АУДАНДА АҚЫН НЕМЕРЕСІ
Бұл тосыннан кездесу былай болды. Ауданның маңдайалды дәмханаларының бірінде тамақтануға тапсырыс күтіп отырғанмын. Мұндайда таныстар бар ма деп мойын бұрып, жан-жағымызды түгендеп отыратын әдетіміз емес пе? Дәл артымдағы столда көзіне қара көзілдірік киген, түрі орыс өкіліне ұқсайтын бейтаныс жігіт телефонын түртіп отырды. Дәмхананың иесі жаңағы кісінің қасына жақындай келіп «Брат, сізде бәрі дұрыс па? Қазір тапсырысыңыз келеді» деп көңілін аулағандай болды. Бұрын көрші болған Ернұр ағам ғой. Осы дәмхананың қожайыны, жақсы кәсіпкер.
Қызық енді басталды. Сол көршім бәйек болып жүргендей әлгі жігіттің қасына қайта келіп жайғасты. Менің де тапсырысым келіп, асқа қолымды сала бергенімде Ернұр «Ерсін, келсей қасыма» деп шақырып алды. «Танысып қой, менің досым Сырым. Бұл – ақын Қадыр Мырза Әлидің немересі. Алматыдан мені іздеп қыдырып келді» деді сөздің тоқетерін жеткізіп. Менің журналист екенімнен хабары бар-тын. Орыс өкілі деген қонағымыз өзіміздің қазақ екен. Жүзі жылы, қарапайым келген. Бағанадан бері зыр жүгіріп жүрген көршім оған әзілін араластырып, шынайы ілтипаты мен қонақжайлылығымызды көрсетіп жүргені екен.
Таныстықтан кейін ақын немересі сәл ашыла сөйлеп, бізбен араласа кетті. Былай ұяңдығы жоқ. Жүзіне қарап отырып шынымен Қадыр атамызға ұқсаттым. Жалпы суреттен көрген жанға ақынның да түр тұлғасы бөлек кісі ғой. Ешкімге ұқсамайтын өз әлемі бар. Ол саналы ғұмырын туған халқына арнап, перзенттік адал махаббат, ыстық ықыласымен оның ар-намысын поэзия көгінде ту қылып көтеріп өткен дарабоз ақын. Қадыр ата жайында немересі Сырымнан біраз естелік естімекке араға бір күн салып қарашаңырақ редакциямызға шақырдық. Ол ұсынысымызды қуана қабыл алды.
Қадыр Мырза Әлидің Қуаныш, Қазбек, Ғазиз есімді үш ұлы болса, Сырым тұңғыш баласы Қуаныштан тараған. Анасы – Наталья Геннадьевна. Өзі Мәскеудің Киржач қаласында дүниеге келген. 3 жасында отбасымен Алматыға қоныс аударып, содан бастап ақынның тәрбиесінде болыпты.
– Ата-анам Мәскеуде оқып, мен солардың қолында болғанымда ата-әжеммен байланысым болған жоқ. Кейін елге оралғанда туыс қандарыммен араласып, ата-әженің қолында өстім. Былай айтқанда немерелердің ішінде атаның жанында көп болған менмін. Қадыр атаның қолында мектеп бітіріп, грантқа оқуға түсіп, өмірден озғанша қасында серік болдым. Бірақ жалғыз мені емес, барлық немерелерін жақсы көрді. Ол кісінің поэзияларын оқысаңыздар ішінде Мұхит, Айсұлу деген есімдерді жолықтыра аласыз. Ал мен туралы кейін проза, күнделігіне естелік ретінде жазып қалдырды.
Қадыр атаның абыройын алып жүру біз үшін үлкен мәртебе болды. Бұл жерде ұрпақтары ол кісімен мақтанып қана қоймай, абыройына нұқсан келтірмей жауапкершілікті де сезіне білдік. Мысалы бір жерге барғанда өзімізді ғана таныстырмай, ақынның да есімін қатар алып жүреміз. Ол кісі менің ғана атам емес, халықтың да атасына айналды. Оның ерекше бір қасиеті – әзілге қабілеті жоғары. Мәселен, бір ортада ұрыс, жанжал өршіп жатса соны әзілге айналдырып, барлық нәрсені бір сәтте ұмыттырып жіберетін. Мен осы қасиетті басқа ешкімнен кездестірген емеспін. Екінші бір ерекшелігі – дипломаттығы. Көбісі оны ақын деп таныса, дипломатиялық қарым-қатынасы өте жоғары болды. Ең қиын деген адамдармен басы бір қазанда пісе беретін. Шатақ, мінезі ауыр дегендердің тілін табатын. Сосын атамның сабырлылығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Ішкі әлемі бай болғаны соншалық ұрыс-керіс жерлерде ашуға беріліп, көңіліне қаяу түсірмейтін. Тіпті арандатушылардың сөзі де атамның сабырлылығын бұза алмаған. Ол кісіні аяқтан шалушылар көп болды, қиындық көрді. Атам елдегі үлкен мәселенің бірі – рушылдыққа бөлінгенді жаны сүймейтін. Осыған орай халықты біріктіру үшін, осы мәселемен күресу үшін «Иірім» кітабын жазып шықты. Бұл кітапты оқыған, түсінген адамға астарында үлкен мән жатыр. Тіпті «Иірім» кітабы жөнінде бөлек әңгіме қозғауымызға болады. Жалпы мен атамның қасында көп жүріп, уақыт өткізгеннен кейін өзімді Қадыртанушымын деп айта аламын. Өйткені ол кісінің прозасын, афоризмдерін зерттедім. Кітапта астарлап жеткізген әрбір сөйлемін өзінен сұрап, мағынасына терең бойладым. Атам шығармашылыққа, әдебиетке өзін құрбан еткені соншалық лауазымнан, депутаттықтан бас тартқан. Қолында билігі жоқ болса да еңбегі арқылы халыққа танымал болған. Сондықтан да атамды тасты жарып шыққан гүл деп есептеймін, – дейді ол.
Сырыммен әңгіме барысында тек оған сауал қойып, көбірек тыңда ғанды жөн көрдік. Өйткені мұндай танымал тұлғалардың ұрпақтары Сыр еліне аяқ баса бермейді. Өзі де ақын атасы туралы айтып тауыса алар емес.
– Атамыз шығармашылықтың адамы болғаннан кейін ол уақытты өте қатты бағалады. Керек емес жиын тойларға бармайтын. Мысалы кейбір тұлғалар өзінің жетістігімен, лауазымын айтып мақтанса, ол ондай қасиеттен бойын алыс ұстады. Атамның тек мақтанған жері – бүгін мен көп жемісті жұмыс істедім деп әр күнгі ісіне есеп беріп көңілденіп отыратын. Отбасынан бөлек елін, халқын сүйді, – дейді сырын ақтарған Сырым.
Бір қызығы Қадыр ақын өзі секілді балаларының ақын болуын қаламапты. Себебі бұл жолда өзі қиыншылық көргенін айтып, басқалардың жүрек қалауларына еркіндік беріпті. Бірақ Сырым ақындық жағынан өзін сынап көріп, шығарған өлеңдерін атасына көрсетіп, бағасын алмақ болыпты. Алайда оны көрген ақын атасы үндемепті. Енді не істемек керек? Кітаптардың арасынан Мұқағалидың бір өлеңін көшіріп алып қайта көрсетіпті. Көзілдірігін киіп, жарық жерде өлеңді оқыған Қадыр атасы сенбей «мынаны сен жаздың ба?» деп сұрапты. «Мен жаздым» десе, жақсы өлең екенін айтып бірақ сонда да мен сенің ақын, жазушы болғаныңды қаламаймын деп айтқан екен.
Сырымның анасы медицинаға жақын болғандықтан өзі де сол салаға бетбұрыс жасап, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінде «Шығыс медицинасы дәрігері» және интернатура бойынша «Терапевт» мамандығын меңгерген. Одан бөлек, жеті жыл бойы неврология саласында жұмыс істеп, тәжірибе жинаған. Бүгінде ол Алматы қаласындағы балалар реабилитациясы мен неврология ауруларын емдейтін «Нәтижелі медицина орталығының» директоры.
Ауданға аяқ басқан Сырымға кентіміздің көркі де көңіліне медеу сыйлапты. Ол бұған дейін келерде ауданымызды басқаша сипаттапты.
– Шынымды айтсам Қармақшы ауданын бұлайша елестеткенім жоқ. Маған дамуында іркіліс бар ел сияқты көрінді. Сөйтсем мүлдем басқаша. Бұл жер кішігірім қала сияқты, көшелері асфальт, түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Мұндағы халыққа көп қолайлы жағдай жасалған. Демаламын деушілерге орынтақтар қойылған, кейбір қалаларда отыратын орындық таба алмайсыз. Бұл рас, тіпті қоқыс тастайтын орын жоқ. Ал мында осының бәрі бар. Жергілікті тұрғындары қонақжай. Бірі-бірімен сыйласуы да басқа өңірге қарағанда жұмсақ. Бір сөзбен айтқанда, жақсы әсер алдым, – дейді ол ағынан жарыла.
Ерсін СӘДУҰЛЫ