» » МЕРЕЙЛІ ЖАСҚА ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ

МЕРЕЙЛІ ЖАСҚА ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ

Аудан әкімі Жандос Еркінбек ұзақ жыл аудандық «Қармақшы таңы» газетінде қызмет етіп, басшылық жасаған ардагер-журналист, халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, ақын Алтай Үсеновті мерейлі 70 жасымен құттықтады.
Аудан басшысы мерейтой иесінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы елеулі еңбегі мен шығармашылық жетістіктерін ерекше атап өтті.
– Саналы ғұмырын ел ісіне арнап, халықтың мұң-мұқтажын жанымен түсініп, еңбегімен төрге озған азаматтың құрметіне ел ағалары, ардақты азаматтар жиналып отырмыз. Ауданның бұқаралық ақпарат құралдары саласында сіздің атқарған еңбегіңіз, қалдырған қолтаңбаңыз ерекше. Ұзақ жылдар аудан айнасы болып келе жатқан «Қармақшы таңы» газетін басқарып, жақсы қызмет жасадыңыз. Бірнеше жас буын өкілдері сіздің шығармашылық мектебіңізден өтіп, өмірге жолдама алып, тәжірибе жинады. 40 жылдан аса еңбек жолыңызда, оның ішінде бас редактор қызметіне қоса, ауданның экономикалық өміріне де белсенділік танытып, бірнеше мәрте ауданның мәслихат депутаты болып сайландыңыз. Аудан өмірінде өнегелі жарқын жолдары мен табанды еңбектеріңіздің нәтижесінде ауданның Құрметті азаматы атандыңыз. Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта да әдеби мұраңыз көбейе беретініне сенеміз. Ең бастысы өзіңізге денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.
Сондай-ақ аудан басшысы талантты қаламгердің рухани байлығы мен шығармашылық қарымының ел құрметіне бөленіп, одан әрі де кемелдене беретініне сенім білдіріп, шығармашылық табыстар тілеп, аудан халқы мен әріптестері атынан ризашылық білдіріп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жа уып, құрмет көрсетті.
Расында да, Алтай Үсенұлы ұзақ жылдар бойы аудандық «Қармақшы таңы» газетінде абыройлы қызмет атқарып, ширек ғасырдан астам уақыт басшылық еткен. Оның жетекшілігімен талай жас журналистер тәжірибе жинақтап, медиа саласында танымал тұлғаларға айналды.
Одан кейін, «Сыр Медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев құттықтау хатын табыстаса, білім саласының ардагері Дастан Нәзікбаев сөз сөйлеп, мерейлі мерейтойымен құттықтады.
– Адам баласы бұл өмірге келгенде анадан бірдей болып туады. Бірақ уақыт өте келе әрбір адам, түрлі дәрежедегі тұлға болып қалыптасады. Адамда жалпы тән азығы, жан азығы деген болады. Тән азығы бүкіл тіршілік иесіне тән нәрсе болса, жан азығы адамға қасиет дарытатын, адамды адамнан оздыратын керемет дүние. Алтекеңмен жас кезімізден араластық. Бұл кісімен әңгімелесе кетсеңіз қай сала болсын білмегеніңді біліп, өзіңді қамшылап, ой түйіндеп, өзіңе сенім ұялатып қайтасыз. Мұндай қасиет көп адамда кездесе бермейді. Сондықтан бұл азаматты рухани ағам деп есептеймін. Қоғам мықты болу үшін, адам мықты болу керек. Себебі адам қоғамнан құралады. Адамның жан-дүниесі байымай, күйбең тірлікпен ғана күн кешетін болса қоғам дамымайды. Өйткені адам дамымаған қоғам алға баспайды. Алтекеңнің әлі де халыққа берері көп. Шығармашылық табыс тілеймін, – деді білім саласының ардагері, ақын Дастан Нәзікбаев.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков жылы лебізін білдіріп, ел арасындағы ақынның орнын бағамдап берді.
– Қазаққа киелі болған, өріске жүйелі болған қасиетті Сыр елі, оның ішінде Қорқыт баба дамыл тапқан киелі Қармақшы топырағы талай таланттар шыққан мекен. Бұл киелі мекенде Шал ақыннан бастау алған, ақындық жолды мұрат тұтқан дарындылар дүниеге келіп, елімізге танылып жатыр. Сол көштің ортасында бүгінгі мерейтой иесі Алтекең келе жатыр. Осы жерде туғанмен кейбір азаматтар шабыт шақырамын, өнерімді бағалайтын ортаға барамын деп өзге жерде тұрақтаса, бірақ Алтекең осы топырақта өсті, өз елінің ортасында азаматтығын танытты, елге еңбегін сіңірді. Мерейлі жасыңыз құтты болсын. «Ақынын құрметтеген ел озар» деген ұстанымды басшылыққа алып, ақынға, азаматқа, руханиятқа құрмет білдіріп жатқан аудан әкіміне алғыс білдіремін, – деген ардагерлер кеңесінің төрағасы, мерейтой иесіне «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» төсбелгісін табыстады.
Мерейлі мерекесінде құрмет төрінен көрінген Алтай Үсенұлы ризашылығын білдіріп, елге тілегін жаудырды. Жиын соңы тарихи сәтті таспалаумен жалғасты.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
18 қаңтар 2025 ж. 53 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№4 (10372)

18 қаңтар 2025 ж.

№3 (10371)

14 қаңтар 2025 ж.

№2 (10370)

10 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 299
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031