әрбір оқушының жүрегіне жол таба білуі керек. Баланың қабілетін ашып, қызығушылығын оятып, өмірге деген сенімін қалыптастыру – ұстаздың қолында.
Әрбір адам баласы есейіп, үлкен өмірге қадам басқаннан кейін ойша балалық шағына саяхат жасайтыны анық. Сол кезде көз алдына оқушы кездегі қызықты сәттер, мектеп өмірі де оралмай қоймайды. Ал мектеп өмірі әрқашанда ұстаз бейнесімен тығыз байланысты. Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған сәттен санаңа білім дәнін егіп, тал бойыңа тәрбиенің нәрін сепкен ұстаз тұлғасы балалық балғын шақпен қатар өріліп, санаңа шуақ құйылып, бойыңа еркелік ұялағандай әсерге бөленесің. Алғаш әріп танытқан ұстаздан бастап мектептегі әр мұғалімнің өзіндік орны бар. Бәрінің бойынан жақсы қасиетті үйреніп, өз бойыңа жинақтайтыныңды да естен шығармаған абзал.
Мен үшін алтын ұя мектебімдегі әр ұстаздың орны ерекше. Бірінің мейірімді жүзі, бірінің қамқорлығы, бірінің әсем сазды дауысы, енді бірінің сабақты түсіндіргені көз алдымда. Әсіресе алғашқы ұстазым, бүгінде зейнетке шығып, ардагер ұстаз, құрметті ұстаз атанған Ақзада Сәндешқызына деген құрметім бөлек. Сол кездегі мұғалімдерге лайық қатал жүзімен, солай бола тұра мейірімге толы көңілімен әр шәкірттің жүрегіне жол таба білген сабырлы ұстаз алдынан талай буын өсіп-жетілді.
Ақзада Сәндешқызы – шынайы ұстаздың бейнесі. Ол әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға ерекше мән берді. Қатал талап қойса да, соның бәрі шәкіртінің болашағы үшін екендігін біз кейін түсіндік. Оның әрбір сөзі мен әрбір ісі бізге үлгі болып қалды. Сабақ үстіндегі байсалды да нақты түсіндірмесі, үнемі жігерлендіре білетін жылы сөздері бізді алға жетеледі.
Алғашқы ұстаздың орны бөлек дейді ғой. Расында да, адамның жүрегінде бірінші әріпті үйреткен, қолымызға қалам ұстатқан ұстаздың ізі мәңгі өшпейді. Бізді тәрбиелеп қана қоймай, білімге деген құштарлығымызды оятқан, еңбекқор болуды үйреткен алғашқы ұстазымның еңбегін өмір бойы бағалаймын.
Қазір біз әрқайсысымыз әртүрлі жолмен кетсек те, сол кездердегі ұстаздың берген тәлімі өмірлік азығымыз болып келеді. Ұстаздың жүрек жылуын сезінген шәкірт ешқашан жамандыққа бой алдырмайды, өмірдің қиындықтарына төтеп береді. Сондықтан да ұстаздың еңбегі – мәңгілік. Мектеп бітіріп, қияға қанат қаққан жылдары атаулы мерекелерде алғашқы ұстазыма хабарласып, құттықтап тұратынмын. Уақыт өте келе тіршіліктің қарбаласымен хабарласу сиреп, кейін үзіліп те қалды. Алайда ұстазыма деген ішкі құрметім, сыйластығым еш кеміген емес.
Бүгінгі таңда өзім де ұстаздық жолда еңбек етудемін. Жоғары оқу орнында мұғалім мамандығы бойынша білім алып, магистратураны да осы салада тәмамдадым. Бірнеше салада өзімді сынап, басқа да мамандықтар бойынша жұмыс жасап көрдім. Бірақ осы ұстаздық қызметтен алшақтап кеткенім жоқ. Қайта айналып, білім ошағына оралдым. Мұны бір кездері өзім алдынан білім алған ұстаздарыма, көптеген жылдар бойы мұғалім болып, зейнетке шыққан анама еліктеуімнен деп білемін.
Ұстаздық еңбектің қиындығына қарамастан, оның жемісі – шексіз. Әр шәкіртінің жетістігі ұстазға қуаныш сыйлайды. Әлемнің атақты ғалымдары мен қоғам қайраткерлерінің барлығы да ұстаздың тәлімін алғанын мақтанышпен айтады.
Ұстаздар күні – шәкірт жүрегінен шыққан алғыс пен құрметтің тоғысатын күні. Әрбір оқушы, әрбір ата-ана осы күні ұстазға арнап ыстық ықыласын білдіреді. Ұстаз еңбегіне ештеңе тең келмейді, өйткені ол – болашақты қалыптастырушы.
Ұстаздарға деген құрмет – қоғамның мәдени деңгейін білдіреді. Сондықтан ұстаз мәртебесін арттыру – біздің ортақ ұмтылысымыз. Мұғалімдер күні қарсаңында барша ұстаздар қауымын мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге қажымас қайрат, зор денсаулық, бақытты ғұмыр тілеймін. Еңбектеріңіздің жемісі – шәкірттеріңіздің биік жетістіктері мол болып, елдің дамуына өлшеусіз үлес қоса беріңіздер!
Лаура БАҚТЫБАЕВА