АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Қармақшы ауданына Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Қызылорда облысы бойынша өкілі Байхожаев Берікбол Ұзақұлы жұмыс сапарымен келді. Сапардың негізгі мақсаты – өңірдегі адам құқықтарының сақталу деңгейін зерделеу, тұрғындармен кері байланыс орнату және құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Іссапар барысында өкіл алдымен аудан орталығындағы тұрғындармен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау кезінде азаматтық құқықтардың бұзылуы, әлеуметтік қолдау, еңбек қатынастары, тұрғын үймен қамту, сондай-ақ әкімшілік-құқықтық сипаттағы басқа да сұрақтар қарастырылды. Тұрғындар көтерген мәселелерге тиісті құқықтық кеңестер беріліп, кейбірі бойынша нақты шаралар қабылданатыны айтылды.
Сапар аясында Байхожаев Берікбол Ұзақұлы аудандық отбасын қолдау орталығында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында жиын өткізді. Шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, әлеуметтік сала қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Жиналыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланып, ұсыныстар айтылды.
Жұмыс сапарының соңында өкіл Дүр Оңғар ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселелермен танысты. Ашық диалог форматында өткен кездесуде ауылдағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар, құқықтық сауаттылықты арттыру тетіктері сөз болды.
Ауданға жасалған бұл жұмыс сапары азаматтардың құқықтарын қорғау мен олардың мәселелеріне назар аудару бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Мұндай кездесулер өңір тұрғындарына құқықтық қолжетімділікті арттырып, ашық әрі тиімді кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.