БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ БЕСІГІ
Жыл сайын жаңа оқу жылында мыңдаған бала мектеп табалдырығын аттайды. Олардың дені мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан әріп-сан танып, мектеп партасына отырады. Осындай келелі жұмыстар әдетте балабақшаларда атқарылып, педагогтердің өлшеусіз еңбегімен жүргізіледі. Оның қатарында ауданымызға қарасты №21 «Тоғжан» бөбекжай-бақшасы да бар.
«Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауына көмектес» демекші, бұл ұстанымды балабақша тәрбиешілері өздеріне бағыт-бағдар еткен. Осы жылы да жас ерекшелігіне қарай жұмыс жасайтын топтар бірқатар жетістікке жетіп отыр. Олардың ішінде «Ботақан» мектепалды тобының орны бөлектеу. Себебі мұндағы бүлдіршіндер алдағы оқу жылында мектеп табалдырығын аттап, оқушы атанады.
Жыл көлемінде топқа жетекшілік еткен тәрбиешілер Асыл Ахметова, Жазира Ақбатырова және тәрбиеші көмекшісі Айгүл Раметовалардың атқарған қызметтері ерек. Топтағы 25 бүлдіршін білім беру дағдыларымен тәлім-тәрбие алып, болашақ білім ұяларына қарай қанаттарын қомдады.
Айта кетерлігі, «Ботақан» мектепалды тобының бүлдіршіндерінің дарындылығы көпті тәнті етеді. Балаларының талантын шыңдауда атааналардың да қолдауы көңіл көншітерліктей. Республикалық түрлі байқауға қатысқан кішкентай бөбектар өз білімдері мен өнерлерін көрсетуден аянып қалған жоқ. Мысалы, «Мың бала» республикалық зияткерлік орталығының ұйымдастыруымен қаңтарақпан айларында өткен мәнерлеп оқу байқауынан жүлделі орын иегерлері атанса, «Абай оқулары» сайысынан Алима Көптілеу, Тілеуқабыл Саматұлы, Айя Қуанышқызы I орынды жеңіп алды. Наурыз айындағы «Мақатаев оқулары» байқауында Айзере Серікқызы, Айя Сәденова қатысып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Тілеуқабыл Саматұлы, Алима Дәулетқызы, Айзере Абайқызы, сондай-ақ «Akberen Education – Ақберен» республикалық танымдықшығармашылық журналы ұйымдастырған республикалық «Мағжан оқулары» байқауынан Хабибулла Жақсыбекұлы, Ханшайым Азаматқызы I орын иегерлері атанып, топ тәрбиешілері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
– Бала – болашағымыз. Олардың ертеңгі күні кірпіш болып қалануына бәріміз де мүдделіміз. Тағы бір тобымызды білім беру ошағына шығарып салып жатырмыз. Балабақшадағы оқу-тәрбие процесі белсенді өтті деп айта аламыз. Басшымыз Марина Махановаға және үнемі қолдау білдіріп отыратын бүлдіршіндеріміздің ата-аналарына шексіз алғысымызды білдіреміз. Ата-ананың ризашылығын алу бізге де үлкен мәртебе, – дейді тәрбиеші ұстаздар.
Сәрсенкүл АҚКІСІ