Жиһаз жөндеуден басталған кәсіп
Қармақшылық Әзиз Дүкенбай жергілікті тұрғындардың жиһазға сұранысын қал-қадірінше орындап келеді. Ал оның бұл кәсіпке қызығушылығы қалай басталғаны тіпті қызық.
Өзінің айтуынша, кәсіппен айналысуға халықтың сұранысы, өзінің қызығушылығы түрткі болған. 2017 жылы отбасын құрғасын үй ішінің қажеттілігі үшін орындық, үстел сияқтыларды өзі-ақ құрастырып алатын болды. Бұрыннан ағаш жонатыны бар, бұл қызығушылығы біртіндеп хоббиге, сосын кәсіпке айналды. Оның үстіне, әкесінен ұсталықтың шет жағасын көріп, ағасы екеуі көмектесіп жүріп үйренген.
– Алғашқы уақытта жиһаз жөндеумен айналысып жүрдім. 2019 жылы осы салаға түпкілікті бет бұрдым. Жарым Гүлнұрмен бірге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бизнес Бастау» жобасы аясында оқу курсына қатысып, «Жиһаз жасау» жобасын сәтті қорғап шықтық. Сөйтіп, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткіздік. Оған құрал-жабдықтар сатып алып, жиһаз цехын ашып, жұмысты бастап кеттік, – дейді жас кәсіпкер.
Мемлекет ұсынған мүмкіндік осылайша кейіпкеріміздің кәсіпке ден қойып, мақсатын орындауға мүмкіндік берді. 2020 жылы кәсібін кеңейту үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында ұсынған «Ағаш өңдеу цехы» жобасының да жолы болды. Инновациялық идеясының арқасында 2 млн теңге шамасындағы мемлекеттік грантты ұтып алды.
Кейіпкеріміз – негізінен білім саласының өкілі. 1991 жылы Қармақшы ауданының «Ақтөбе» ауылында дүниеге келген. Мемлекеттік білім гранты негізінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «Агроинженерия» мамандығы бойынша бітірді. Іргелі оқу орнын 2013 жылы үздік дипломмен бітіріп, университет жолдамасымен Татарстан астанасындағы Қазан мемлекеттік аграрлық университетінің магистратурасында білім алды. Оны 2015 жылы бітіріп, өзі оқыған жергілікті университетте «агроинженерия» кафедрасында магистр оқытушы ретінде шәкірттерге дәріс берді. 2016 жылы Қармақшы аграрлық техникалық колледжіне өндірістік оқыту шебері қызметіне орналасты. Қазіргі уақытта колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.
Кейіпкеріміздің бос уақыты жоқ десек те болады. «Адам көңілі қалаған іспен айналысқанда ғана жаны жай табады» дейді өзі. Бізбен әңгімесінде дөңгелентіп отырған кәсібіне қатысты мәселелерді жеткізді.
– Цехта өзім шебер, өзім ұстамын. Дизнайнер де, бухгалтер де, экономист те – өзім. Цех жұмысын 2019 жылы бастап, әр жерді жалға алып жұмыс істеп жүрдік. Қазір жеке ғимаратымыз бар. Қарамағымда екі адам жұмыс істейді. Жаңадан келген адамды үйретеміз. Ол ұзақ уақыт алады. Біздің саладағы басты қиындық – маман жетіспеушілігі. Мысалы, мен цехқа шебер алғым келеді, бірақ тұрақты жұмысқа адам таппай отырмын. Жастар жұмыстың қиындығынан, жауапкершіліктен қашады, – деді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»