БАЛАБАҚШАЛАР МЕН ЖЕКЕ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛУЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Бүгінгі өңірлік брифингте мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жай-күйімен қатар, қаржыландырылуы бойынша да нақты мәселелер көтерілді. Мемлекет тарапынан балабақшаларға бөлінетін қаражат көлемі соңғы бес жылда үш есеге дейін артқан. 2019 жылы бір балаға орта есеппен 24 240 теңге бөлінсе, бүгінде бұл көрсеткіш 73 000 теңгеге дейін өсті. Алайда, қаржыландыру көлемі өскенімен, балабақшалардың материалдық-техникалық базасы мен тәрбие сапасы айтарлықтай өзгермегені алаңдатады.
2025 жылғы мамырда ҚР Оқу-ағарту министрлігі №596 бұйрығына енгізілген өзгерістер негізінде, енді жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін өз бетінше айқындау құқығына ие болды. Бұл қадам аймақтағы нақты қажеттіліктерге сай, тиімді қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін жасалған. Қызылорда облысында жаңа әдістеме негізінде мемлекеттік тапсырыс көлемі балабақшалардың болу режиміне (қала/ауыл, санаторлық/түзету тобы) байланысты сараланып бекітілуде.
Сонымен қатар, жаңа қаржыландыру жүйесі балабақшаларға берілетін қаражаттың тек ағымдағы шығындарына әсер етеді. Яғни, педагогтердің жалақысы өзгеріссіз қалуы тиіс. Өйткені мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес педагогтердің айлық ақысына 2020–2023 жылдары 100%, ал 2023 жылы қосымша 30% үстемақы енгізу бюджет есебінен толық қамтылған. Бұл – педагог мәртебесін арттыру бағытындағы нақты әрі маңызды қадам.
Өкінішке қарай, кейбір жеке балабақшалар бөлінген қаржыны мақсатсыз пайдаланып, қызметкерлерге еңбекақыны қолма-қол және заңсыз аз мөлшерде төлеп отырғаны анықталуда. Бұл – салықтан жалтару және еңбек заңнамасын өрескел бұзу. Сонымен қатар, ата-аналар тарапынан да төлемақының негізсіз қымбаттап жатқаны туралы шағымдар көбейіп отыр. Мұндай жағдайлар анықталған жағдайда балабақшалар мемлекеттік тапсырыстан дереу шеттетіліп, құзырлы органдарға жолданатынын ескертеміз.
«Білім туралы» Заңның 6-бабы 7-тармақшасына сәйкес, ата-ана төлемақысының мөлшерін тек жергілікті атқарушы орган бекітеді. Қосымша ақылы қызметтер ата-ананың жазбаша келісімі негізінде ғана ұсынылуы тиіс. Ал бекітілмеген төлемдерді талап ету – заң бұзушылық. Ата-аналардан осындай жағдайға тап болғанда, білім бөлімдеріне немесе басқармаға тікелей хабарласуын сұраймыз.
Бүгінгі күні жеке мектептердің жұмысы да ерекше назарда. Қазіргі таңда облыс бойынша 39 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Алайда олардың 74,3%-да педагогтердің сапалық құрамына қатысты лицензия талаптарының бұзылғаны анықталды. Әсіресе, зейнетке шыққан мұғалімдердің категориясын пайдаланып, сапа көрсеткішін жасанды арттыру фактілері алаңдатып отыр. Бұл – білім сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе.
Жеке мектептер оқушылар тасымалын ұйымдастыруда да немқұрайлық танытып отырғаны байқалады. Мәселен, Шиелі мен Жаңақорған аудандарында балалар республикалық трассалар бойындағы ауылдардан тасымалдануда. Бұл – жол-көлік қауіпсіздігіне үлкен қатер. Осыған орай, жекеменшік білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру бағытында тиісті ұсыныстар орталық органдарға жолданды.
Жеке кәсіпкерлердің пайда табуы – заңды, алайда бұл табыс балалардың өмірі мен қауіпсіздігі есебінен болмауы тиіс. Білім беру – жай ғана бизнес емес, ол – болашаққа салынған инвестиция. Сондықтан сапалы білім мен қауіпсіз орта – біздің басты талабымыз. Бұл бағыттағы бақылау мен талаптар күшейтіледі.
