Зымыраған уақыт
Өтті, кетті – уақыт зымырайды,
Саусақ бүгіп санаймын, күн мен айды.
Кеше ғана сияқты ед(і) бұла күнім,
Ойлатпаған уайым, өмір жайлы.
Бойжетіппін, есейіп келін болдым,
Босағасын өзгенің, аттап оңын.
Келешекті бағамдап, бағдарламай,
Ана атандым сол үйде танып солын.
Бала өсіріп, өрісті кеңейткенде,
Тереземіз ел-жұртпен теңескенде.
Жан-жағыңа бажайлап қарағанда,
Марқаясың, шүкір деп, қол жеткенге.
Отбасында – отағасы ел танып,
Қызметі дүзде болып, мал тауып.
Үлфаттасып, жарты ғасыр ғұмырда,
Көсегеміз көгергендей бата алып.
Құдандалы, құдағилы болатын,
Жасқа жеттік, төрге қонақ қонатын.
Ұл ержетті, келін түсті имене,
Той тойланды, қыз жат жұрттық, жолы алтын.
Сенетінбіз, өзімізге – күшімізге,
Кірмейтін «байлық» деген түсімізге.
Сарыуайым шекпедік, дүние үшін,
Қуанып, мәз болушы ек ісімізге.
Асулардан асқанда тасымағын,
Қаңтарылмай, зуласын арғымағың.
Өлсең қайтып келмейтін, бес күн жалған,
Өмірде өкінішсіз жансын бағың.
Ойлайтының – ұрпағыңның саулығы,
Көңіл хошың, бәрі солар арқылы.
Аман жүрсе, болар солар деуменен,
Шықпасаң да, жақын тұрар тау шыңы.
Жетпістің желкеніне мінгендейміз,
Әлі де той тойлаудан тежелмейміз.
Өзге ұлттай саяхаттап шетелдерге,
Мұхиттардан әрі асуды жөн көрмейміз.
Тоқетері тоқсанға жетемін деп,
Шөбере, шөпшек сүйіп кетемін деп,
Қиялға берілмейік, күпірлікке,
Бекерге сөз шығындап, көксемей көп.
Қанымызда қанағат пен тәубе бар,
Ағайынсыз, туғандарсыз дүние тар.
Екі дүние есігінде құлып жоқ,
Мәңгілікке қоштасу... Соңғы сапар...
Сырға АЛДАСҮГІРОВА