» » ӘРІПТЕС ЖАЙЛЫ ҮЗІК СЫР

ӘРІПТЕС ЖАЙЛЫ ҮЗІК СЫР

Сафурамен Ақай ауылындағы №99 мектепке химия пәні мұғалімі болып келген уақыттан бастап таныс едім. Екеуміздің де ол мектепке жаңадан барған жылдарымыз. Көп ұзамай «Үздік химия пәні мұғалімі» байқауына аудандық білім бөлімінен қатынас келді. Байқауға Сафура ұсынылды да, дереу дайындықты бастап кетті. Сонда байқағаным, оның еңбек өтілінің жақында ғана басталғанына қарамастан, үйіндегі химия пәні бойынша бай кітап қоры еді: қосымша әдебиеттер, әдістемелік журналдардың түр-түрі, химия пәні бойынша есептер жинақтары, анықтамалықтар, сөздіктер. Осылайша, әріптесімнің мол, бай кітап қорын көріп, оны жаңа қырынан танып қалған болатынмын. Ал аудандық «Үздік химия пәні мұғалімі» байқауынан Сафура оза шауып, І орын иеленді. Сол қарқынмен облыстық байқауға қатысып, одан ІІІ орын алды.
С.Нұржанова бұрынғы Чапаев ұжшарында туып-өскен. Кішкентайынан зерек, алғыр, қабілетті болып өскен оның өзі білім алған №109 орта мектебіндегі ұстаздары, тарих пәні мұғалімі әрі сынып жетекшісі Қарлығаш Ермағамбетова, биология пәні мұғалімі Күләш Айнабаева, химия пәні мұғалімі Ұлмекен Мусабаева апайлары ұстаздық мамандықты таңдауына ықпал етті. Кейінірек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде химия-биология факультетін бітіріп, Байқоңырдағы К.Циолковский атындағы №2 мектепте ұстаздық еңбек жолын бастаған ол, қазір Ақай ауылындағы Е.Көшербаев атындағы №279 мектеп-лицейінде химия пәнінен сабақ беруде. Мамандығын жан-тәнімен сүйген педагог алдына биік мақсаттар қойды. «Ілім үйреніп, одан соң оны басқаларға үйретпеу – мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай, көміп қойғанмен бірдей» деген ұстаныммен жүретін әріптесім әрдайым ізденіс үстінде. Қай кезде болсын өзі жетекшілік ететін химия кабинеті ҰБТ, олимпиада, ғылыми жобаларға дайындалып жатқан оқушылардан, қала берді Сафурадан тәлім алушы жас мамандардан босаған емес. Бұл – «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» екендігінің үлгісі екені сөзсіз.
Оқушы үшін оқу ортасының қолайлы болуы шарт. Осы орайда білікті ұстаз оқу кабинетінде техникалық қауіпсіздік және гигиеналық тазалық ережесін сақтап, кабинетін заманауи үлгіде жабдықтап, техникалық, көрнекі құралдар, оқулықтар, әдістемеліктер, дидактикалық құралдардың мол қорын жинақтауда. Бұл әрине оқушылар үшін ғана емес, ізінен ерген жас мамандар үшін үлкен көмек және үлгі тұтарлық іс. Әріптес туралы лебізімді қағаз бетіне түсіру барысында Сафура Татеқызының келіні әрі мектептегі биология пәні мұғалімі, жас маман Гүлмирамен тілдескен болатынмын.
«Анамыз үйде аяулы жар, асыл ана, ардақты әже. Мектепте де, үйде де барлық жұмысты бірге атқарамыз. Әрдайым біздің кемшілігімізді кешіріп, қатемізді түзетіп, отбасымыздың түтінінің түзу шығуын күзетіп жүреді» деген болатын.
«Қазақта асыл сөз бар ене деген,
Бұл сөздің қасиетін терең білген.
Ботасы, құлыны да, торпағы да,
Енесіне әрдайым еркелеген» демекші, Гүлмирадай жас маманға үйде ақылшы ене, мектепте тәлімгер ұстаз болып жүрген әріптесіміздің бұл да бір жаңа қыры.
Мұғалім таза еңбекті сүйетін мамандық иесі десек, әріптесім нағыз еңбектің адамы. Оның ауласында өзі өсіріп баптайтын бау-бақшасы, жеміс-жидегі көздің жауын алады.
«Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады». Бұл ақиқат. Одан оқып білім мен тәрбие алып шыққан шәкірттері – Жансая Салматова Орынбордағы, Тоты Шуныкова Қарағандыдағы мемлекеттік медициналық университеттің «Жалпы медицина» факультетін тәмамдап, халыққа қызмет етуде. Айдана Айжарықова, Нүрия Танатова, Ақбота Тұрмаханова, Әсемкүл Мұқанова сынды шәкірттері ұстаз жолын жалғап, ұстаздықтың ұлы көшіне ерді. Биылғы жылғы мектеп бітіруші түлектері де химия пәнінен жоғары балл жинап, грант иегерлері атанды. Атап айтатын болсақ, Досымжан Ержанов пен Аяулым Нұрғалиева Астана медицина университетіне, Айжан Мұздыбай М.Оспанов атындағы Ақтөбе қаласындағы медицина университетіне, Серік Айжарықов Қарағанды медицина университетіне, Нұржан Абдразақов Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне, Айжан Буранбай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне грантқа оқуға түсті. Сонымен қатар мектебіміздің оқушылары аудандық, облыстық олимпиада жүлдегерлері. 2022-2023 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша химия пәнінен 10-сынып оқушысы Досымжан Ержанов, 2023-2024 оқу жылында 9-сынып оқушысы Балауса Бектібай жоғары жетістік көрсетті.
«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деп аңыз-адам Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұлы қызмет жолындағы әріптесімнің әрбір кәсіби кемелдену қадамы біліктілікке, мол тәжірибеге толы болсын. Ұстаздық деген ұлы көшіміз көрікті, сәнді де салтанатты болсын.
Толқын ТӘЖІБАЕВА,
№279 мектеп-лицейдің бірлестік жетекшісі
03 қазан 2024 ж. 161 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031