» » Іскер басшы, жанашыр азамат

Іскер басшы, жанашыр азамат

Адам баласының өмірлік ұстанымының бірі – еңбек етіп, тәтті жемісін тату. Ал, сәт сайын жаңарып отырған бүгінгі қоғамда қызметтің сан түрі бар. Міне, солардың бірі – мемлекеттік қызмет. Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі. Өйткені, бұл қызмет қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.

23 маусым – мемлекеттік қызметкерлер күні. Айтулы мереке қарсаңында ауданда осы қызметті абыроймен атқарып жүрген ІІІ Интернационал ауылының әкімі Нұрлыбек Сайымовпен тілдесудің сәті түскен еді. Ол былтырғы жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» атанған. Нұрлыбек Ізбасарұлы кент орталығындағы №121 орта мектепті аяқтаған соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Инженер жүйетехнигі» мамандығы бойынша бітіреді. Ал 2013-2015 жылдар аралығында «Болашақ» университеті «Экономика» факультетінен «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын меңгереді. Алғашқы еңбек жолын аудандық «Қармақшы таңы» газеті редакциясының компьютер орталығының жетекшісі болып бастайды. Кейіннен аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы, «Туған ел келбеті» ЖШС-нің кадр жөніндегі маманы, аудандық мәдениет үйінің инженері, аудан әкімінің баспасөз хатшысы, аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарады. 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап ІІІ Интернационал ауылдық округінің әкімі қызметін абыроймен атқарып келеді.

 Іскер де әділ басшы келсе – ел үшін құт. «Әкім халыққа жақын болса» дейді көбі. Нұрлыбек Сайымовтың ауылға әкім болғанына да үш жылға жуықтапты. Ол әкім болып келгеніне қуанғандармен қатар кейбір күмәнданғандар да болды. Көңіліне күдік ұялағандардың ойында шаруашылығы мен кәсіпкерлігі қарқынмен дамып жатқан бірлігі жарасқан көпұлтты ауылды басқара ала ма деген ой болса, қуанғандар – оны білетін, қоян-қолтық араласпаса да сырттай оның атқарған істеріне кезінде риза болғандар еді. Содан бері халықтың да бойы үйреніп, тілек-шағымдарын айтып, тіршілік өз ырғағымен жүре бастады. Міне, бүгінде жаңа басшының жасаған тірлігі ауылдың ары қарай дамуына, гүлденуіне жалғасып жатыр. Әрине, атқарылатын үлкен істердің бәрі әкімнің іскерлігін, қабілет-қарымының зор екенін аңғартса керек.
– Мемлекеттік қызметкер болу – ол аянбай еңбек етіп, халық мүддесін қорғау, елдің дамуына септесу. Бұл – абыройлы, әрі жүгі ауыр жауапкершілігі мол жұмыс. Мемлекеттік қызметкердің жұмысы әдеттегідей сегіз сағатқа сия бермейді. «Құлқынның қамын емес, елдің қамын ойла» деген қағиданы естен шығармай, әрбір атқарған іске әділдік таныту – біз үшін міндет. Президенттің тапсырмасына сай елімізде ауылдық аймақтарды дамытуға арналған бағдарламалардың ІІІ Интернационал ауылдық округінде де жүзеге асырылуын қамтамасыз етуде біршама жұмыстар жасап келеміз. Бүгінде ауылдық округте 2500-ге жуық халық бар. 11 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Қазір тіркелген кәсіпкерлердің саны 130-ға жетті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30 кәсіпкерге көбейді. Көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалықты жақсарту, қоршаған ортаны экологиялық сауықтыру шараларының жүзеге асырылуына, олардың қаржылық қамтамасыз етілуіне атсалысу мақсатында биыл аймақ басшысының қолдауымен "Үздік ауыл" жобасына қатысудамыз. Сондай-ақ, туған жердің тұлғалы азаматы ретінде еліміздің кемел келешегі үшін ауыл өркениетін дамытып, жоғары белестерге көтеру перзенттік парызым және азаматтық борышым деп есептеймін, – дейді Нұрлыбек Сайымов.

Екінің бірі көп көңілінен шыға бермейді. Тек өз ісіне берілген жан ғана халықтың шынайы алғысына бөленеді. Осы орайда біздің кейіпкеріміз де көптің алғысына бөленіп жүр.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
20 маусым 2023 ж. 433 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 316

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930