ЖҰЛДЫЗДЫ ШАҺАРДАҒЫ БІРЛЕСКЕН ЖИЫН
Елімізде биыл Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың жарлығымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған.
Биыл Байқоңыр ғарыш айлағы мен оның негізінде құрылған Байқоңыр қаласының іргетасы қаланғанына 70 жыл толып отыр. Байқоңыр қаласы Қазақстанның Ресеймен ғана емес, әлемнің өзге мемлекеттерімен де әріптестік қарым-қатынасын жақсартуда айрықша маңызға ие.
Байқоңыр – ғарыш кеңістігіне жол салған ғажайып қала. Әлемде «Байқоңыр» ғарыш кешенін білмейтін жан жоқ десек, артық айтқандық емес. Осы орайда өткен жұмада Қызылорда облыстық білім басқармасының және Ресей Федерациясының Байқоңыр қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылына және «Байқоңыр» кешенінің 70 жылдығына орай академик С.Жиенқұлов атындағы жоғары колледжінде «Байқоңырдың әлеуметтік-экономикалық саласының дамуында жұмысшы мамандықтарының рөлі» тақырыбында халықаралық форум өтті. Оның мақсаты – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялануына байланысты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын іске асыру және «Байқоңыр» кешенінің 70 жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының талантты студенттерінің ғылыми тәжірибелерімен бөлісе отырып, ынтымақтастықты нығайту.
Форум бағдарламасы бойынша 2 секциядан тұратын іс-шара өткізілді. 1-секцияда білімгерлердің ғылыми жобаларын қорғауы бойынша «Мамандығым – мақтанышым» халықаралық байқауы, 2-секция бойынша «Байқоңырдың әлеуметтік-экономикалық саласының дамуында жұмысшы мамандықтарының рөлі» тақырыбында форум ұйымдастырылды. Форумда алғашқы сөзді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай сөйледі. Ол Жұмысшы мамандықтар жылында облыс көлемінде арнайы жоспар бекітіліп, сол жоспарға сәйкес алдағы уақытта көптеген жұмыс атқарылатынын, аталған жылға қолдау көрсетілетінін, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында рөлі зор екенін ерекше атап өтті. Одан соң Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары Николай Адасев, Қызылорда облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Есенбаев, Байқоңыр қаласының білім басқармасының басшысы Елена Ким, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының «Адами капиталды дамыту» бөлімінің басшысы Гүлмира Альназарова, «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің директоры Руслан Кажденбекұлы сөз сөйлеп, ойпікірлерін білдірді.
Сонымен қатар форумға Қызылорда облысы техникалық және кәсіптік білім беретін колледж директорлары, Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылының мектеп директорлары, ҚР мен Ресей Федерациясына қарасты мекеме басшылары, мәслихат депутаттары және БАҚ өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінде «Есеп және аудит», «Құқықтану», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Сандық техника», «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Туризм» мамандықтары бойынша мамандар даярланады.
Осы жылы колледжіміз Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы колледждермен екі жақты меморандумға қол қойды. Халықаралық шара барысында колледж дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алушыларға сапалы білім беру мен өндірістік тәжірибеге баулу мақсатында «Байтерек БК» акционерлік қоғамының «Байқоңыр» кешеніндегі филиалы және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің «Инфракос» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК екі жақты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Форум аясында өткізілген Қазақстан Республикасының Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Ресей Федерациясының Байқоңыр қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысқан «Мамандығым – мақтанышым» атты халықаралық байқауы көлік техникасын құрастыру, құрылыс және энергетика, тігін өндірісі, туризм және сервис, авиация бағыттары бойынша белең алды. Байқауға Байқоңыр қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Серік Жанұзақұлы, облыстық оқу орталығы кәсіптік білім бөлімінің әдіскері Ұлан Жетібайұлы, «Бәйтерек» СП» АҚ филиалы директорының құқықтық, әкімшілік және шаруашылық қызметі жөніндегі орынбасары Гүлжанат Алдамұратовалар төрелік етті. Байқау қорытындысында көлік техникасын құрастыру бағыты бойынша Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің студенті Ақниет Меирханұлы (жетекшісі Нұржан Серікұлы), құрылыс және энергетика бағыты бойынша Кентау көпсалалы колледжінің студенті Жасұзақ Бағдаулетұлы (жетекшісі Жеңіс Шакир), тігін өндірісі бағыты бойынша «Орда» жоғары колледжінің студенті Анар Даулетбаева (жетекшісі Жансая Маликова), туризм және сервис бағыты бойынша Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің студенті Фатима Казиханова (жетекшісі Шынар Кимеденова), авиация бағыты бойынша академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінің студенті Рустем Садықов (жетекшісі Сырғаш Айбосынова) 1 орынды жеңіп алды. Байқауға қатысқан барлық студент арнайы диплом мен сыйлықтарға ие болды.
Қымбат БЕРДЕШ,
Байқоңыр қаласы