Сырдың ата басылымы үздік атанды
qarmaqshy-tany.kz Өткен аптада Елордадағы «Қазмедиа» орталығында баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Онда облысымыздың бас басылымы «Сыр бойы» газеті «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Бас жүлдені алуға 450-ден астам өтініш түсіп, материалдар 12 номинация бойынша таңдалды. Әр жыл сайын «Үркер» сыйлығының өз жаңалығы болса, биыл медиа саласына үлес қосып жүрген мамандар үшін 3 жаңа номинация қосылды. Олар – «Үздік халықаралық БАҚ», «Үздік подкаст», «Үздік You Tube каналы».
Атаулы іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, беделді журналистер, медиа сарапшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Салтанатты шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ашып, үміткерлерді құттықтады.
– Жыл сайын игі дәстүрге айналған жиында өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгінгі медиа тек ақпарат таратудың көзі ғана емес, елдің әлеуметтік рухани өміріне терең араласып, қоғамның тыныс-тіршілігіне баға беретін бірегей салаға айналды. Ақпарат саясаты сауатты елдің идеологиялық қуаты да зор болатыны сөзсіз. Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Масс-медиа» саласының елімізді жаңғырту ісінде ерекше ықпал ететінін айтты. Сондықтан бұл саладағы әрбір жаңашылдық үнемі президенттің назарында. Біз бұдан кейін әрқашан да жаңа медианың дамуына, креативті индустрияның өркендеуіне қолдау көрсетуді жалғастыра беретін боламыз, – деді министр.
Республикалық байқауда «Сыр бойы» газетінің үздіктер қатарынан көрініп, кәсіби ортада жоғары бағалануы Сыр өңірі үшін үлкен мәртебе. Бұл қуаныш биыл облыстың 85 жылдық мерейтойына тарту болса, келер жылы ата басылымның 95 жыл толуы қарсаңында үлкен сый болып отыр.
Облыстық төл басылымның жемісті жеңісімен аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік желідегі парақшасында құттықтады. «Заңғар жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Газеттің ісі – бір күндік, сөзі – мың күндік» дегеніндей, сөзі сұңғыла жанрлық ерекшелігі әр қилы, безендірудің көркемдік деңгейі жоғары басылымның оқырманға берері көп. Бұл жеңіс – «Сыр бойы» газеті ұжымының қажырлы еңбегінің жемісі және Сыр өңіріндегі барлық баспасөз өкілдерінің ортақ қуанышы» деді ол.
«Қт» ақпарат