» » ЖАН БАЙЛЫҒЫНЫҢ БАҒБАНЫ

ЖАН БАЙЛЫҒЫНЫҢ БАҒБАНЫ

Адамзаттың дамуын кітапсыз елестету мүмкін емес. ХХІ ғасыр цифрландыру дәуірі десек те, кітап – сол ұшан-теңіз білімнің негізгі қайнары болып қала береді. Баға жетпес байлықты хаттап, сақтап отырған жанның бірі – Гүлнар Бадырақ. Ол осы салада 40 жылдан аса табан аудармай еңбек етіп келеді.
Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының құнды сырларын сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің нағыз киелі ордасы. Саналы ғұмырын кітапханаға арнап, жан байлығының бағбанына айналған кейіпкеріміз 1964 жылы Қармақшы ауылындағы теміржолшылар отбасында дүниеге келеді. 1971 жылы No113 Қаракөл орта мектебіне қабылданып, осында онжылдық сыныпты бітіреді. 1981 жылы Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы жанындағы кітапханашыларды даярлайтын бір жылдық курсқа барып, «кітапханашы» мамандығын алады. Осы жылы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде кітапханашы болып еңбек жолын бастайды. 1983 жылы туған ауылына балалар кітапханашысы болып ауысады. Елдің рухани мәдениетін көтеруде білімін жетілдіру мақсатында, өндірістен қол үзбей Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтына 2000 жылы кітапханашы-библиограф мамандығына оқуға түсіп, оны 2004 жылы аяқтап шығады. Бір саланың жілігін шағып, жылдар өте өзі де сол салаға өлшеусіз үлес қосып жүрген жан бүгінде осы ауылдық кітапханада кітапханашы болып еңбек етіп келеді.
Гүлнар Мырзаханқызы ауыл тұрғындарына кітапханалық қызмет көрсетіп, халықпен жұмыс істеудің жарқын үлгісін көрсетуде. Ауыл мәдениетін көтеруге халықтың салт-санасын қалыптастыруға, жас ұрпақты кітапқұмарлыққа, мәдениетке тәрбиелеуге байланысты түрлі тақырыптарда мәдени іс-шараны тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
Жұмысына жауапты маманның саладағы үздіксіз еңбегі үшін әркез марапат төрінен көрініп отырады. Атап айтар болсақ, облыстық мәдениет басқармасының «Сыр мәдениеті – жаңа ғасырда», ҚР-ның Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі», Қазақстандық Кітапханалық одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталған. Мұнан бөлек, бірнеше рет облыс әкімі, облыс әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алғыс хаттарына ие болған. Жақында кітапханашылар күніне орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Кітап және қаламгер» атты республикалық семинарда көп жылғы еңбегі бағаланып, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісін кеудесіне тағынады.
Сонымен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, қажырлы еңбек ете білген Гүлнар апайымыз ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы бола жүріп, қоғамдағы әйелдердің белсенділігін артттыру, мәртебесін көтеруде нәтижелі жұмыстар атқаруда.
– Кітап – өткеннің рухы ғана емес, келешектің кілті екенін де естен шығармауымыз керек. Біздің сан ғасырлық тарихымыз бен тыныс-тіршілігіміздің құнды жәдігерлерін бізге жеткізген алтын сандығымыз да кітап екені көпшілікке аян. Қай мамандықтың болсын өз ерекшелігі бар. Маған өзімнің мамандығым ұнайды. Бұл – менің өмірімді арнаған сүйікті кәсібім. Балалармен жұмыс, олардың қойған сұрақтары, білуге, үйренуге деген талпыныстары мені шабыттандырады. Менің мақсатым – бала санасына құндылық құю. Осы асыл мақсат жолында еңбектенуге ерінбеймін, – дейді ол.

Асыл қазынаның сақшысы болған ол өмірлік серігі Нұрділдәмен 3 бала өсіріп-тәрбиеледі. Отбасының тірегі болған аяулы жары 2018 жылы науқастанып өмірден өтеді. Бүгінде Гүлнар Мырзаханқызы – ұлды ұяға, қызды қияға қондырған бақытты ана. Үлкен ұлы Бағдаулет Ақтау қаласы No30153 әскери бөлімінің бақылау-техникалық пунктінің бастығы қызметін атқарады. Ал қызы Әйгерім Алматы қаласында банкноттық фаб- рикада технолог болып қызмет атқарады. Кенже ұлы Жаңабек «Нұра топтық су құбыры» РМК «Арал» СЖКБД филиалының операторы болып жұмыс істейді.
«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қазақтың қарапайым қағидасын берік ұстанған ардақ тұтар құрметті кітапханашының еңбегі көпке үлгі. Сөз басында кейіпкерімізді жан байлығының бағбанына теңеуіміз тегін емес. Себебі оқуға құштар жан ғана өзгенің жол табуы мен білім алуына алғаусыз септесе алады.
А.Сағынтай
25 қазан 2024 ж. 154 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031