ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛҒАН ЕР
Қасиетті Қармақшы топырағы қашанда елге еңбек сіңірген азаматтарын ұлықтап, маңдай термен жеткен абыройын ардақтаудан жаңылған емес. Ел бірлігін бәрінен биік қоятын, еңбек адамына ерекше ілтипатпен қарайтын бұл өңірде жақында тағы бір құрметке толы тағылымды шара өтті.
Аудан әкімдігінде ауданның Құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты, ауылшаруашылығы саласының іскер ұйымдастырушысы, «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлеповтің 63 жасқа толған мерейлі жасын салтанатты түрде атап өтті. Бұл – құр ғана туған күн емес, ел дамуына сіңірілген жарты ғасырлық еңбектің бағаланған сәті еді.
Салтанатты жиынды аудан әкімі Жандос Еркінбек ашып, еңбек жолы өнегеге толы азаматтың ел үшін атқарған қызметіне жан-жақты тоқталды.
– Сіз – туған жерінің қамын күйттеген, табанақы, маңдай терімен абырой биігіне көтерілген азаматсыз. Ауылшаруашылығындағы іскерлігіңіз, еңбек адамын қолдаудағы жанашырлығыңыз, елге жасап жатқан қамқорлығыңыз – көпке үлгі. Бұл мерейлі белес – Сіздің ел алдындағы еңбегіңіздің жарқын көрінісі, – деді аудан басшысы.
Жиынға Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттары Бауыржан Тұрсынбайұлы, Жанкелді Ойшыұлы, Ерлан Піртазаұлы, облыстық мәслихат аппаратының басшысы Жандос Сермағанбетұлы, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, сондай-ақ ел ағалары, саланың ардагерлері мен ауыл ақсақалдары арнайы келіп, ақжарма тілектерін арнады.
Орынбасар Төлеповтің еңбек жолы – тұнып тұрған тағылым. Ол 1979 жылы қарапайым механизатор болып еңбек жолын бастаған. Уақыт өте келе инженер-электрик, бас инженер қызметтерін абыроймен атқарып, кейінгі жылдары «Жаңажол» ЖШСның басшылығына көтерілді. Бүгінде аталмыш серіктестік арқылы 360 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өңір экономикасына елеулі үлес қосып отыр.
Адал еңбектің лайықты бағасын тапқан сәтте Орынбасар Өтепұлына шапан жабылып, облыс әкімінің Құттықтауы, аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары табысталды. Бұл – бір адамның ғана емес, еңбек жолын адал жүріп өткен барша азаматтың мерейі.
Салтанатты бас қосу барысында құрылыс саласының ардагері Қаршыға Есдәулетов, мәслихат депутаты Бауыржан Сандыбаев, ауыл ақсақалдары мен қоғам қайраткерлері сөз алып, еңбек еленетін елдің болашағы берік болатынын атап өтті.
Еңбегімен еленіп, халық құрметіне бөлену – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Орынбасар Төлеповтің өнегелі жолы – бүгінгі жастар үшін еңбектің ескерусіз қалмайтынының дәлелі, ал Қармақшы жұртшылығының азаматты ардақтауы – қазақы тәлім мен елдік дәстүрдің жарқын көрінісі.
«ҚТ» ақпарат