Ел өмірінің айнасы
Фото
Жаһандану үрдісі кеңінен қанат жайып, төрткүл дүниенің шытырман оқиғалары әлем жұртшылығына сол күні жетіп жатқан бәсекеге толы қарбалас заманда бұқаралық ақпарат құралдарының алатын өмірдегі орны ерекше. Бейбіт те берекелі бүгінгі тіршілігімізде бұл салада жүрген қызметкерлердің «төртінші билік» атануы да жайданжай болмаса керек.
Белсенді азаматтық ұстаным танытып, халықты бірлікке, ынтымақтастыққа үндеу, елдегі оқиғалардың қатпарлы саясатындағы оң үдерістерді насихаттау ісінде тап осы «төртінші билік» өкілдерінің атқарар рөлі ерекше. Себебі, баспасөз өкілдері, телерадио қызметкерлері азаматтық құндылықтардың, демократия мен әділеттің қолдаушысы да, қорғаушысы да болып келді және бола береді.
Ақ қағазға тіл бітіріп, сан мыңдаған оқырманымен күнбе-күн жүздесіп, қасиетті қалам құдіретінің шексіз мүмкіндігін пайдалана білген тілші қауымы ерекше бақытты жандар деп ойлаймын.
«Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» дейді белгілі жазушы, қаламы қарымды журналист, көркем сөздің зергері Әзілхан Нұршайықов ағамыз. Сан түрлі тақырыптарда қалам тербеген қанатты сөздің хас шебері осылай деген болса, ақпарат айдынында еркін жүзген журналист қауымының ел алдындағы қызметі мен жауапкершілігінің өте ауқымды екенін аңғару қиын емес.
«Өзі – бір күндік» деген сөз газет редакторынан бастап, жауапты хатшы, бөлім меңгерушілері, кезекші редактор, тілшілері, корректорлары – қысқасы газет маңындағы барлық қызметкер бар күшін, бар ынтажігерін, әдемі сөзін, қолынан келген өнерін бүгінгі шыққалы тұрған нөмірге сарқа жұмсайды да, нөмірге редактор қол қойғаннан кейін «уһ» деп бір терең тыныс алады. Ал ертеңгі күні ақпарат ағынының мүлде жаңа қырына ауысып, бүгінгіге тіпті ұқсамайтын басқа қарбалас басталып кетеді.
Ал «сөзі – мың күндік» дегені баспадан оқырманға жол тартқан газеттің алдағы тіршілігі. Оқырман оны оқиды, қажетті жерін қиып алады, өміріне, қызметіне керекті материалдарын үздіксіз пайдаланады. Жақын достарына, таныстарына кешегі газеттен оқыптүйгендерін айтып, оқып шығуға кеңес беріп жатады.
Міне, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметіндегі жауапкершілік те, қиындық та, қызықшылық та ел өміріндегі түрлі қарбалас тіршіліктің төңірегінен осылай өріс алып жатады.
Аудан экономикасының өркендеуі мен халық тұрмысының, әлеуметтік жағдайының алға басуында жүргізіліп отырған саясат пен атқарылып жатқан істерді бұқара халыққа жеткізуде ауданда екі газет ұжымы жемісті жұмыс атқарып келеді. Жыл сайын олардың оқырмандары көбейіп, сүйікті газеттерінің сапалы шығарылуына, таралымына тілектестікпен қолдау көрсетеді. Оқырман хаттары толастамай, түрлі саладағы жаңалықтар газет беттерінен уақытылы орын алып жатады.
Аудандық «Қармақшы таңы» газеті өзінің 90 жылдан астам ғұмырында аудан жұртшылығының сырласы да, мұңдасы бола білген, халықтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерде де шаруашылығы қалыптасқан мәдени-тұрмыстық өрлеу дәуірінде де күнделікті оқырмандарының жанынан табылып, тіліміз бен ділімізді, қаймағы бұзылмаған ұлттық салт-дәстүрімізді сақтауда ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан киелі шаңыраққа айналды.
Ауданымыздағы оң өзгерістер мен шаруашылықтың сан түрлі салаларындағы жетістіктерді тамыршыдай тап басып, аудан жұртшылығына ақпараттық қызмет көрсетуде, азаматтық, демократиялық құндылықтарымызды арттыра беруде газет қызметкерлерінің алдында тұрған міндеттер орасан.
Сондықтан бізді күнбе-күн халықпен жүздестіріп, аудан экономикасына, әлеуметтік дамуына қалам қаруының күшімен үлес қосып, тарихи өмірімізді, мәдени тұрмысымызды әлеуметке жан-жақты көрсетіп, тіршілігіміздің деңгейін айқындап отырған осы ұжымға бүгінгі мереке күні ерекше ризашылығымды білдіргім келеді.
Қаламдарыңыздың ұшы мұқалмасын. Өткір ойды кір шалмасын. Қоғамға рухани нәр таратып, тәуелсіз еліміздің жаңашыл жаршысы бола беріңіздер, құрметті баспасөз қызметкерлері! Еңбектеріңіз еселі, шығармашылықтарыңыз шабытты болып, елге қалам қуатымен, құдіретті сөз өнерімен қызмет ете беріңіздер.
Елімізге береке-бірлік, бейбіт өмір берсін!
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, газеттің бұрынғы редакторы