Ұлттық тағам – ырысымыз
Сәрсенбінің сәтінде газет тілшілері Ақжар ауылынан табылдық. Ондағы шаруа С.Бөртебайұлы атындағы клуб үйінде өтетін іс-шараға қатысу. Тілшінің тіршілігі әдетте елдің ортасында, қоғаммен біте қайнасып жүреді ғой. Бұл жолғы барысымыздың жөні бөлек. Айтайық. Ауылдың мәдени ордасында өтетін "Ұлттық тағам – ырысым!" атты аймақтық топтық байқауға жан-жақтан сыры мен сымбаты келіскен қыз-келіншектер мен аналар жиналған. Барынша сән-салтанатты. Етегі төгілген бүрмелі көйлек пен үстеріне киген қызылды-жасылды қамзолдары ажарларын бұрынғыдан да аша түскен. Тіпті кейбіреулері шашына әшекейлер тағынып, жасанып алған.
Атаулы сайыстың жүргізушісі іс-шараның "Адал адам" – мәдени тәрбие беру тұжырымдамасына сай, "Креативті – HUB" жобасы аясында өтіп жатқанынан да хабар беріп өтті. Сахна да қазақ халқының ұлттық қолөнер бұйымдарымен әрленіп, безендірілгені – залда отырғандарды сонау ғасырдағы әже-аналарымыздың он саусағынан өнері тамған ісмерлігі мен шеберлігін паш етіп тұрғандай әсер қалдырады.
Қай кезде де ауданда осындай игі істердің ұйытқысы болып жүретін Ақжар ауылдық округі бұл жолы да жолынан таймай, байқауға қолдау білдірсе, елді мекендегі шаруашылықтар демеушілік жасап, қаржылай көмектерін берген. Ал іс-шараның ұйымдастырушысы – ауылдық клуб үйі байқауды ұршықса иіріп, оның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Мәдени шараны ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, ардагер-ұстаз Рая Жөнейтова ашып, құттықтауын жолдады.
Сайысқа 5 ауылдан үміткерлер қатысып, 5 бөлім бойынша бақтарын сынады. Атап айтқанда, Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Тұрмағамбет, Ақжар ауылының қатысушылар тобы байқау талабына сәйкес, клубтың ауласында таңертеңгі сағат 9-да қазанжаппай пісіруді бастап кетті. Қызыл шоқта піскен нанның иісі мұрын жарып, тәбетіңді ашады. Кезінде екінің бірінің үйінде тұтынып жататын қазанжаппайдың бүгінде көзден бұл-бұл ұшып бара жатқанына осыбір сәтте ішіміз қылп ете қалғанын несіне жасырайық. Байқаудың да басты мақсаты осы емес пе?! Ұмытылып бара жатқан ұлттық тағам түрлерін қайта жаңғырту әрі ас үй ханымдарының бір-бірімен тәжірибе алмасуы кімге де болсын пайдалы. Жанұядағы ата-ене, келін, қайын сіңілі арасындағы қарым-қатынасты нығайту да сайыстың мұраты саналды.
"Таныстырумен" шымылдығын ашқан байқау әрі қарай "Ас дәмдісі – қазанжаппай", "Ұлттық салт-дәстүр", "Ата-салтың – халықтық қалпың" және "Үй тапсырмасы" деген 5 кезеңнен тұрып, үміткер топтар жарыс жолында бар өнерін салды. Айтпақшы, қатысушы 5 ауылдың да ханымдары жақсы дайындықпен келгендерін көрсетті.
Байқауға қатысушы аналардың ең үлкені Тұрмағамбет ауылынан келген 78 жастағы Балшекер Әлібаева анамыз болса, ол өзі, келіні және немере келінімен бір топта жарыс додасына түсті. Ұрпақ сабақтастығының алтын жібін жалғаған анамыздың өнегесі көп үлгі болғандай.
Байқау барысында жаңа піскен қазанжаппай, сахнада көптің көзінше күбіде пісілген айран мен одан алынған сарымай, сүзбеден сол жерде дайындалған құрт (ірімшік) қазылар алқасының бағасына ұсынылды. Қазылар алқасына аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Гүлжауһар Раева басшылық жасаса, Ақтөбе ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Жабаева және аудандық әйелдер кеңесінің мүшесі Сәрсенкүл Жаудатбекқызы мүшелігінде болды.
Топтық байқаудың соңғы кезеңінде үй тапсырмасында үміткерлер халқымызда ұмытылып бара жатқан – үлпершек, жаужүрек, бүрмеқарын, салманан секілді тағам түрлерін дайындап әкелді. Сонымен қатар көпшілік қауым ұлттық қолөнерден көрме тамашалады.
Байқау қорытындысында Ақжар ауылдық округінің әкімі Нұржамал Тұрсынбаева сөз сөйлеп, барша қатысушыларға алғысын жеткізді. Сонымен сайыс нәтижесінде Ақжар ауылы бас жүлдені жеңіп алса, Тұрмағамбет ауылы І орынды, Қуаңдария ауылы ІІ орынды, Алдашбай ахун ауылы мен Т.Көмекбаев ауылы жүлделі ІІІ орындарды иеленді.
Жеңімпаз және жүлдегер топтар ауыл әкімінің дипломы және қаржылай сый-сияпаттармен марапатталды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ