Менің әкем де майдангер
ӘКЕМ, ҚҰПИЯ БАЛАСЫ ҚҰНДАҚБАЙ – ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ, ЕКІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК МӘРТЕБЕСІМЕН ЖҮРІП, 2001 ЖЫЛЫ КҮЗДЕ ҚАЙТЫС БОЛДЫ. ӘКЕСІ КӨБЕНТАЙ БАЛАСЫ ҚҰПИЯ – КЕДЕЙ, ШАРУА, КЕРЕЙТТІҢ «БЕС ЖАРТАЙ» ТАРМАҒЫНЫҢ АНДАҒҰЛ АТАЛЫҒЫНАН ТАРАЙДЫ.
Әкемнің айтуынша, Құпия әкеміз 1932 жылы 54 жасында қайтыс болыпты. Сонда ол кісі 1878 жылы туған болады. Атамыз туралы көп дерек қалдырған жоқ. Түйенің терісінен шанақ жасаған қобызы болып еді дейтін. Соған қарағанда қобыз тартқанға ұқсайды. Бірақ бақсы атанбаған. Қобызды сазды аспап ретінде ғана қолданған болса керек. Қалың қопалы, қамысты көл жағасында пілтелі мылтықпен құс атып, балық аулап, тіршілік еткен.
Тағы бір есімде қалғаны алғаш Қызылқұмға көшкен жылы «Қамыстының» солтүстік-батыс бетіндегі майда құмақта сәуір, мамыр айларында қой қоздатып, үйдің әбден тозығы жеткен шаңырағын жаңа шаңыраққа ауыстырғанда бұрынғысын бір биік сексеуілдің басына бекітіп байлап кетіпті. Мал жайып жүргенде әкем соны көрсетіп:
– Мынау сенің әкең Құпиядан қалған шаңырақ, – деп еді. Кейін бұл шағын құм «Шаңыраққалған» атанып кетті. Қой бағып сол жерге барып жүрген күндердің бірінде әбден ысталып, көгілдір түске айналып кеткен Сыр талынан жасалған осы шаңырақтың бір күлдіреуішін әкеліп кішкентай балғамды саптап алғаным бар.
– 1932 жыл. Жасым 18-де. Інім Тұрақбай 5 жаста. Әкем қайтыс болған жылы Шүленкөлдің жағасында отырдық. Бір қайығым, бір аузынан оқтайтын пілтелі мылтығым бар. Аң аулаймын, балық аулаймын. Қайық жалғыз адамдық – қылтылдаған, қауіпті. Тұрақбайды жағаға жалғыз тастай алмаймын. Айнала аш адамдар. Алып кетеді. Жеп қоя ма деп қорқам. Сондықтан көл ортасындағы аралға апарып қоямын да балық аулауға кірісемін. Қамыс арасындағы ұялардан жұмыртқа тауып аламын. Қайтарда аралдағы інімді алып қайтамын. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей, аштық жылдарынан осылай аман қалдық, – деген еді әкем бір әңгімесінде.
Жас кезінде жақын ағайыны болып келетін Қойшыбай молда деген кісіден ескіше сабақ алған. Кириллицадан гөрі, араб қаріптерін жақсы жазатын еді және Құранды өте бір нақышты мақаммен мәнерлеп оқитын. Қойшыбай молдадан бірге оқып, сабақ алған шәкірттердің арасынан көбірек айтатыны – өзінен бастап есептегенде төрт атадан қосылатын Көпжан ағамыз. Сабаққа онша болмады ма, молда әкеміз көбірек сабайтын болса керек ол кісіні.
Жазда талдан кесіп алған көк шыбықты кеңдеу ыдысқа суға малып қойып қасына алып отыратын көрінеді. Оқуға онша ықыласы болмай, оны-мұны нәрселермен балалардың назарын басқа жаққа аударып сабақты бұза беретін баланы жазаларында қасындағы біреуіне арқалатып қойып, шыбықпен тартып жіберу – ол кісі үшін бала оқыту әдісінің бір түрі болған-ау, шамасы.
– Көбіне Көпжанды маған арқалататын еді, – деп еске алып отыратын әкем – Майысқақ шыбықтың ұшы асып кетіп барып, мені де осып түседі. Ошарыла құлаймыз. Жалғыз біз емес, сабақ айтқанда әрбір әріпті өзінің асты-үсті белгілерін сақтап тиісті дыбысын қырағаттап шығара алмаған барлық шәкірттің көретіні – осы!
1985-1990 жылдардан кейін дін жолын ұстады. Аудандағы «жиырмалыққа» кіріп, молдашылықпен айналысты. 1992 жылы Қуаңдарияда ашылған Сейітпенбет әулие атындағы мешіттің алғашқы имамы болды.
Үлкейген кезде Құран кітабын көп оқитын болды. Шай, тамағын ішіп ертерек жатып қалады да, түннің бір уағында қайта тұрып алып Құран оқуға кіріседі. Барлық бөлмелердің есігі ашық тұратын болғандықтан дауысы жай естіліп тұрады.
Бір таңғалғаным, жасы сексеннен асқан кезде көзәйнегін кимей оқитын болды. Көзәйнегі сынып қалды ма, болмаса көзіне сәйкес келмей қалды ма екен – деп, бір күні сұрағанымда:
– Құран қаріптері үлкен. Қазір көзім жақсарып, кітаптағы «асты», «үсті», «сукун» деп аталатын майда сызықшаларға дейін көріп отыратын болдым. Соған қарап, Құран қаріптерінен тараған нұрдың көзді сау қалпына келтіретін қасиеті бар екендігіне көзім жетті. Тек тұла бойыңды таза ұстап, шын ниетіңмен оқуың керек. Сол кезде жүрегің де тазарады, жүрек арқылы ағзаға тарайтын қан да тазарады. Денсаулық деген сол, балам, – деген еді.
Әкемнен қалған ескерткіштердің бірі – өз қолымен әулет шежіресін жазған қара блокноты. «Сыдық молдадан 1950 жылы көшіріп алдым» деп отыратын. Сол жазбаның басындағы «Ескерту 1950 жыл. 4/ХІІ декабер куны жазылды» деген сөздерді өзгертпей, өзі қалай жазса, солай беріп отырмын.
Ел басына күн туып, Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың күзінде әскер қатарына алынады. Алғашында Түркіменстанның Ашхабад қаласы маңында жаттығудан өткен. Одан кейін 63- дивизияның 223-атты әскер полкінде жаумен бетпебет соғысқан.
– Атты әскер қатарында болдық. Әп-сәтте иесі атынан, аты иесінен айырылып жататын қияпатты ұрыстарда талай рет жаңбырша жауған оқ астынан аман алып шыққан күрең төбелімді қалай ұмытайын. «Ер қанаты» атанған жылқы деген жануардың ұрыс даласында батыл, соғыс қимылдарына икемді болатынын сонда байқадым, – деп еді бір әңгімесінде.
1942 жылдың аяғында сол иығынан ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Айығып шыққаннан кейін дәрігерлік қорытынды оны әскер қатарына жарамсыз деп тауып, 1943 жылдың сәуір айында денсаулығына байланысты елге оралды.
– «Ұлы Жеңісті» Жосалы стансасының шығысындағы Қараөзек көпірінің арғы бетінде «Көк кезерме» деген жерде қарсы алдық, – деп отырушы еді. Орыс па, әлде оралский ма соғыстан жараланып қайтқан ағаш аяқты кісімен екеуі бақша еккен болса керек. Бақша теміржолшылардікі ме, басқа ұжымдікі ме ол жағына кезінде мән беріп, сұрамаппыз. Ал «Көк кезерме» деп отырған жері, менің шамалауымша, осы күнгі «Анакөл» разъезінің маңы болуы керек.
1950 жылдарға қарай туған ауылы Сталин атындағы колхозға оралып, майда колхоздың кезінде жекеден май жинады. Осыған байланысты болуы керек, сол кезде бұл кісіні жеңгелері «Майшы бала», келіндері «Майшы қайнаға» атап кеткен еді. Осы күнгі флягтан кішілеу екі ыдысты аттың екі жағына теңдеп алады да, жағалай отырған ауылдардан жинаған майын сонау шығыс жақтағы алысырақтан көрінетін жалғыз тамға апарып, өткізіп қайтады. Ол жерді «маслпром» деп атайтыны есімде.
Күніне қанша май өткізеді, қай үйден қанша май алады, олармен қалай есеп айырысады оны білмеймін, бірақ бір бидонның көлемі 20 литрлік конистрден үлкендеу, шамасы 25-30 литр май кететін болуы керек. Түп жағы кеңдеу, атқа артқанда ыңғайлы болсын деп жоғарғы жағын қысыңқырап, екі жақ мойнына жіп өткізетін құлақ орнатқан бұл ыдыстардың май құятын ауызы қазықтың жуандығындай шүберекпен ораған ағашпен тығындалады.
Кешкілік үйге келген соң әкем пеш жанына екі темір тостаған алдырып, екі битонды екеуінің үстіне төңкеріп қояды. Кейде пышақ сырты, кейде одан жұқалау битонның қабырғасында қалған май жұғындылары еріп, ел жатқанша тостағандарға жарыдан жоғары май жиналады.
«Алмаш ағама істетіп алып едім» деп отыратын жиек-жиегі жіптіктей етіп тойтарылған бұл екі бидонның халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жолындағы колхозға сіңірген қызметі аз болмаған болуы керек, әкеміздің «майшы» деген кәсіби атауы кешегі совхоз құрылған уақыттарда да ескірген жоқ. Ал біз болсақ тостағанға жиылған сарымайды жаңа піскен бидай нанына, ол болмағанда жүгері ұнынан пісірілген қатырлақ нанға жағып жеп-ақ аш болған жоқпыз.
1957 жылы «Ақжар» совхозы құрылғанда алдымен фермада түрлі жұмыстар істеп жүрді де, кейін шопан таяғын ұстады. 1964 жылы қаракөл қойын өсіру бағытындағы Қуаңдария кеңшары құрылып, «Ақжардың» малы жаңа шаруашылыққа өтті.
Шөбі шүйгін Қызылқұм өңірі қой малына жайлы болды. Бұл кезде шопандықтың қыр-сырын меңгеріп қалған әкеміз мал өнімдерін өндіруде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп, фермадағы алдыңғы қатарлы шопандардың бірі болып жүрді. Мал басын аман сақтау, қаракөл, жүн өндіруде қол жеткізген табыстары үшін бірнеше рет жарыс озаты белгісімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Әкем ортадан биіктеу, өзіне лайық денесі бар адам еді. Шашының алдыңғы жағы сұйықтау болғанымен, қою өскен қара мұрты кескінді жүзіне жарасып тұратын, бет әлпеті келісті сұлу кісі болатын.
Әнші атанбағанымен дауысында ерекше бір саз бар, Құран сүрелерін мақаммен қырағаттап құйқылжыта оқитын үнді адам еді. Домбыраны жақсы шерте алмаса да, үйге қонақ келіп, екі-үш адамның басы қосылып отырғанда өзі жатқа білетін жыртермелерден орындап беріп, қонақ кәде сұрайтын әдеті де бар-ды. Әңгімені қыздырып, өткен-кеткен оқиғаларды еске алып отырғанды жақсы көретін. Жас кезінде қиссаларды көбірек жаттаған болуы керек, домбыраның бір пернесін ғана пайдалана отырып, «Қыз Дариха», «Тақ Сүлеймен» деген хикаяларды ерекше ырғақпен орындағанда тыңдармандарын жалықтырмайтын. Өзіме салса, өнерден де құралақан емес, ағайын арасында аздаған билігі де бар салиқалы жан еді.
– Ертеректе жыр, терме, қиссаларға толы екі-үш қалың дәптері бар еді, өлең айтатын жырау інісі – Қисықбас балаға бәрін беріп жіберді ғой деп отыратын шешеміз. «Қисықбас бала» деп отырғаны – Рахымберді ағамыз. Соғысқа қатысып, бір аяғынан айырылып келген. Ағаш аяқ. Домбыраға қосып жыр-термелерді жақсы айтатын. Көпшілік отырған жерде кейде ұзақ-сонар қиссаларға түсіп, түннің бір уағына дейін тыңдармандарын айналдыра алатын жыршылығы бар еді.
Бірақ осы Рекең, Көшекбай ағамыз, Нағымет ағамыз сияқты кісілердің домбыра ұстап, «әу» дегені болмаса, біздің ағайындардың ішінде жыраулық өнердің соңына түсіп кәсіп қылған адам болған жоқ.
Әңгіме әкем туралы болған соң өз арнама қайта түсейін, Тұрекеңнің «Рүстем-Дастан» кітабы жарық көргеннен кейін әкеміздің ермек қылғаны қолындағы Құран кітабы мен осы «Шаһнама» болды. Малда жүргенімізде сәске түсте отарды суға құлатады да, шай келем дегенше жастыққа қисаяр-қисаймастан: «Әшкәбустан оқы!» дейді.
Әрі қарай белгілі, бір жастықты бүгерлеп, етбеттей жатып оқи жөнелем:
– Риһам ат ойнатып, барды майдан,
Арманым жоқ деп жұртқа тисе пайдам.
Тұраннан шықты Әшкабус деген батыр,
Үш жүз кез ұзындығы өте тайлан.
Тымағы басындағы елу тері,
Болмайды деуге ернін пәлен елі, – дей бергенде:
– Пәлі!!! – деп қалады...
Тұрекеңнің сөзіне риза болып жатқанымен, шаруам жоқ менің оқығыштығыма қолапаш көрсетіп жатыр екен деп, мұрынды бір тартып қойып, одан әрі зуылдатам.
Алғашында екпіндей жөнелгеніммен оншақты парақ ауыстырғаннан кейін менің де дауысым бәсеңдей бастайды. Ондайда шәйі қайнап, тамағы әзір болған шешем көмекке келеді. Кернейі жаңа алынған, ентігіп тұрған самаурынды алып келіп:
– Тұр, шайыңды іш, баланы ығыр қылдың ғой, – деп, нанды турай бастағаннан бәріміз тұрып дастарқан жиегіне жақындаймыз.
Сол жылдары әкемізге «Шахнама» жырларын оқып беру дағдыға айналғаны сонша, қарындасым Бақыт екеуміз қалың кітапты жаттап алдық десек те болады. Әсіресе маған көбірек оқытады. Бұдан да жалығады екенсің, тыңдап жатып ұйқыға кетуін мен де аңдып отырамын. Ол кісі аздап қорылдай бастағанда дауысымды бәсеңдетіп барып орнымнан жәймен тұрып кетемін. Кейде бұл әрекетімнің сәтті шықпай қалып, мысықша басып тұрып бара жатқанымда ұйықтады деп ойлаған әкемнің «оқы!» деген дауысынан қайта отырып оқуды жалғастыра беретін кездерім де болды.
Сол жылдары «Айтыс» деп аталатын мұқабасы көк қалың кітапты әкем бір жерден алып келді. Кейін білгенімдей, 3 томдық болып шыққан айтыстың бұл томында Сыр бойы ақындарының жазба айтыстары бар екен.
«Алты ақынның өмір туралы айтысы», «Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіптің айтысы», «Шораяқтың Омары мен Қарасақал Ерімбеттің айтыстарындағы» терең иірімді ой, тәмсілге толы түйіндер, бірін-бірі жетелеп отыратын бір ұйқасқа байланып қалған өлең жолдары мені өзіне тартып үйіріп әкетті. Әсіресе «Бір қыз бен он алты ақынның айтысы» деп аталған айтыстан өзім туып-өскен Сыр өңірінің терең тарихына бойлағандай болып едім.
Осының бәрі далаға кетпеді. Ән-жырға, ескілікті әңгімелерге құмар болып өстім. Соның арқасында мектепте де, жоғары оқу орнында да мұғалімдерім мен жетекшілерімнің алдында сыйсыз болғаным жоқ.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі