» » Бала тілі неге кеш шығады?

Бала тілі неге кеш шығады?

«Бала тілі – бал» деп жатамыз. Бірақ бүгінгі балалардың бал тілін қызықтау көп ата-анаға арман болып тұр. Өйткені мектеп жасына жетсе де әлі күнге былдырлап жүрген балдырған көп. Себеп қандай? Тығырықтан шығатын жол қайсы? Саралап көрсек.
«Бала шыр етіп жерге түскенде дыбыспен бірге туады» дейді Жүсіпбек Аймауытұлы. Сәби кішкентай кезінен бастап өзінің қажеттілігін осы дыбыс арқылы жеткізеді. Ал баланың жасы өсе келе дыбыстан сөйлеу деңгейіне жетеді. Тарихқа зер салатын болсақ, жастарға үлкен сенім артқан Мағжан Жұмабаев атамыздың тілі ерте шығып, төрт жасында хат таныған екен. Ал қазір 3-4 жасар балғындардың көпшілігінің тілі анық емес. Мұны күнделікті ортада жиі аңғарып жүрміз.
Бұрын қалай еді?
Иә, ана тіліміздің алашұбарланғаны өз алдына трагедия болса, балаларымыздың тілі кеш шығып немесе дұрыс шықпай жатуының астарына терең үңілу керек сияқты.
«Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі» деп таңдана жазған екен өткен ғасырда жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай...» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскенінде жатыр. Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Бұл арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да – алаңдатарлық жай» дейді Зейнеп Ахметова апамыз. Қазір ше? Бауыржан Момышұлы айтқандай, немересіне ертегі айтатын әжелер азайып бара жатыр, сәбиін бесікке бөлеп, бесік жырын айтатын келіндер азайды.
Сан түрлі себеп бар
Негізінен бала тілінің кеш шығуына әртүрлі себеп әсер етеді. Ең алғашқысы анасының жүкті кезге дейінгі және жүктілік кезеңіндегі денсаулығы маңызды рөл атқарады. Себебі, жүктілік кезеңінде жұқпалы аурулармен ауыру немесе күйзеліс, депрессияның болуы және алкогольді ішімдікті пайдалану секілді факторлардың барлығы айналып келгенде теріс әсерін тигізеді. Дегенмен ата-ананың бала дүниеге келгеннен кейінгі кезеңіне немқұрайлы қарайтыны тағы бар. Балаға жеткілікті түрде көңіл бөліп, сөйлеспесе бала жас ерекшелігіне сай дамымайды. Сонымен қатар бала теледидардың алдында немесе планшет, телефонның алдында көп уақыт өткізуі баланың тілінің кеш шығуына әсер етеді. Гаджеттер басып алған заманда бала еркін сөйлеуден қалып барады. Себебі күнібойы телефонға телмірген балақайлармен, ата-ана сөйлеспейді, салдарынан тіл құрылысындағы фонетика, лексика, грамматика жүйелері дамымайды. Ал жасы өскен сайын бұл кемшіліктердің қалпына келуі қиындай түседі.
Әсілі бала қоғамға ерте араласса, тілі тез шығады. Қазір қайда қарасаңыз да, көп балақайлар 2-2,5 жасқа дейін сөйлемейді. Әсіресе, ұл балалар. Неліктен? Әлде қазір тым қызықты ойыншықтар баланың ой-өрісін шектеп, қоршаған ортаға қызығушылығын кемітеді ме екен?! Әлде балаларға барлық нәрсе жетіп-артылғаннан кейін, үн шығарудың қажеті жоқ деп есептей ме?
Бүлдіршіндер күніне сағаттап теледидардың алдынан шықпай, ата-анасы болса өз жұмысымен әуре боп жүргенде баланың санасы қажетсіз ақпаратқа толып, ойын қарапайым сөзбен жеткізе алмайды. Бала миы 2-3 жаста пісіп-жетіледі. Ал 2-3 жаста соншама ақпарат ағыны келіп жатыр. Егер балаңызды қажетсіз ақпараттан алыс ұстасаңыз, ол соғұрлым ерте сөйлейтін болады. Артық күш-қуатының бәрі тілге, сөйлеуге жұмсалды. Сол себепті сәбимен мейлінше көп сөйлесу керек.
Бала тілінің кеш шығуының себептері мен салдарын тізіп шықтық. Негізінде, 4-5 жаста бала еркін сөйлеуі керек. 1 жасында сөйлеп бастауы керек. Қазір кейбір балалар 1 жасынан бастап сөз тіркестерін айта бастайды. 1,5-2 жас аралығында сөз тіркесін айтуы керек. 2,5 жастан 3,5 жасқа дейін бала өз іс-әрекеттерін сипаттай бастайды.
Бірінші логопедке апару керек. Сауатты маман қосымша неврологқа, психолог, психиатрға бағыттайды. Егер бала сөйлеуден бас тартса, онда оның психологиялық себептері (мутизм) де болуы мүмкін. Көп психологтар мұны байқай бермейді. Кейде психоневрологқа жүгіну қажет.
Жалпы, бала денсаулығы дұрыс болсын десек, үйде жағымды атмосфера қалыптастыруымыз керек. Баланың жағдайы көбінесе үйдегілердің қалыптасқан қарым-қатынасына байланысты. Үлкендер бір-біріне қамқор болып, дұрыс қарым-қатынас түзсе, баламен жиі әңгімелессе, тілі де тез шығады. Ал үнемі айқай-шу, бір-бірін кінәлау, ұрыс болатын ортада балаңыз «құрдымға» кетті дей беріңіз. Көп ата-ана бала үлкендердің қарым-қатынасын түсінбейді деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Балалар өкпе, өкініштің бәрін сезеді, түйсінеді. Егер ата-аналардың қарымқатынасы нашар болса, үйде ұрыс-жанжал тыйылмаса, бала мұны тез қабылдап алады.
«Бөтелкелі бала»
Мамандар қазіргі балалардың тілінің кеш шығуының бір себебі – бүлдіршіндер «бөтелкелі» өмір салтын ұзақ ұстанғандығынан деп отыр. Аузында екі тісі пайда болғаннан сәби қою, құнарлы тағамды қосымша жеуі керек. Қазір көп ата-ана баласының тағамын блендерден өткізіп бергенді ұнатады да, балалар 3-5 жасқа дейін ұсақталған, үгітілген ас ішеді.
Ата-әжелеріміздің «тісің сынсын» деп өзінен қалған жілік, сүйектің қалдығын бала-шағаға беретіні бар. Ондағы ойы – бала шайнап үйренсін, тісі қатайсын дегені. Қазір жілік мүжімек түгіл ет шайнаудың өзі шет құбылыс болып тұрған секілді. Шайнау қажеттілігі қанағаттандырылмағандықтан тіл дамуы тежеледі. Сонымен қатар дәм сезгіш қасиеті бұзылады. Үнемі сорудың арқасында тіл ұшындағы дәм сезу аймағы әлсірейді. Құнары аз, сұйық ас асқазан-ішек жолдарының жұмысына кері әсер етіп, іш қатуына әкеледі. Сондықтан балаға бөтелкеден тамақ беруді таңдау кезінде оның жас ерекшелігін есепке алған жөн. Жасы өскен сайын тағамның санын емес, сапасын арттырып, ботқаның мөлшері көбеймей, қоюлану керек. Сұйық ас – сөйлеуге кері әсер етеді.
Қызметі қымбат логопед
Иә, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тіліндегі кемшіліктерді түзетумен логопед маман айналысады. Алайда осы маманның қызметі барлық балаға қолжетімді ме? Біздіңше, жоқ. Логопед қызметін ұсынатын түрлі дамыту орталықтарының ресми парақшалары мен жарнама порталындағы хабарландырулар арқылы журналистік зерттеу жүргізіп көрдік. Логопед қызметінің құны әр қалада әртүрлі. Дамыту орталығының бірінде үш жастан асқан баланың тілін дамытатын логопедтің бір курсы 30 мың теңге тұрады екен. Бір курста 40 минуттық 10 сабақ болады. Орталықтың қызметкері көп жағдайда балаларға бір курс жеткіліксіз болатынын жеткізді.
Қай орталыққа барсаңыз да бірінші кезекте баланы көрсетіп, кеңес алуды ұсынады. Кеңес беру де көбіне ақылы. Курс мерзімі баланың тіл дамуындағы жағдайға байланысты болады екен. Біз өзі ауруымыз асқынғанда ғана дәрігерге жүгіретін халықпыз ғой. Соған сүйенсек, өмірдегі тәжірибеге салсақ, атааналардың басым бөлігі баласына логопед көмегінің керек екенін 3-4 жастан кейін ғана түсініп жатады. Бұл немқұрайлық па, әлде үміттеніп жүріп уақыт жоғалту ма?
Бағынбайтын балақай
Біз көбіне үйдегі балалар телефонға телмірсе, көзін құртатын болды ғой деп алаңдаймыз. Алайда біз байқай бермейтін тағы бір зиян барын естен шығарып аламыз. Бұл – бала тілінің кеш дамуы, кей жағдайда мүлдем шықпауы. Бір танысымыз баласы 3 жастан асса да тілі шықпағанын, туғалы планшеттен бас алмағанын айтты.
– Бала 2 жасқа дейін уақытының 85% анасымен бірге өткізеді. Ал 1 жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, 2 жастағы бала 300 дей сөзді анық айтып, ал 3 жастан кейін еркін сөйлей алуы керек. Анасы осы уақыт аралығында баланың ерте, жақсы, әріптерді анық сөйлей алуына ең бірінші көмекші адам ретінде септігін тигізеді. Егер баланың 3 жасқа дейін тілі анық шықпаса, ата-ана тиісті мамандарға көрсеткен жөн. Өкінішке қарай, кейбір ата-ана 3 жасқа дейін баласы сөйлемесе де, әлі ерте, бала ғой, тіліп шығып кетеді, еркелік қой деп алаңсыз жүре береді. Алайда, ол алдағы уақытта ойлау қабілеттеріне белгілі әсерін тигізуі мүмкін. Себебі сөйлеу мен ойлау қабілеті бірбірімен тығыз байланысты, – дейді мамандар.
Ауруды жеңген аналар
Баланың психикалық дамуында кешеуілдеу байқалса, ұнжырғаңды түсіріп, бірден салыңызды суға кетірудің қажеті жоқ. Баланың болашағы үшін соңына дейін күресіп, тиісті мамандарға тексертіп, оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Ем шараларын қабылдағаннан кейін баланың денсаулығында оң өзгеріс пайда болғандар да бар.
– 2008 жылы ұлым өмірге келді. 3 жасында оған ЗПР, ЗРР, аутизм диагнозы қойылды. Алғашқыда қабылдай алмадым. 5 жасына дейін сөйлемеді. Баламды мұндай күйде көру маған ауыр тиетін. Содан кейін аналық жауапкершілігімді сезініп, өз-өзімді қолға алдым. Осылайша оны емдетуге, дамытуға кірістім. Қарапайым балалармен бірге балабақшаға бердім. Психолог пен логопедке ай сайын тексеріліп отырдық. Ұлым басқа балалардың жанында өзін ыңғайсыз сезінбеуі үшін барымды салдым. Біршама уақыттан соң баламның бойындағы өзгерістерді байқадым. Ол сөйлеп, басқа заттарға қызығушылық таныта бастады. Жалпы білім беретін мектепке апардық. Бұл қадамымды көпшілігі қолдамады. Арнайы білім беретін мектепке барғанымызды дұрыс санады. Бірақ ешкімнің сөзіне көңіл аудармай, ішкі сезімдеріме сендім. Баламнан нәтиже көріп, оны әрі қарай да дамытуға тырыстым. Қазір оның жасы 15-те. Өте ақылды, еңбекқор болып өсіп келеді. Техникаларға қызығушылығы жоғары. Өзін дамыту үшін түрлі курстар оқып жүр. Оқу ақысына да ақшаны аямаймын. Сол себепті балаға қойылған диагноз аналардың сағын сындырмай, керісінше шыңдау керек. Жан-жақты ізденіп, бір орында тұралап қалмай әрекет ету керек. Тұрақтылық – жетістіктің бір жолы, – дейді Фарида Османова.
Баланың денсаулығына әрбір ата-ананың алаңдайтыны анық. Қазақ әуелден бар жақсысын балаға беріп, ұрпағына жағдай жасау үшін өмір сүретін халық. Қазіргі таңда сырқаттанып қалсаңыз, ем табу да оңай емес, кейбір жағдайда емнің өзі қымбатқа шығып жатады.
Түйін Кез келген ата-ана бала дүниеге келген сәттен бастап оның өміріне, дамуына, баланың дұрыс қалыптасуына жауапты. Қазіргі заманда тіршіліктің қамы, отбасын бағу деп жұмысбастылыққа салынып жатқан ата-аналар жетерлік. Бірақ балаға көңіл бөлу дегенді ұмытпаған абзал. Оны мамандар «пайдалы уақыт» деп атайды. Бұл дегеніміз – отбасында балаға көңіл бөлу, баламен әңгімелесу, оның эмоционалды күйін, жан-дүниесін түсінуге уақыт арнау. Психолог мамандарының айтуынша, бұл уақыт баланың жасына сай дамуы ғана емес, отбасындағы түсіністіктің артуына, ұрыс-керістің азаюына да септігін тигізеді екен. Егер балаңызда қандай да бір өзгерістер байқалса, дер кезінде дабыл қағып, маманға қарату қажет.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
31 шілде 2024 ж. 239 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 259

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930