ОТБАСЫЛЫҚ САЙЫСТЫҢ ОЗАТТАРЫ
Отбасы – мейірім мен махаббаттың, жан тыныштығы мен ауызбіршіліктің ұштасқан ордасы. Жарасым тапқан әр отбасы – мемлекет тыныштығының кепілі. Адамзат атаулының бәрінің бойындағы адамгершілік, имандылық, әдептілік, кішіпейілділік сынды көптеген қасиет осы жанұяда қалыптасады. Отбасы іргетасының беріктігі – оның мүшелерінің өз міндеттерін біліп, өз межесінде орындауында жатыр. Белгілі бір заңдылыққа мүлтіксіз бағынған отбасында тыныштық орнайды.
Осы орайда отбасы құндылығын дәріптеп, жанұя мүшелерінің қатынасын нығайту, зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында республика көлемінде түрлі іс-шара ұйымдастырылып келеді. Сондай асыл мақсатты көздеген байқау жуырда Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында өткізілді. «Алтын ұя» тақырыбындағы отбасылық квестке облыс бойынша 10 отбасы бақ сынады. Білімді, коммуникативті, ізденімпаз әрі тапқыр отбасыларды даралайтын сайысқа біздің ауданнан педагогтер отбасынан құралған Қозыбақовтар жанұясы бақ сынап, І орынды жеңіп алды.
– Біз байқау туралы хабарламаны көріп, онлайн түрде қатысуға өтініш білдірдік. Бекітілген ережеге сай байқауда келіншегім, ұлым, қызым төртеуміз бақ сынадық. Ойын Қызылорда қаласының астана болғаны әрі «Қазақ» атауы ресми бекуінің 100 жылдығына орай Отбасы орталығынан бастау алып, қалада жаңадан бой көтерген облыстық тарихи-өлкетану музейі, Теннис орталығы, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясында өрбіді. Әр локацияда аймақ және ел тарихы, мәдениет және спорт, білім салаларына қатысты жасырылған 45 сұраққа QR код арқылы жауап бердік. Отбасы болып ойланып, жанұя болып жұмылып сұрақтың жауабын іздеу біз үшін өте қызықты болды. Мұндай сайыстар отбасы бірлігін арттыруға, отбасы мүшелерін құрметтеуге септігін тигізетіні анық, – дейді жеңімпаз жанұяның отағасы Айбол Қозыбақов.
Зияткерлік ойын «Отбасы» орталығында қорытындыланып, жеңімпаздарға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының Алғыс хаты және бағалы сыйлықтары табысталды. Сайыс барысында қатысушылар өзара бақ сынаумен қатар, қаланың көрікті орындарында болып, әрбір ғимараттың тыныс-тіршілігі, жұмыс бағытымен танысты. Ұшқыр ойлы, зияткер ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы мұндай танымдық жобалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА