Тіл жанашырларына құрмет

«Руханият орталығында» өткен басқосуда тіл жанашырлары жиналып, қазақ тілінің бүгіні мен болашағы туралы сүбелі әңгіме өрбітті. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов жиынды ашып, барша тіл жанашырын мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Жиында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков тіл туралы толымды ойларымен бөлісті.
– Тіл мәселесі – өте үлкен мәселе. Ұлт болу үшін тіл, діл, әдет-ғұрып болуы керек. Қазақтың тілі өте бір кең тараған тіл. Сөздік қорымыз бай. Қазақ тілін зерттеушілер оның бай, шұрайлы тіл екенін жиі айтады. Мысалы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясында 15000 қайталанбайтын сөз бар екен. Ал Шекспирдің барлық шығармаларын қоса алғанда ондай сөз шықпаған. Ел көлемінде тілді қолдану деңгейіне келетін болсақ, көңіл көншітерлік жағдайда емес екені жасырын емес. Жер көлемінен 9-орын алсақ, мемлекеттік тілді қолдану жағынан мұндай алдыңғы орында емеспіз. «Ұлттың атасы – тарих, анасы – тіл, ғұмыры – әдет-ғұрпы» деген тәмсіл бар. Біз тілімізді қаншалықты біліп, құрметтесек, ұлтымыздың да ғұмыры соншалықты ұзақ болады. Ана тілімізді ұрпақ санасына сіңіре білсек бұл біздің өмірдегі маңызды мақсаттарымыздың бірі болмақ, – деді ол.
Кездесуде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға атсалысқан түрлі сала мамандарына аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпаты табысталды.
Сонымен қатар тіл саясаты жолында тынымыз тірлік атқарып жүрген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филалы да тіл жанашырларына алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.
– Баршаңызды Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтаймын. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай бұл мерекенің 5-қыркүйек күні тойлануы – ұлт тағдырындағы бағдарлы оқиға деп білемін. Жалпы осы «Руханият орталығында» ұлттық құндылығымызды насихаттайтын көптеген іс-шара өткізіліп келеді. Мұндай мағыналы жиындар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Енді тіл саясатына тоқталсақ, қазіргі қазақ тілінің жағдайы қандай деген сұраққа түрлі пікір бар. Десе де біздің ауданда мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, тілдерді оқыту орталығы, «Қазақ тілі» қоғамы бірлескен түрде жүйелі жұмыстар жүргізуде. Тіл – халықтың сан ғасырлық тарихы. Әлемдегі кез келген халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің тілін әрқашан да қастерлеп, қорғап жүреді. Ал ана тілін қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу, – деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Гүлжауһар Раева.
Сондай-ақ жиында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шегебай Құндақбаев тіл туралы тұщымды ой айтып, көпшілік көңіліне түйер келелі мәселерді атап өтті.
Жиын соңында тіл жанашырларының құрметіне аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Әннен шашу шашылып, жыр төгілген мерекеде ана тілдің айбыны, мемлекеттік тілдің мәртебесі үстем болды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ