ЖАҢА ЛОГОПЕДИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
«Бала тілі – бал» деп жатамыз. Бірақ бүгінгі балалардың бал тілін қызықтау көп ата-анаға арман болып тұр. Өйткені мектеп жасына жетсе де әлі күнге былдырлап жүрген балдырған көп.
«Бала шыр етіп жерге түскенде дыбыспен бірге туады» дейді Жүсіпбек Аймауытұлы. Сәби кішкентай кезінен бастап өзінің қажеттілігін осы дыбыс арқылы жеткізеді. Ал баланың жасы өсе келе дыбыстан сөйлеу деңгейіне жетеді.
Иә, адамның ойын ашық жеткізіп, жүректен шыққан сөзін өзгеге жеткізуі – үлкен бақыт. Осы бір баға жетпес қабілет кейде ерекше күтімді, аялы алақанды қажет етеді. Мұндайда логопед мамандары көмекке келеді. Жуырда ауданымызда дәл сондай бір мейірім мен біліктілік ұштасқан жаңа логопед орталығының ашылғаны – талай отбасы үшін қуанышты жаңалық болды.
СӨЗ ТҮЗЕЛСЕ – САНА ТҮЗЕЛЕДІ
Сөз – адам баласына Алланың берген ерекше сыйы. Ал сол сөзді дұрыс айтып, еркін жеткізу – екінің бірінің маңдайына бұйырмаған бақ. Кейде бала үнсіз қалады, кейде тілі күрмеліп, ойын жеткізуге шамасы жетпейді. Сондайда жаны жайсаң, мейірімі мол логопед маманның көмегі ауадай қажет.
Логопед жай ғана маман емес, ол – баланың алғашқы сөзін жарыққа шығаратын шырақшы. Ол – үндемей жылаған жанның үнін тыңдап, жүрек сөзін сөйлететін сырлас, әр дыбыстың нәзік табиғатын терең ұғып, тілдің тылсым иірімдеріне үңілетін ұстаз.
Рас, баланың тілі уақытылы шықпаса, мықты маман іздеп әбігерге түсетін ата-аналар бар. Осы мәселенің түйіні тарқап, жақында ауданымызда «Ботақан» логопедиялық орталығы ашылды. Мұндай игі істі бастап жатқан жан – Гүлназ Амантаева.
Бұл орталық – тек емдеу орны ғана емес, үміт отын жағатын, сөздің сәулесін сеуіп, кішкентай жүректерге сенім ұялататын жылы мекен. Мұнда тіл дамуына байланысты балаларға кәсіби көмек көрсетіліп, сөйлеу дағдысын қалыптастыруға арналған заманауи әдістәсілдер қолданылуда.
– Негізінен бала тілінің кеш шығуына әртүрлі себеп әсер етеді. Ең алғашқысы анасының жүкті кезге дейінгі және жүктілік кезеңіндегі денсаулығы маңызды рөл атқарады. Себебі, жүктілік кезеңінде жұқпалы аурулармен ауыру немесе күйзеліс, депрессияның болуы және алкогольді ішімдікті пайдалану секілді факторлардың барлығы айналып келгенде теріс әсерін тигізеді. Дегенмен ата-ананың бала дүниеге келгеннен кейінгі кезеңіне немқұрайлы қарайтыны тағы бар. Балаға жеткілікті түрде көңіл бөліп, сөйлеспесе бала жас ерекшелігіне сай дамымайды. Сонымен қатар баланың теледидардың алдында немесе планшет, телефонның алдында көп уақыт өткізуі тілінің кеш шығуына әсер етеді. Гаджеттер басып алған заманда бала еркін сөйлеуден қалып барады. Себебі күні бойы телефонға телмірген балақайлармен, ата-ана сөйлеспейді, салдарынан тіл құрылысындағы фонетика, лексика, грамматика жүйелері дамымайды. Ал жасы өскен сайын бұл кемшіліктердің қалпына келуі қиындай түседі, – дейді Гүлназ Ақылбекқызы.
БАЛА ТІЛІ – БОЛАШАҚТЫҢ ТІНІ
Әр сөздің ар жағында – бір әлем, әр үннің ар жағында болашақ жатыр. Сөйлеу кемістігі уақытында қолға алынса, толықтай түзетуге болатын жағдай. Сол себепті баламен ерте жастан бастап жаттығулар арқылы жетістікке жетуге болады.
Бүгінде орталықта жайлы жағдай, түрлі логопедиялық жабдықтар мен ойын формасындағы сабақтар – балалар үшін сөз әлеміне саяхатты қызықты әрі нәтижелі етеді. Бұл орталық – тек тіл түзейтін емес, үмітті ұштайтын, баланың болашағына жарқын жол ашатын орын.
– Бүлдіршіндер күніне сағаттап теледидардың алдынан шықпай, атаанасы болса өз жұмысымен әуре боп жүргенде баланың санасы қажетсіз ақпаратқа толып, ойын қарапайым сөзбен жеткізе алмайды. Бала миы 2-3 жаста пісіпжетіледі. Ал 2-3 жаста соншама ақпарат ағыны келіп жатыр. Егер балаңызды қажетсіз ақпараттан алыс ұстасаңыз, ол соғұрлым ерте сөйлейтін болады. Артық күш-қуатының бәрі, сөйлеуге жұмсалады. Сол себепті сәбимен мейлінше көп сөйлесу керек, – дейді логопед.
Бұл орталық – үнсіздікті үнге, қорқынышты сенімге айналдыратын ерекше мекен. Мұнда баланың алғашқы дұрыс дыбысы – ең биік жетістік, бір сөз – ұлы жеңіс. Себебі әр баланың ойы мен арманы жүрегінде тұншығып қалмай, ашық жеткізілуі керек.
Бала күлкісі – әлемнің ең әсем үні. Ал сол үнге сөз қосылып, еркін тіл табысса, бұл – ең үлкен қуаныш. Міне, дәл осындай қуанышқа себеп болған орталықтың жұмысы жандана берсін. Әр бала еркін сөйлеп, жүрек сөзін бүкпей жеткізетін күнге бірге қадам басайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ