Қармақшы ауданы әкімі ауылдық округтерді аралады
Аудан басшысы Жандос Еркінбек алдымен аудан орталығынан шалғай жатқан Т.Көмекбаев ауылында болып, салынып жатқан балалар ойын алаңының жұмысымен танысты. Ағымдағы жылы батыр атындағы ауылдағы Қ.Қуаңбаев көшесі жарықтандандырылса, электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары тамыз айында аяқталатын болады. Аудан әкімі сала басшыларына құрылыс жұмыстарын ширатып, қысқа мерзім ішінде тұрғындар игілігі үшін пайдалануға беруді тапсырды.
Қуаңдария ауылына сапары кезінде салынып жатқан балалар ойын алаңын құрылысымен сонымен қатар, жаңадан салынатын фелдьшерлік-акушерлік пункт орналастын орынмен танысып, ауыл әкіміне құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауға алуды жүктеді. Сондай ақ, «Қарашұқыр» учаскесіндегі бақша еккен тұрғындармен кездесіп, ауыл тұрғындарының еңбекқорлығына ризашылығын білдіріп, көпке үлгі екенін айтты. Биыл ауылдағы 60 отбасы 24 га жерге бау-бақша егіп, баптауда.
Мұнан кейін аудан әкімі Тұрмағамбет ауылына барып, ағымдағы жылы жөндеуден өткен Т.Ізтілеуов, Қ.Қосұлы, Ә.Құланбаев, Н.Жанаев, У.Бәйменов көшелерінің сапасын көрді. Сонымен қатар, ауылда жүріп жатқан барлық жұмыстарды қатаң бақылауға алуын тілге тиек етіп, тазалық жұмыстарына да мән беру керек екенін сөз етті.
Аудан басшысының жұмыс сапары Ақжар ауылында жалғасып, А.Құнанбаев көшесінің жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Қызу шаруаның басына барған аудан әкімі тиісті тұлғаларға жұмыстың сапасына баса назар аудару қажет екенін ескертті. Ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын аталған көше мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Сондай ақ, «Ақжар» шаруашылығының егіс алқабына барып, күріш дақылының өсімін көріп, жем-шөп дайындау жұмыстарының барысымен танысты. Ақжарлықтар биыл 1699 га жерге ауышаруашылығы дақылдарын ексе, оның 850 га күріш, 276 га мақсары, 571 га мал азығындық шөп.
Мұнан кейін аудан әкімі Ақтөбе ауылына барып, электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Мердігер мекеме басшысымен кездесіп, жұмысты сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырды.
Сапарын Дүр Оңғар ауылдық округінде түйіндеген аудан әкімі «Жаңажол» ЖШС егіс алқабын және 4 га жерге егілген алма бақты көрді. Сонымен қатар шаруашылықтың күріш ақтау зауытына барып, қытайлық қондырғының жұмысымен танысты. Серіктестік биыл 3066 га жерге егін ексе, оның 3100 га күріш, 290 га жаздық бидай, 5 га картоп, 13 га бақша, 35 га жүгері, 50 га судан шөбі, 1389 га мал азығындық шөп және 5 га жерге тамшылатып суару әдісімен алма өсіруде.
Айта кетейік, аталған ауылда аймақ басшысының қолдауымен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде. Сондай ақ, газ тарту жұмыстары басталатын болады.
Аудан басшысы ауылдық округтерді аралау барысында ауыл әкімдеріне көзкөрген олқылықтарды ретке келтіру, ауыл ішіндегі тазалықты, әлеуметтік нысандардың жағдайын, инфрақұрылым желілерінің толық жұмыс істеп тұруын және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын жіті бақылауда ұстауды тапсырды.