БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНЫ
Қай кезде, қай жерде көрсеңіз де жадырап жүретін бұл апайымыздың аты-жөні – Әзиза Сәтмаханова. Кенттегі «Толғанай» балабақшасының аға тәрбиешісі болып жұмыс істейді. Жалпы білім саласындағы еңбек өтілі 40 жылдан асса, балабақшадағы қызметіне 23 жыл толады екен.
Ә.Тәменқызы қасиетті Қармақшының тумасы. Көпбалалы отбасында 1964 жылы дүниеге келген. 10 баланың 4-шісі. Жастайынан мінезі ашық, айналасына мейірімді. Ойын тура айтатын, көп ізденетінімен сыйлы. Апаймен сырласқан жанның көңіл сарайы бір серпіліп қалады. Бір сөзінде педагогика саласын таңдауына көрші апайының әсері болғанын айтқан-ды.
– Бала кезімізде сыртқы есікті құлыптап жүрмейтін едік қой. Үй ортасы ашық болатын. Әрі кетсе есік қойылатын да, ол да көбінесе ілінбейтін. Адамдардың сенімі жоғары болатын. Біздің де көршілеріміз жақсы кісілер болды. Ата-аналарымыз етене араласты. Бір-біріміздің үйімізде еркін жүре беретінбіз. Олардың арасында пән мұғалімі Шыназкүл Шаймаханова апай өз әпкемдей болып кетті. Ол кісінің Ақылай деген сіңлісімен бірге мұғалім болып ойнаймыз, сонда апай дәптер тексеріп, кітап оқып отырады. Осы көріністерді көріп қатты қызығатынмын. Көзбен көріп, көңілге түйгендерім – менің болашағымды білім саласымен ұштастырғаны анық. «Білімнің жарығы алысқа түседі» демекші, білімді, ұлағатты жандардың тікелей өзіңе келіп бірдеңе деп жатпаса да, жанама әсермен осылайша өміріңе шуағын құйып жататыны болады екен. Шыназкүл апай да менің өміріме, мамандық таңдауыма осылай әсер еткен жан, – дейді ол тебірене сөйлей.
Кімнің болсын азамат болып қалыптасуында, алға қарай ұмтылысында өз ортасы әсер етеді деп жатамыз. Біздің кейіпкеріміз де №183 мектептің орыс бөлімінде оқып, Забира Әбдіразаққызының сыныбынан білім алған. Жас қыз мектептен соң Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесінен «Бастауыш сынып әдістемесі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны жақсыға бітіріп шығады. Қолында дипломы бар бойжеткенді сол уақытта білім бөлімін басқарған Тілеумұрат Науанов ағамыз орыс тілі маманының жетіспеушілігіне байланысты Қармақшы ауылына жұмысқа жібереді. Сөйтіп ол 3 жыл №113 мектепте шәкірттеріне сабақ беріп, ұстаздық жолын бастаған.
Тәжірибелі маманның одан арғы қызметі 1984 жылы аудан орталығындағы өзі білім алған №183 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болуымен жалғасын табады. «Сол кезде Шыназкүл апаймен еңбек жолында қайта жүздестік. Ол кісі маған көп нәрсе үйретті. Педагогикалық қызметімде тәлімтәрбие берді, үлкен жүректі ұстазым болды. 2002 жылы орыс сыныптары жабыла бастағанда мектеп жанынан «Айгөлек» балабақшасы ашылып, соған ауыстым. 2010 жылы балабақша «Толғанай» болып өзгертілді. Басшымыз Гүлзира Шаймерденқызының қарамағында 10 жылдай психолог, әдіскер болып жұмыс істедім. Одан соң аға тәрбиеші болып еңбек етіп келемін. Осы қызметімде абыроймен зейнетке шығып жатырмын» дейді бала жанының бағбаны.
Әзиза Тәменқызы жұмыс істей жүріп, Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтынан «Бастауыш оқыту педагогикасының әдістемесі» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Саладағы еңбек еткен жылдары облыстық, аудандық семинарлар мен ашық сабақтардың өз деңгейінде өтуіне атсалысып, шығармашылық жұмыстар көрсеткен. Бала тәрбиесі қашанда оңай болмаған.
Ыстық-суығын біркісідей көтере білген аға тәрбиешінің ұжымдағы сыйы жоғары, құрметі ерекше. Ол осы жылдар аралығында сәбилердің сүйіктісі атанып, олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орната білді. «Даярлық тобында» бірінші сыныпқа дайындаса, «Бөбек тобында» 2-3 жастағы бөбектерді таңертеңгі қабылдап алудан бастап, серуенге шығару, тақпақ жаттату, би қозғалысын үйрету, ойын әдістерін ұйымдастыру секілді инемен құдық қазғандай жұмыстарды ұйыстырды. Көптеген іс-шара ұйымдастырып, игі істердің ұйытқысы болды.
Ұлағат иесі балабақшадағы жұмысынан бөлек, 2018 жылы Жосалы кентінен ашылған «Дәметкен ана» әлеуметтік балалар оңалту орталығында қосымша жұмыс істеп бастайды. Осы орталықта 2021 жылға дейін еріктілер қатарында істеді. Оны 2022 жылы орталықтың басшысы етіп тағайындайды. Бүгінде 15 мүмкіндігі шектеулі бала тіркеліп, оңалту шараларын алуда. Онда еңбек терапиясы, логопед-дефектолог, психолог, дәрігерге дейінгі, массаж кабинеттері мен мәдени-бұқаралық секторы жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ емдік денешынықтыру залы іске қосылған. Мекемеде барлығы 9 маман балаларға қызмет көрсетеді.
– Орталықта қосымша жұмыс істеп келе жатқаныма да 7 жыл болады екен. Осы уақыт аралығында облыстық, республикалық деңгейдегі әлеуметтік байқауларға қатысып, мекеме түрлі грант, байқаулардың жеңімпазы атанды. Ол ұтқан қаржылар кабинеттерді жабдықтауға жұмсалды. Әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болдық. Балаларымыз да шығармашылық байқаулардың жүлдегері атанып, абыройымызды асырды. Аида шәкіртіміз біздің мақташынымыз. Ол бүгінде жоғары оқу орнының студенті. Құрылтайшымыз Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, марқұм Зарқұм Сартайұлы пен оның зайыбы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің оқытушысы, медицина ғылымдарының доценті, ғалым Дина Базаралықызының еңбегі зор екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар қолыма әліппе ұстатып, әріп үйреткен алғашқы ұстазым Фатима Хайруллақызына, балабақша меңгерушілері болған Гүлзира Шаймерденқызына, Қарлығаш Ақназарова, Гүлзат Қарабисеноваға және қазіргі кезгі басшымыз Айгүл Күзенбаеваларға алғысым шексіз, – дейді ол ризашылық білдіріп.
Білікті маманның саладағы ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, ҚР Оқу-ағарту министрінің, аудан әкімінің және аудандық білім бөлімі мен кәсіподағының Алғыс хаттарымен марапатталса, кеудесіне «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Білім көшбасшысы» медалін тағынған.
Әзиза апайымыз зейнетке шықтым екенмін деп бос қарап отыруды жөн санамайды. Қолдан келгенше әлі де орталықтың жұмысын жандандырып, әрбір баланың жұлдызын жағуды міндеті санайды.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ