» » КЕРЕМЕТІ КӨП КҮМІС

КЕРЕМЕТІ КӨП КҮМІС

Қазақ халқы ежелден күміске ерекше мән берген. Күмістің адам ағзасына пайдасы бар деп сенген халқымыз күміс ыдыстан тамақ ішіп, күміс әшекейлер тағып, сәби дүниеге келгенде нәрестені күміс теңге салынған суда шомылдырып, «Баланың күні күмістей жарық болсын» деген жоралғы жасаған. Әлі күнге дейін нәрестені қырқынан шығарғанда күміс тиын салынған суға шомылдыру салты кездеседі. Ал кейбір өңірлерде сәбидің бірінші тісінің шығуына байланысты күміс қасық сыйлау дәстүрі қалыптасқан.
Халқымыз қадір тұтатын күміс – жұмсақ, қақтауға төзімді, оңай өңделетін металл және жарқыраған ашық түсімен көз тартады. Оның осы қасиетін зергерлер барынша шебер пайдаланған.
Бұрын бай отбасыларындағы асхана күмістері сол үйдің дәулеттілігін байқататын болған. Ақ дастарқанды хрус таль бокалдардың кереметі мен күмістің көз қызықтырар жылтырындай еш нәрсе әрлей алмайды. Ең алғашқы күміс ыдыстар жинағы табақшалар, шай қасықтар, пышақтар, шай ішу құралдары 1711 жылы І Петрдің жарлығымен арнайы қару-жарақ палатасына жасатылған. ХVІІІ ғасыр ортасында ірі көпестердің, ауқатты адамдардың үйлерінде күміс ыдыстардың мыңға жуық түрлері болған. Самаурын, шай құралдарының түрлері де күмістен жасала бастайды.
Күмістің адам ағзасына емдік қасиеті ерекше екенін медицина да дәлелдеп отыр. Емшілер өте ерте заманда-ақ күмістің қасиетін ерекше бағалаған. Мысалы, Үндістанда оны адам иммунитетін көтеруге қолданса, Египетте жараға жабыстырған. Ал Ресейде шіркеулердегі күміс қосылған суды киелі деп санаған. Адамдар мұндай судың өмірлік қуат беретін ерекше сиқыры барлығына сенген. Ғалымдар болса, күмістің бұл қасиеттеріне ХІХ ғасырдың аяғында ғана мән беріп зерттей бастапты. Сонымен, күміс адам ағзасына неліктен жақсы әсер береді? Мәселе бұл металлдың өте күшті табиғи антисептикалық қасиетінде болып тұр. Күміс сумен әрекеттескенде иондалып, оның құрамында ұзақ сақталады. Сондықтан күміс қосылған су ағзадағы көптеген зиянды микроағзаларды жояды. Бұрын ауруға қарсы дәрілер (антибиотиктер) өндірілгенге дейін күмісті ем ретінде жиі пайдаланып келген. Кейін дәрілер пайда болысымен ол ысырыла бастапты. Бірақ антибиотиктерді көп ішкен адам ағзасы сол дәріге үйреніп, аурудың беті қайтпай қоятын кездері де болады. Ал күміспен емделгенде ондай жағдай кездеспейді екен. Ол өзінің белсенділігін жоймайды.
Адам ағзасының тұмау және жұқпалы ауруларға төтеп бере алмауының себебі иммундық жүйедегі күмістің азаюынан болады. Күміс тек қана ауру тудыратын элементтерді жойып қоймай, ағзадан зиянды токсиндер мен микробтарды қуып шығады. Тіпті, ағзада аз ғана күміс жетіспеушілігі байқалған жағдайда адамның жұмыс істеу қабілеті төмендеп, қорғаныш қасиеті азайып, тез шаршау пайда болады. Аталған микроэлементке қаныққан ағза сирек ауырады, тәбеті де жақсы болады.
Тарихшылар ертедегі вавилондықтар мен гректер күмістің залалсыздандыратын қасиетін ескеріп, патшалары пайдаланатын ауызсуды күміс ыдыстарда сақтағанын анықтаған. Бұны археологтардың қазбаларынан да кездестіруге болады. Біздің заманымызға дейінгі 4000 мың жыл бұрынғы патшалардың қабірлерінен де күміс ыдыстар табылған. Әйгілі Геродоттың жазбаларында да Парсы патшасының суды күміс ыдыстарда сақтағаны көрсетілген. Күміс суының сиқырын сонау Зұлқарнайын кезіндегі жауынгерлер де білген. Олар су ішетін торсықтарына күміс теңгелер салып жүреді екен. Ежелгі Ресейде де құдыққа қой басындай күміс тастайтын болыпты. Бұл елдің жұқпалы аурулардан аман қалуына көмектескен.
Ал қазақ халқы күмістің пайдасын қағазға қаттап жазбағанымен күнделікті өмірінде жетік білген. Қазақтың ұғымында күміс тазалықтың, адалдықтың белгісі. Тек әшекей бұйымдар ғана емес, тұрмыс заттары, жиһаз, ер-тұрмандар да күміспен күптелген. Күмістен жасалған бұйымдардың тәрбиелік мәніне тоқталсақ, алдымен құстұмсық жүзік пен құдағи жүзік туралы сөз қозғағанымыз дұрыс. Құстұмсық жүзікті бойжеткен қыздар таққан, бұл жүзік – бақыттың, тәуелсіздіктің, құс тәрізді еркіндіктің белгісі. Дәстүр бойынша ұзатылып бара жатқан қызының қолындағы құстұмсық жүзікті анасы шешіп алып, қыз жасауымен бірге орамалға түйіп, сандығына салып жіберетін болған. Бұл жүзік қыз жағдайының хабаршысы ретінде кейін қайтып келуі керек. Сондықтан қыздың төркін жағынан оның қалжағдайын білуге барған інілері осы құстұмсық жүзікті қайтып әкелсе, қыздың анасы қатты қуанып, құдағайым қызыма өз қызындай қарайды екен деп, ауыл арасына кішігірім той жасаған. Қазақ дәстүрінде келін болып түскен қызға енесі арнайы «тіккен отауың биік болсын» деп отаужүзік соқтырған. Атынан-ақ білініп тұрғандай, отау жүзік – отауды бейнелейді. Бұл жүзікті қалыңдықтың саусағына күйеуінің ұрпағын жалғастырушы ретінде кигізген. Жүзіктің үсті конус тәрізді болып жасалған. Яғни, біздің түсінігімізде сәндік бұйым болып есептелетін жүзіктердің мағыналы мақсаты болатындығын ата-бабаларымыз ұстанған осы салттан көруге болады.
Қазақ халқының салтындағы құдағиларға ұсынылатын құдағи жүзік – зор сый-құрметтің белгісі. Ол басқа жүзіктерге ұқсамайды. Екі саусаққа қатар киілетін, екі шеңберден тұратын жүзік үстіңгі беті біртұтас болып келетін ұлт өнеріндегі бірегей дүние. Ерекшелігі – жас жұбайлардың жұбы жазылмасын, екеуі бірігіп тату отбасы болсын дегенді меңзейді. Құдағи жүзікті қалыңдықтың шешесі құдағайына өзінің қызына мейіріммен қарауы үшін және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартатын. Құдағи жүзік – адамдар арасындағы сыйластықтың, адамдарға көрсетілген ілтипаттың, құрметтің белгісі. Мұндай мәнді сақиналардың да күмістен жасалуы тегін емес. Әрбір ісі даналықпен өрілген халқымыз күмістің кереметін ертеден біліп, керекті жеріне орынды қолдана білген.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
22 қараша 2024 ж. 114 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 097

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031