ЕҢ ЖОҒАРЫ ҚҰНДЫЛЫҚ – АДАМ ҚҰҚЫҒЫ
Бүгінгі таңдағы адамзат баласының құнды қасиеттерінің бірі – ол адам құқықтарын қорғау мәселесі. Әлемдік деңгейдегі бұл проблеманың күн өткен сайын маңыздылығы арта түсуде. Жақында Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев ауданға жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен кездесті. Мақсаты – өңірдегі адам құқықтарының сақталу деңгейін зерделеу, тұрғындармен кері байланыс орнату және құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Кездесу Жосалы кенті әкімшілігінің мәжіліс залында өтті. Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Диас Молдабаев жүргізді. Облыстан келген өкіл аудан тұрғындарына Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің құқықтық жағдайын және қызметін ұйымдастыруды көздейтін «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң қабылданғаны жөнінде және сол заң азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы құзыретін күшейтуді, сондай-ақ қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыруды көздейтінін жеткізді.
– Уәкіл бас бостандығынан айырылған азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларының жұмысын үйлестіреді, – деді Берікбол Ұзақұлы.
Мұнан соң ұлттық орталықтың өкілі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар азаматтық құқықтардың бұзылуы, әлеуметтік қолдау, еңбек қатынастары, тұрғын үймен қамту, сондай-ақ әкімшілік құқықтық сипаттағы басқа да сұрақтар қойды. Тұрғындар көтерген мәселелерге тиісті құқықтық кеңестер беріліп, кейбірі бойынша нақты шаралар қабылданатыны айтылды.
Одан кейін Берікбол Байхожаев аудандағы Отбасын қолдау орталығына барып, оның жұмысымен танысты. Мұнан соң «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында жиын өткізді. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, әлеуметтік сала қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері қатысты. Жиналыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланып, ұсыныстар айтылды.
– Өздеріңізге белгілі, былтыр Мемлекет басшысы отбасы институтын, балалар мен әйелдерді қорғауға бағытталған заңдарға қол қойды. Түзетулер бүкіл азаматтық қоғамның белсене қатысып, түрлі алаңдарда алдын ала кеңінен талқыланған мәселелердің нәтижесі бойынша әзірленді. Заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге заң әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды, отбасылықтұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді, – дейді ол.
Тұрғындармен ашық диалог форматында өткізілген кездесу Дүр Оңғар ауылында да жалғасты. Облыстан келген өкіл ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелермен танысты. Мұнда да жеке қабылдау өткізіп, әрбір тұрғынның жеке мәселесіне мән беріп, заң аясында жауап берді.
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың ауданға жасаған жұмыс сапары азаматтардың құқықтарын қорғау мен олардың мәселелеріне назар аудару бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Мұндай кездесулер өңір тұрғындарына құқықтық қолжетімділікті арттырып, ашық әрі тиімді кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ