ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ
Қазақстан бүгінде дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, азаматтардың пікірі мен мұң-мұқтажын назарға алу – басқарудың басты қағидасына айналып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы бағыттағы нақты қадам болды.
Бұл тұжырымдама – билік пен халық арасындағы кері байланысты күшейтуді, әрбір азаматтың пікірін ескеріп, әділ шешім қабылдауды мақсат етеді, яғни қоғамда орын алып жатқан мәселелерге билік бей-жай қарамай, онымен бетпе-бет келіп, халықпен ашық әрі шынайы диалог орнатуы қажет. Осыған орай «Руханият орталығында» өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтарды жеке қабылдау өткізілді.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құқық қорғау органдарының басшыларымен бірлесіп тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдау аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен және азаматтардың алдын ала жазылуы арқылы жүзеге асты.
Мұнда 50-ге жуық азамат өз өтініштері мен мұң-мұқтажын жеткізіп, шешімін күткен мәселелерін ортаға салды. Олардың басым бөлігі тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау қызметтеріне қол жеткізу сынды өзекті тақырыптарға қатысты болды.
Қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе әкім мен құқық қорғау құрылымдары тарапынан мұқият қаралып, заң шеңберінде түсініктемелер мен нақты жауаптар берілді. Жекелеген мәселелер бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Мысалы, көпбалалы ана тұрақты баспана мәселесін көтеріп, қолдау сұрады. Аудан әкімі бұл өтінішті назарға алып, әлеуметтік жағдайын зерделеу және тұрғын үймен қамту мүмкіндігін қарастыру туралы тиісті бөлімдерге тапсырма жүктеді.
Сондай-ақ тұрғындар тарапынан ауылдық жерлердегі жол сапасы, көшелерді жарықтандыру және әлеуметтік көмекке қатысты мәселелер де қозғалды. Бұл бағыттағы жұмыстардың кезеңкезеңімен іске асырылатыны және тиісті бағдарламалар аясында шешімін тауып жатқаны айтылды.
Тұрғындармен тікелей байланыс орнату – жергілікті атқарушы органның басты басымдығы. Халықпен ашық әрі жүйелі диалог құру арқылы ғана әлеуметтік мәселелердің тиімді шешілуіне жол ашылады.
Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері аудан басшысы 31 жеке қабылдау өткізіп, 213 азаматтың мәселесін тыңдаған.
«ҚТ» ақпарат