» » ТРАКТОРШЫ ҚЫЗ МИУАКҮЛ

ТРАКТОРШЫ ҚЫЗ МИУАКҮЛ

Миуакүл Оспанова – Жаңақала ауылының тумасы. 1959 жылы дүниеге келген. 1967 жылы отбасы қазіргі Ақтөбе ауылына қоныс аударады. Осындағы ауыл мектебін бітірген соң аудандағы кәсіптік-техникалық училищесінен мамандық алып, ауылшаруашылығы жұмысына араласады. Оның ішінде қыз баласы үшін ауыр еңбек саналатын техниканы тізгіндейді. 19 жасар тракторшы қыз алғашында ДТ-75 тракторын жүргізсе, 1980 жылы өзі күріш егіп, өзі бастырады. Жастар көшбасшысы белгілі еңбек озаты Садық Ермахановтың қарамағында бригада мүшесі болған.
– 1977 жылы №26 мектептің бір топ бітірушілері аудан жастарына ауылшаруашылығы саласында техника меңгеруге байланысты үндеу тастады. Оны аудандық партия комитетінің бюросы қолдап, мектеп бітірген ұл-қыз класымызбен кәсіптік-техникалық оқу орнына келіп, мамандық алдық. 1979 жылы жаңа МТЗ-50 Беларусь тракторына отырдым. Ол Садық Ермаханов ағайдың бригадасына бөлінді. Жаңа көлікпен бидай, жоңышқа, күріш себу жұмысына кірістім. Өнім сепкен тұқымға байланысты, жерге шыққанда біркелкі болуы керек. Егін егуде де, жинауда да бірінші болып аяқтап, сосын көрші №5 Алтынбек Меңешаев ағайдың бригадасына көмекке баратынбыз. Ол бригада тың жер, жаңа дамба басымен жүру қиын еді. Көктемде сепкен күрішті күзде комбайннан қырманға тасимын. Көтеріп жабу бірінші кезде ауыр сияқты болғанмен үйрене келе бір қолмен серпе жабатын болдым.
Бірде мынадай қызық болды. 19 жастағы ет қызу жаспыз, жалындап тұрған шақ. Трактордан секіріп түсіп, секіріп мініп кете беретін кезіміз. Қырманда күріш тасып жүргенмін. Қырманға келсем, басшымыз Ерназар Сексенбаев, ауданның бірінші хатшысы Елеу Көшербаев, басқа да адамдар сыртымыздан қарап тұрған ғой.
Трактордың тіркемесіндегі күрішті төгіп жатқанмын. Адамдардың қарап тұрғанынан хабарым жоқ. Сол кезде бір жігіт қасыма жүгіріп келді көмектесейін деп. «Менімен күнде жабысып жүретін бе едің?» деп мен көмегін қабылдамай, тіркемені өзім жауып кете бардым. Сонда солардың арасында тұрған бір жеңешем кейін сол жердегілер сенің көмек алмағаныңа мәз болып күліп, «бұл ер» деп айтты дегені бар-ды. Тағы бірде дән сеуіп жатқанбыз. Жолда келе жатсам телешкім ағытылып қалыпты. Бекітуді ұмытып кетсем керек. Дамбының басы. Енді жегейін десем, шамам келмейді. Біресе құлақшасы жетпей қалады, біресе асып кетеді. Артыма қарап қалсам, тіркемені бір кісі көтеріп тұр. Сөйтсем, бұл кісі Елеу Көшербаев екен. Ағаның сонда қарапайымдылығына тәнті болғанмын, – дейді Миуакүл апа өткенді еске алып.
М.Кәрібайқызы еңбекте үздік шыққаны үшін шетелге жолдама да жеңіп алған. 1982 жылы Болгарияға, 1984 жыл қорытындысымен Германияға тегін саяхатқа барып келген. Еңбек екпіндісі жайында аудандық, облыстық газеттерде мақалалар жазылған кезінде. Сондай-ақ ауданның орталық алаңында Құрмет тақтасынан суреті ойып тұрып орын алған. ХХІІ облыстық партия конференциясына делегет болып қатысса, 1985 жылы Ақтөбе ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланған. 1981 жылы КСРО-ның «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.
– Орталық алаңда озат еңбеккерлердің қатарында суретім ілініп тұратын. Еткен еңбегіме қарай марапаттан кенде болмадым. Сонда анамның «Қайруллаев ініммен бірге тұр суреті қызымның» деп қуанғаннан көзіне жас алғаны әлі күнге есімнен кетпейді. 17 жыл жұмыс істедім, оның 8 жылын есепшілікке арнадым. №4 бригадада адамдар жиі ауысатын. Солардың орнына өзім есепші де, бригадир де болған күндерім болды. Кейде оқуға кетеді, кейде жұмыс ауыстырады. Мен санаспай істей беретін едім. Егіске орақ түскенде, семинар ұйымдастырылатын да біздің бригада таңдалатын. Тәжірибе алмасуға бас қосатын. Сол жұмыстардың басы-қасында жүретінмін. Еңбегімнің арқасында көпке арман болған шетелдерде болып, ел аралап жер көрдім. Комбайн жүргіздім. Небір марқасқа аға-апалармен әріптес болып, иық тіресе еңбек еттім, – дейді ол.
М.Оспанова 1993 жылы Жосалы кентінің тұрғыны Тұрақ Байзақов есімді азаматпен көңіл жарастырып, тұрмысқа шығады. Өмір ағынымен саудамен айналысады. Кейіндеу денсаулығы сыр беріп, мүгедектікке шыққан. Әпкеміз бүгінде мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. «Көмек алып отырғаныма 10 жылдан асты. Мені қарайтын өзімнің қызымдай болып кеткен Гүлзат Жайылғановаға ерекше алғысымды айтамын. Бірнеше рет ауыстырамыз дегенде келіспедім. Дәрімді, жетпесімді жеткізіп, үйімді тазартып беріп отыр. Суға шомылдырып, тамағымды пісіреді. Аяқтан жүре алмағасын, үй шаруасына жарамаймын. Сонымен қатар қарттарға қамқорлық жасап отырған ауданымыздағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғабит Кенжеғұловқа, осы бөлімнің жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйден қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Жеңіскүл Жарылқасыноваға ризашылығымды білдіремін» дейді ол ризалықпен.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
30 қыркүйек 2025 ж. 93 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (10442)

30 қыркүйек 2025 ж.

№73 (10441)

27 қыркүйек 2025 ж.

№72 (10440)

23 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 521
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 326

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930