» » ҚҰРЫШ ҚАЛАЙ ШЫНЫҚТЫ НЕМЕСЕ ХАЛЫҚ ШЫҢДАҒАН ӘКІМ

ҚҰРЫШ ҚАЛАЙ ШЫНЫҚТЫ НЕМЕСЕ ХАЛЫҚ ШЫҢДАҒАН ӘКІМ

Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Бұл баға кез келген адамға беріле бермейді. Ісіне қарап сөз етіледі. Жалпы бүгінде халқы үшін қалтқысыз еңбек етіп, туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жандар баршылық. «Елдің ісі – ер азаматтың мойнында» демекші, сондай ауылына бас-көз болып, туған өлкенің дамуын дұрыс бағытта алға сүйреген азаматтың бірі – Ақтөбе ауылының әкімі Қанат Әбдіғаппарұлы.
Мақаламыздың басын бұлай қанатты сөзбен әспеттеуіміздің де жөні бар. Қанекең кешегі жыл қорытындысында «Үздік ауыл әкімі» атанып, аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының қолынан жаңа қызметтік көліктің кілтін алды. Ауылға әкім болғалы халқына жақын болуды көздеп, елге біршама өзгеріс әкелді.
Жалпы Қанат Әбдіғаппарұлымен мектеп кезден таныспыз. Бір ауылдың азаматтары ретінде ағалы-інілі болып араласып-құраласып тұрамыз. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ белсенділік танытып, алдыңғы буын ағаларына қарап, мен де ауылға перзенттік үлесімді қоссам дейтін. Иә, ол арманы да орындалды. Жоғары оқу орнын бітірісімен ауылда қызметін жастар тәжірибесі негізінде бастап ел ісіне араласты. Әкім қызметіне дейін 10 жыл туған жерінде болып, ауылдық әкімшілікте әдіскер, жетекші маман, бас маман лауазымына дейін көтерілді. Осылайша мемлекеттік қызметте жүріп тәжірибе жинап, 2023 жылы ауыл халқының қалауымен әкім болып сайланды.
Ауыл баласы болған соң туған жерге ара-тұра сағынышпен атбасын бұрып тұрамыз ғой. Тілшілік тіршілікпен де осында сапарлатып жақсы жаңалығын қамтып отырамыз. Сонда қай әкімнің тұсында жұмыс жүйелі жүріп жатқанын байқаймыз. Бұған дейінгі әкімдер де өз ісін жақсы атқарды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Алайда Қанат Әбдіғаппарұлының несібесі дейміз бе екі жылда ауылда біраз істің басы қайырылғандай. Ауылдың ажары кіреберістен менмұндалап, тақтайдай тегіс жолы келген мейманды төрге қарай апарады. Түнгі жарықтары ауылдың көркін айшықтап, адам жанына ерекше әсер қалдырады. Одан бөлек қайта жаңарған саябақ, көркейген көшелер, жаңа жол белгілері, тазарған ауыл, бәрі жұмыстың нәтижелі екенін көрсетіп тұр.
Ақтөбе ауылындағы екі ірі шаруашылықтың басшылары да ауыл әкіміне қолдау көрсетіп, қажетті нысандарды салып беруде. Мәселен, «Оңталап» шаруа қожалығы 30 млн теңгеге үлкен спорт алаңын тұрғызып, ауыл балаларын қуантты. Бүгінде мұнда көгалды хоккей спорты дамып, ауыл жастары осы спорт түрінен республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. «Ақтөбе и К» ЖШС ұлттық ат спортын дамыту үшін құны 70 млн теңге болатын ипподромның құрылысын жүргізуде. Одан бөлек ауылда көптен ел күткен «Қармақшы құс» фабрикасы іске қосылып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда.
– Қай елдің әкімі болса да «елге болсын» деп қызмет етеді. Ауылға әкім болып сайланғаннан бері мен де осы міндетімнен таймай келемін. Негізі елге қызмет етіп, пайдам тисе деген о баста бала арманым болатын. Шүкір, ол орындалды. «Халық – құдайдың бір аты» демей ме? Ауылдастардың қалауымен ел тізгінін ұстап, бірге ауызбіршілікпен жұмыс істеп келеміз. Аудан әкімінің ауылға деген оң көзқарасы мен көмегінің арқасында біраз жұмыс шешімін тауып келеді. Одан бөлек екі шаруашылықты басқарып отырған ағаларымыздың елге көп көмегі тиіп жатыр. Ендігі үлкен мақсатым – ауылға газ кіргізу. Көшелерді түгел асфальттап, жарықтандыру жоспарымда бар. Спорт кешені мен балабақша салдыру да ойға түртіп жүрген үлкен жұмыстарымның бірі. Өткен жыл қорытындысында «Үздік ауыл әкімі» атансам, ендігі арманым ауылды үздіктер қатарына кіргізу, – дейді ауыл әкімі.
Ел мүддесі үшін еселі еңбек етіп, жетістікке жеткен жанның қашанда жүзі жарық, алар асуы биік болары сөзсіз. Өз биігіне еркін көтеріліп, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан ауыл әкіміне алдағы уақытта да сәттілік серік болғай демекпіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
18 қаңтар 2025 ж. 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№4 (10372)

18 қаңтар 2025 ж.

№3 (10371)

14 қаңтар 2025 ж.

№2 (10370)

10 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 299
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031