АУҒАННЫҢ ОТТЫ ЖЫЛДАРЫ
Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – Ауған соғысы. Кеңес Одағы тұсында 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын атқарған біздің өңірімізден де жауынгер азаматтар бар болатын.
Бүгін аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм, білім бөлімдерінің ұйымдастыруымен Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай интернационалист-жауынгерлер Ә.Өміров, Н.Айсауытов, Р.Доспанов және А.Жыңғылбаевтарды еске алу мақсатында мектеп оқушыларының дәстүрлі аудандық спартакиадасы басталды. Жарыстың ашылу салтанатына аудандық мәслихат төрағасы Ә.Қошалақов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Н.Сайымов, аудандық «Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Ерманов және аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Ерекешов қатысты.
Шарада аудандық мәслихат төрағасы Ә.Қошалақов сөз сөйлеп, ауған жеріндегі сұрапыл соғыстан елге аман-есен келіп, бейбіт күннің батырлары атанған олардың қаһармандыққа толы қайсар ерліктері бүгінгі жас буынға үлгі – өнеге болып қала беретінін жеткізіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа жалпы білім беретін мектептерден 7 командадан 500 ге жуық спортшы қатысуда. Спорттың 8 түрін қамтыған спартакиадада ұлдар және қыздар арасында волейбол, баскетбол, қол добы, асық ату мен бес асық, қол күресі, үстел теннисі, АК-74 қаруын бөлшектеп жинақтаудан сайысқа түсетін болады.