Көпке қуаныш сыйлайтын кәсіп
Бүгінде ауданның экономикалық әл-ауқаты жақсарып келеді. Кентіміз де күн сайын көркейіп, жаңа бастамалар қолға алынуда. Соған сай кәсіпкерлік көкжиегіміз де кеңейіп келеді. Бұрын «ондай қалада бар» дейтін дүниелер, қазір өзімізде де бар. Осындай дүниенің бірі – қуырылған балмұздақ. Кентімізге тың кәсіпті алып келіп түрлендірген кәсіпкер туралы толығырақ тарқатсақ.
Жас болса да кәсіп көкжиегін көркейтіп жүрген Айбек Айтжанов Жосалы кентінің тумасы. №250 мектеп-лицейін тәмамдап, Алматы қаласындағы «Қайнар» академиясында «Есеп және аудит» мамандығы бойынша жоғары білімді игереді. Мамандығы бойынша 3-4 ай ғана қызмет атқарған Айбек жастық жалынмен кәсіпке бет бұруды қалайды. Былтыр макулатура кәсібін қолға алса, биыл онымен қоса ерекше балмұздақты ауданға алып келді. Ол – қуырылған балмұздақ.
– Балмұздақтың бұл түрі Тайландта «Тай илектелген балмұздақ» немесе «қуырылған балмұздақ» деген атпен пайда болған. 2015 жылға қарай, Америка Құрама Штаттары осы үрдісті қолға алды және десерт қазір «оралған балмұздақ» немесе «балмұздақ орамдары» деген атпен танымал. Көшедегі жаппай сұранысқа ие тағам ретінде бұл десерт көрші елдерге тарады. Содан кейін ғана балмұздақтың танымал стиліне айналды. Тұтынушылар «илектелген» немесе қуырылған балмұздақтың жасалу процесін түсіріп, оны интернетке жариялай бастады. Бұл бейнелер көрілімі көбейе келе басқа елдер осы тенденцияны қолдануға көшті. Аталған десерт балалар мен ересектер арасында танымал. Үлкен қалаларда көріп жүрген соң, бұл дүниені аудан халқына ұсынғым келді. Алғашында «ауданда балмұздаққа сұраныс аз», «қуырылған балмұздаққа сұраныс жоқ» деген пікірлер естідім. Сонда да өзім ойға алған істі жасап көрмекке, белді бекем будым. Қызылорда қаласында арнайы шеберлік сағатына барып, жасалу жолын үйрендім. Кәсібімнің қыр-сырын зерттеп, сәуір айында алғашқы тұтынушыларымызды қуанттық. Ашылуымыз Құрбан айт мерекесіне тұспа-тұс келді. Соған орай 100 балмұздақ тегін таратамыз деп хабарладық. Алайда келушілердің көптігіне байланысты 200 балмұздақты тегін ұсындық. Бүгінде құйылмалы, қуырылған балмұздақпен қатар, түрлі тәтті сусындар мен коктейль түрлері мәзірімізде бар, – дейді кәсіпкер.
Айбектің әңгімесінен кәсібіне деген адалдығын көруге болады. Жас болса да қос кәсіпті қатар алып жүрген ол «Қазір қолы қимылдағанның қалтасы қалыңдайтын уақыт. Ең бастысы жасаған ісіңнің үдесінен шығу қажет» дейді. Еңбексүйгіштік пен адалдықты басты орынға қоятын жас кәсіпкер жетістікке жету үшін адамға табандылық пен жігер керек деген пікірде. Кәсіпкердің жас болған соң идеясы көп. Алға қойған мақсаты айқын, жоспары нақты. Ол үшін біршама тер төгіп, еңбек ету қажет екенін жақсы біледі.
– Көптің көңілінен шығуды мақсат еттік. Біздің өнімді алған жан риясыз ризашылығын білдірсе қуанып қаламыз. Осы ретте маған сенім артып, қолға алған бастамама қолдау білдіретін ата-анама алғысымды білдіргім келеді. Олардың сенімі маған күш береді. Алдағы уақытта бұл кәсіпті дамытып, өзге қаладан да осындай орындар ашқым келеді. Себебі өзге аймақтың тұрғындарынан да сұраныс көптеп келуде. Сапалы өнім, жайлы көңіл күй, тәтті әсер сыйлауды әлі де жалғай береміз, – дейді Айбек Оразбекұлы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ