Логопедке неге сұраныс артуда?
qarmaqshy-tany.kz Соңғы уақытта мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп жасындағы жеткіншектер арасында бізге таңсық аурулар жиі ұшырасатын болды. Сонау бір уақытта бала жасынан көз жанарының дұрыс көрмеуін сөз етсек, енді міне, дұрыс сөйлей алмайтын, әріптерді дұрыс айта алмайтын балаларды жиі айтып жүрміз. Қоғамда мұндай бала санының артуы логопед мамандарға сұраныстың күрт өсуіне алып келді. Тіпті ата-ана баласын жетектеп, логопед маманының есігін жиі қағады. Кінарат неден, кінә кімнен? Нәтижесі қандай?
Бүгінде логопедке деген сұраныс жоғары. Кей қалаларда арнайы балабақша мен оған кезекке тұрғандардың саны көбейген. Мұнан соң «тіл мүкістігі бар бала неге көбейіп барады» деген сауал туындайды. Жалпы тіл мүкістігі неден пайда болады?
Жалпы, баланың дамуы кезінде тісінің қисық шығуы, таңдайы мен тілінің жырық болуы, аузын еркін аша алмауы – мұның бәрі тіл мүкістігіне әсер етеді. Сондай-ақ, туғаннан баланың есту қабілеті нашар болса, айтылған сөзді құлағында сақтап қала алмайды. Сол себепті де сөздерді анық айтпайды. Тағы бір әсер ететін фактор – жүйке жүйесінің зақымдалуы. Яғни, бала кішкене кезінен белгілі бір жағдайда қатты қорықса, шошынса да сөйлеу кезінде қиналады. Мұнан басқа да әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Мәселен, анасының екіқабат кезінде жұқтырған түрлі вирусы немесе сәби кезінде дұрыс салынбаған екпелер, экологиялық мәселелер де әсер етуі мүмкін.
– Бүгінде өңір бойынша 40-қа жуық бала логопед маманның есігін қағып отырады. Кейде ата-аналар “баламен жұмыс істеуді қашан бастау керек?”, – деп сұрап жатады. Баламен ауызша сөйлесуді, жалпы жаттығуды кішкентай кезінен бастаған дұрыс. Ата-ананың қателігі 3 жасқа дейін баласы сөйлемесе оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ерте жастан баланы маманға қаратса, соғұрлым нәтижесі де жақсы болады. Тіл кемістігі балаларда түрлі жағдайда орын алады, оны медицинада 8 категорияға бөледі. Оның ішінде ақыл-ойы кем, ақыл-ойы артта қалған, даун синдромымен ауыратын, аутизммен ауыратын, орталық жүйке жүйесіне зақым келген балалар көбіне тілінде мүкістігі бар болып дүниеге келеді. Баланың өсуі кезінде педиатр-дәрігер оның даму сатысын ұдайы бақылап отырады. Ол былдырлай бастағаннан тілінің дамуын жіті тексереді. Негізі невропатолог дәрігерлер бала бір жасқа толғанға дейін бір буынды он сөз айту керек дейді. Бірақ қазір бұл жағдай күрделеніп кеткені соншалық, бір жасқа дейінгі балалардың арасында «мама» деген сөзді айтпайтындары да көп. Айта кетерлігі, 3-4 жастағы баланың «р» әрпін айтпауы қалыпты, ал егер 4,5-5 жастағы бала дұрыс айтпаса, міндетті түрде арнайы логопед мамандардың көмегіне жүгінгені абзал. Себебі осы аралықта баланың тілінің бұлшық еттері дамып қатая бастайды, – дейді аудандық психологиялық-педагогикалық кабинеттің логопед маманы.
Балада дұрыс сөйлеу қалыптасу үшін ұсақ моториканы дамыту керек. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ағзадағы барлық қозғалысқа жауап беретін ми қыртыстарының үштен бір бөлігінің жүйке нүктелерінің кескіні алақан мен саусақтарда орналасқан. Сондықтан зерттеушілер алақанды “екінші тіл” деп те атаған. Яки, екі алақан мен саусақтардың ұсақ моторикасын дамыту арқылы баланың есте сақтау, ойлау, пайымдау, зейін салу, сөйлеу сияқты қабілеттерін жақсарта аламыз. Ал оны дамытуды баланың 8 айлығынан бастаған дұрыс.
– Балабақшада тіл мүкістігі бар балалармен түрлі деңгейдегі емдеу шаралары жүргізіледі. Біз тіл мүкістігі бар балалардың ата-анасымен тығыз байланыс орнатамыз. Мамандар тіл мүкістігінің пайда болуы алдымен – емізіктен деген пікірді айтып жатады. Емізікті көп емген баланың таңдайы тереңдеп, икемсізденіп, артикуляциялық қозғалысы нашарлайды. Сондай-ақ, ата-ананың баласына дұрыс көңіл бөлмеуі, онымен әңгімелеспеуі де сеп. Мәселен, 1 жастағы бала 5-10 сөз айтуы тиіс, ал 2 жастағы бала 200-300 сөз білетіндей қабілетке ие. 3 жаста күрделі сөйлемдерді айтып, дауысты дыбыстарды толық меңгереді. Бізде балабақшада балалар жас мөлшерімен топтарға бөлінген. Психологтар жас деңгейіне сай жұмыстар жасаймыз. Күнделікті тақпақ, жаңылтпаштар жаттатып, әріпті, сөзді қайта-қайта дұрыс айтқанша үйретеміз. Ата-ана, баласын күнде сөйлетіп, айта алмаған әріптерін байқаған жағдайда арнайы маманға жолығып, ертерек қозғалуы тиіс. Мұның балаға берер пайдасы зор, – дейді «Тоғжан» балабақшасының психологі.
Бүгінде ата-ана баласымен ауызша сөйлесуді ұмытқан секілді. Сөйлессе де, былдырлаған бала тілімен жауап қайтаратынын көріп жүрміз. Әңгіме-ертегі, өлең оқып бермейді, бұрынғы “қуырмаштарды” айтпайды кей ана. Бұның бәрі балаға қажет. Ол осылай тәрбиелеуі керек. Бұрын қазақ бесік жыры, ертегілер, қуырмаш, тіпті асық ойындарының өзі осы балалардың дамуы үшін ойлап табылған. Ал қазір мұның бірі жоқ. Керісінше баланың қолына қалтафон ұстатып, көкжәшікке телміртіп қояды. Уақытын алып, жыламаса болды.
Түйін. Бүгінде баланы кей ата-ана көп нәрседен шектеп қойған. Көзінен таса қылмай, жанынан бір елі ұзаса мазасызданады. Сыртқа шықпайды, ғаламторға байланған. Ал, ғалымдар тілдің дамуына бала қолының ұсақ моторикалары, яки қол бұлшықеттері мен саусақтарындағы нүктелер әсер етеді деп дәлелдеген. Сондықтан оны күніне бір мезгіл топырақта ойнатқан абзал.