» » ОЗАТ ЕГІН ШАРУАШЫЛЫҒЫ

ОЗАТ ЕГІН ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Дүр Оңғар ауылының тарихы әріде жатыр. Іргесі 1927 жылы құрылған елді мекен бүгінде аудандағы берекесі мен бірлігі, ынтымағы мен ырысы жарасқан ауыл деуімізге толық негіз бар. Есім-сойы бірнеше мәрте өзгеріске түскен ауыл қазіргі кезде жаңаша өріс алып, даму үстінде. Ауыл халқының денін жұмыспен қамтып отырған «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жыл санап әлеуеті артып келеді.
Серіктестіктің ел сеніміне ие болып, атқарған жұмысы мен қол жеткен табыстары ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Мысалы, 2017 жылы облыс шаруашылықтары арасынан екінші орын алса, аймақ басшысының «Сыр жанашыры» номинациясымен марапатталған болатын. Бұл жылы шаруашылық 301,5 млн теңге инвестиция құйса, оның 248 млн теңгесі ауылшаруашылығы өндірісін дамытуға бөлінсе, 22 млн теңгесі елді мекеннің әлеуметтік саласын нығайтуға, 1,5 млн теңгесі тұрмысы әлжуаз отбасыларға көмекке, 20 млн теңгесі әлеуметтік сала нысандарының құрылысын салуға, 10 млн теңгесі инженерлік инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге (жол жөңдеу, ауыз су, аяқ су, т.б) жұмсалған. Сондай-ақ серіктестікке 4 дана ауылшаруашылығы техникасы алынған. Техникалармен қоса, 1200 тонна астық сақтайтын қойма салынып, іске қосылған.
2018 жылы 3200 гектар жерге күріш дақылын егіп, оның әр гектарынан 74 центнерден өнім келтіріп, облыста чемпион атанды. Жаңадан 10 гектарға бақша дақылдарын, 4 гектарға алмабақ орналастырып, түрлі жеміс ағашын отырғызды. Қосымша жаңадан 2500 тонна көлемінде екі астық сақтайтын қойма және күріш ақтау цехы ғимараты шаруашылықтың өз күшімен бой көтерген.
2019 жылы шаруашылық күріш егумен қатар, жоңышқа, соя, бидай, картоп, қияр, қызанақ, қырыққабат секілді дақылдардан өнім алды. Инвестиция салу арқылы көрші жатқан Иіркөл ауылына қарасты «Жаңатұрмыс и К» шаруашылығына 350 гектар жерге күріш екті. Астық және қосалқы бөлшектер сақтайтын қоймалар және екі отбасыға жаңадан үй салып берді.
Ал 2020 жылы 2920 гектарға күріш егіп, әр гектарынан 72,4 центнерден өнім жинаған серіктестік науқан қорытындысында тағы да облыста жеңімпаз атанып, мерейлері тасыды.
2021 жылы да диқан қауымның мәртебесі жоғары болып, 76,1 центнерден орташа өнім келтіреді. Осы жылы лизингке Беларус МТЗ-80 тракторлары, Lexion комбайндары, одан бөлек картоп қазатын құрылғы алынып, шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы қайта жабдықталады. Оған қоса, заманауи сұранысқа сай газоблок, бетон шығаратын зауыт іске қосылып, бірнеше кәсіп түрлері ашылды. Иә, осы жылы ЖШС-ның 90 жылдығы мен ақын Дүр Оңғар Дырқайұлының 160 жылдық мерекесіне орай ауыл орталығынан Стелла мен демалыс саябағы ашылып, үлкен жаңалық болған еді. Саябақ жарықшамдармен жарықтандырылып, тас төселіп, көпшілік демалатын орындықтар, әткеншектер орнатылды. Ауылға көрік берген арка, стелла, әуенді субұрқақ, балалардың ойын, спорт алаңы дүроңғарлықтардың ғана емес, елді мекенге келген қонақтардың да көзкөркіне айналды. Сол уақыттағы облыс әкімі Г.Әбдіқалықова орталық алаңның ашылу рәсіміне арнайы қатысқан-ды. Бір қарағанда жай ғана архитектуралық қасбет секілді көрінетін саябақ ортасында орналасқан стелланың бес жұлдыз болып салынуының өзіндік мағынасы бар екенін екінің бірі біле бермеуі де мүмкін. Бұл тарихтан сыр тартып, майда бес шаруашылықтың бірігуінің белгісі екенін аңғартса, жоғары жағында ЖШС-ның логотипі орнатылған. Оны ұстап тұрған қол ел бірлігінің, ынтымағының символы болып саналады. Жалпы «Жаңажол» саябағының құрылысына 250 млн теңге серіктестік есебінен жұмсалған. 2022 жылы 3000 гектарға күріш дәні себіліп, орташа өнім 72,2 центнерден айналып, барлығы 216 600 центнер өнім жиналған. «Парыз – 2022» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі конкурсқа қатысып, «Жаңажол» ЖШС ірі кәсіпкерлік субъектісі санатындағы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломымен марапатталады. Өткен жылдың қорытындысымен де серіктестік озаттар қатарынан табылып «Озат егін шаруашылығы» номинациясын иеленді. Сонымен қатар «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауына қатысқан шаруашылық «Үздік азық-түлік тауары» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, ауданымыздың мерейін аспанға көтерді.
Биылғы жылы да шаруашылық еңбеккерлері науқанды жоғары деңгейде қорытындылады. Көктем мен алажаздайғы төккен терлерінің өтемі ақталды. Жуырда Қызылорда қаласында өткізілген «Алтын дән – 2024» дәстүрлі іс-шарасында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, оза шапқан бірқатар еңбек ұжымдары мен майталмандарын марапаттады. Олардың қатарында біздің ауданымыз егін шаруашылығы саласы бойынша «Озат аудан» аталымына ие болса, «Жаңажол» ЖШС 3100 гектарға егін орналастырып, оның әр гектарынан 63,2 центнерден өнім алғаны үшін «Озат егін шаруашылығы» аталымы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен мадақталды.
Бүгінде айтулы шаруашылықты «Құрмет» орденінің иегері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлепов басқарады.
Білікті басшының еңбек жолы механизаторлықтан басталған. Одан соң мектепте мұғалімдік қызмет атқарса, кейін ауылшаруашылығы саласына қайта оралып, білімін жетілдіру мақсатында Алматы ауылшаруашылық институтының «Инженер-электрик» мамандығы бойынша оқыған. Еңбек жолында инженер-электрик, бас электрик, бас инженер қызметтік сатыларынан өтіп, мол тәжірибе жинақтаса, 2016 жылдан бері «Жаңажол» ЖШС директоры болып үлкен ұжымға басшылық етуде.
О.Өтепұлының ұжымды ұйыстырып, ауыл халқының әлеуметтік- экономикалық деңгейінің көтерілуіне сіңірген еңбегі елеусіз емес. Ол облыс әкімі Қ.Көшербаевтың «Сыр жанашыры» номинациясымен, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің еліміздің білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі және егін жинау науқанында жоғары көрсеткішке жеткені үшін аудан әкімінің ІІ дәрежелі Дипломымен марапатталған.
2018 жылы облыс әкімінің «Күріш өндіруде жоғары көрсеткішке жеткені үшін «Озат шаруашылық» номинациясы, сонымен қатар аудан әкімінің І дәрежелі Дипломына лайық деп танылған. 2020 жылы ҚР Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» атты байқауында облыс, ауданымыздың «Жыл меценаты» атағына ие болды. Аудан әкімінің «Жыл жобасы – 2020» және «Озат шаруашылық» номинациялары бойынша да мәртебелері биік шығып, марапат төрінен көрінді. ҚР Президентінің жарлығымен «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медалін, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақса, ҚР Президентінің 2020 жылғы 3-желтоқсандағы жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен марапатталды. Жақында тағы да жағымды жаңалықтың куәсі болып отырмыз. Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай өткен салтанатты іс-шарасында Орынбасар ағамыз облыстың Құрмет грамотасы және ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына – 30 жыл» мерекелік медалімен мадақталды. Бұл әрине, ауылдағы қарапайым жұмысшылықтан бастап, шаруашылық директорына дейінгі жолдардан жүріп өткен Орынбасар Өтепұлының атқарған ұзақ жылғы еңбегі мен ізденісі, жанашырлығы мен азаматтығына берілген әділ бағасы деп білеміз.
Әрбір жылдың күз мезгілі еліміз үшін тоқшылық пен ырыс-несібенің айы саналады. Өйткені, қоңыр күздің елге, халыққа берері мол. Сонау көктемнен бастау алған еңбек қарқыны осы жыл мезгілінде қорытындыланып, нәтижесі шығарылады. Еткен еңбек пен төгілген тердің жемісі – әрбір шаруашылықта атап өтіліп, дала қырандары қошемет пен сый-сияпатқа ие болып жатады. Дүроңғарлық еңбеккерлер де жуырда биылғы егін науқанының қорытындысын түйіп, дүбірлеткен той жасады. Онда серіктестіктің еңбек озаттары түрлі марапатқа ие болып, еңбектерінің жемісін көрді. Атап айтар болсақ, олардың қатарынан озат бригадирлер Жалғасбек Әлиев, Данияр Нұрмағанбетов, Сағат Әбжалиев, озат комбайнерлер Бағдат Берлібаев, Тұрар Өмірзақов, Айдәулет Мырзабеков, озат жаткистер Ерболат Қалмұратов, Тұрсынбек Досанов, Досбол Жұмағұлов, озат тасымалдаушылар Бақытжан Досаев, Самал Сүлейменов, Қанат Бекенов, Нұрлыбек Адамқайыров, озат күріш өсірушілер Асқар Құлғараев, Әділжан Алдабергенов, Бағдат Қошқаров, Қанат Демесіновтердің есімін құрметпен атаған болсақ, озат бидай өсіруші Ерасыл Жақсыбеков, озат жылқышы Айбек Сламов, серіктестіктің бас агрономы, аудандық мәслихат депутаты Төлеу Ералиев, бас гидротехнигі Балтабай Сәметов озат агроном және озат су маманы аталымдарын иеленді. Одан өзге, күріш сушысы Сақтаған Көшеков Ы.Жақаев атындағы төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ ауыл бойынша басқа да еңбек ұжымдарының озат қызметкерлері мерейлі мерекеде қуанышқа бөленді.
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, мақаламызда ауыл азаматтарының ауызбіршілігімен тындырылған істердің бір парасына ғана тоқталып өттік десек артық емес. Әлбетте, өмір бар жерде тіршіліктің тіні үзілмейтіні анық. Дегенмен де, серіктестік басшылығының атқарған жұмысынан да алда атқаратын, мақсат етіп қойып отырған шаруалары бұдан да ауқымды. Бізден тек сол ниеттеріне жетсін деген ақ тілек!
С.Аққісі
17 қараша 2024 ж. 147 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 097

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031