Шомылу маусымы: Қауіп пен қатер
Биылғы жаз өзгеше болып тұр. Күн де күрт ысып кетті. Аптаптан аңқасы кепкен- дер жандарына сая іздеп, суға шомылу маусымы басталар-басталмастан өзен-көл жағалауына ағылды. Иә, жаз басталса көкжиектен күн шыға салысымен өзен-көлді жағалап, салқын суға шомылуды жөн көреміз. Өзімізді жайлы сезіну үшін шомылып тұру керек-ақ. Десе де, қауіпсіздікті сақтамаудың кесірінен көп адам судың құрбанына айналуда.
«Су – тіршілік көзі болғанымен, әрі тілсіз жау» екенін қаперден шығарып аламыз кей тұста. Оқыс оқиғалардың дені адамдардың салғырттығынан, тыйым салынған қауіпті аймақта шомылуы мен ішімдік ішіп, масаң күйде суға түсуі кездерінде орын алып жатады. Сондай-ақ ата-ана балаларын қараусыз қалдыруы әсерінен туындаған жағдай да анықталып отыр.
Қазгидрометтің болжауынша, биылғы жаз жыл- дағыдан ыстық болады деп күтілуде. Сәйкесінше ыстықтан қорғанып, суға түсушілердің саны артады. Олардың арасында балалар да бар. Қазір демалыс кезі. Осы уақытта балалар бақылаусыз қалып жатады. Әлбетте, баланың аты – бала. Ол алдымен ата-анасына сенеді. Бірақ баланың сенімін ақтайтын үлкендердің өзі де су айдындарында шомылу ережелерін сақтамай, қайғылы жағдайға ұрынады. Иә, қайсыбірі болсын Қызылорданың 40oС-тан жоғары ауа райында салқындап шомылуды қалайтыны анық қой. Ересек те, балалар да демалысын қызықты өткізу үшін суға түскенді жақсы көреді. Алайда шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережесі мен алғашқы көрсетілетін көмек жайлы бәрі біле бермейді.
Сандарды сөйлетсек
Елімізде суға кетіп қайтыс болу дерегі жиілеп тұр. Оқыс оқиғаға тап болғандар бойынша соңғы жылдағы мәліметтерге зер салайықшы. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы – 424 адам, оның 131 бала болса, 2022 жылы – 242 адам, 77-сі кәмелет жасына толмағандар суға батып қайтыс болған.
Былтыр шомылу маусымында 184 адам, оның ішінде кәмелетке толмаған 62 бала суға батып кеткен. Оқиғаның көпшілігі жабдықталмаған жағажайда болған. Суға батып кетудің негізгі себебінің бірі – өз күштерін асыра бағалау, мас күйінде шомылу немесе жүзе алмауы. Ал балалардың өлімінің басты себебі – ересек адамның қарауынсыз қалуы.
Ел бойынша барлығы 612 рұқсат етілген су демалыс орны бар. 4285 орын шомылу үшін қауіпті деп танылып, шомылуға тыйым салынған орындар тізіміне енгізілді.
Оқыс оқиға орын алмасын десек
Жаз басталса жыр болатын мәселе көп. Адам мен оның денсаулығы, өмірі алғашқы орында тұратын қоғамда суға түсу маусымында қауіп-қатер қатар жүреді. Рас, жыл сайын суға түсу маусымы басталғаннан бастап өкінішке орай өлім жағдайлары тіркеледі. Құтқарушылар үнемі суда жүзу ережелерін қатаң сақтау қажеттігін айтылса да, ескертуге құлақ түретіндер сирек.
Мамандар жағадан алыс жүзбеу, ескерту белгілерінен әрі өтпеу, арнайы белгіленген жерлерде ғана шомылу, балаларға сақ болу, суда алысып, күресіп ойнамау секілді қарапайым ескертпелерді жасағанымен, суға кетіп жатқан жандардың саны азаяр емес. Иә, суға шомылу маусымы басталып кетті. Оқушылардың бәрі демалысқа шыққан. Демалысты қызықты, әрі есте қаларлықтай өткізу үшін олар міндетті түрде суға шомылады. Алайда суға шомылу кезіндегі қарапайым қауіпсіздік ережелерін балалардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Білсе де дұрыс сақтамайды. Балалар тұрмақ, үлкендердің өзі қауіпсіздік ережелеріне аса қатты мән бере бермейді. Соның салдарынан әртүрлі оқыс жағдайлар жиі кездесіп жатыр.
– Біздің мақсатымыз – жаз мезгілінде су айдындарындағы адам өлімінің алдын алу. Осы мақсатта аудандық төтенше жағдайлар бөлімі полиция қызметкерлерімен бірлескен күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді, – дейді аудандық төтенше жағдай бөлімінің мамандары.
Суға батып бара жатқан адамды байқау қиын. Адам суға батқан кезде бар күшімен ауамен демалуға ұмтылады, аузы қатты ашылып басы артқа шалқайып кетеді. Ал балалар суға батқан кезде баланың басы керісінше алға қарай бағытталып, тұншыға бастайды. Шаштары маңдайы мен көзін жауып кетеді, бір топ суға түсіп жүрген балалар арасынан суға батып бара жатқан адамды ажырату қиын. Ондайда, айқайлауға шамасы да болмайды. Суға батқан адам қолын сермеп көмекке де шақыра алмайды, үлкендер жүзуге тырысып қолдарын со- зып жан-жаққа сермейді, ал балалар қолдарын алға қарай созады. 20 секунд пен 60 секунд аралығында өмірмен арпалыс жүреді, одан әрі адам су астына кетеді.
Аудандағы ахуал
Әне-міне дегенше суға шомылу маусымы басталады. Сондықтан еліміздің су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі бүгінде азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін жүйелі жалғастырып келеді.
– Адам баласы үшін өмірінен артық ештеңе жоқ. Бірақ сол өмірін тәуекелге тігетіндер саны азаймай тұр. Әр шомылу маусымы басталар алдында барлық аймақта түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Суға батып кетудің алдын алу үшін бірнеше ережені қатаң ұстанған жөн. «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгілер орнатылған жерлерде шомылуға рұқсат етілмейді. Мәселен, жүзудің шекарасын белгілейтін қалқы белгілерден кейін жүзуге, жалған дабыл айқайларын беруге болмайды. Сонымен қатар, таныс емес жерлерде суға түспеңіз және сүңгімеңіз, «жабайы» жағажайларда шомылмау керек. Суға алкогольді және есірткіге мас күйде шомылуға, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге, балаларға ересектерсіз суға кіруге болмайды. Ең бастысы, балаларды суға жібермеңіздер және оларды қараусыз қалдырмаңыздар, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Нұрдәулет Рахымбаев.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, суға бататындардың дені мектеп жасындағы оқушылар мен спирттік ішімдік ішкен азаматтар. Сондай-ақ қарапайым ереже талаптарын білмеуден және оны сақтамаудан, суда құтқару стансасының жоқтығы салдарынан болып отыр.
Соңғы 5 жылдағы мәліметтерге сүйенер болсақ, 2018 жылы 4 адам суға кеткен. Оның 3-еуі бала. Ал 2019 жылы 6 оқиға орын алған. Оның 2-еуі бала. 2020 жылы 3 жағдай тіркелсе, оның 2-еуі бала. 2021 жылы 4 адам суға кеткен. Оның 3-еуі бала. 2022 жылы суда орын алған 3 оқыс оқиға тіркелсе, оның 1-еуі бала. Былтыр 9 адам тіркелсе, оның 3-еуі бала. Биыл жыл басынан бері суда орын алған оқыс оқиға тіркелмеген.
Жауапсыздық жарға жығады
Суға кетушілер санының көбеюінің себебі неде? Қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі шомылуға арналған демалыс орындарының бәрі жұмыстарын бастады. Жаз мезгілінде мұндай демалыс орындарында және өзен-көлдердің жағасында уақыт өткізген жақсы. Жағажайда демалып қана қоймай, денсаулықты да нығайтуға мүмкіндік бар. Суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну адамды сергек қалыпта сақтайды және жұмыс қабілетін арттырады. Әрине, апаттың айтып келмейтіні белгілі. Судан қорғау қызметі үлкеннің де, кішінің де суға түсу кезінде аса сақ болу керектігін ескертеді. Алайда тұрғындардың көпшілігі суға түсу мерзімінің жариялануын күтпестен-ақ көңіл көтеруге асығады. Судың да адам өміріне тигізетін қауіп-қатері бар екенін жұрттың бәрі білгенімен, одан келетін апатты екінің бірі ескере бермейді.
Қазақ кез келген дүниені «жазмышқа» балайды. Тағдыры солай деп қандай жағдай болсын өз-өзін жұбатуға тырысады. Бірінің – ажалы оттан, бірінікі – судан болып жатады. Бірақ «Сақтансаң – сақтаймын» деген тағы бар. Жүргізілген зерттеулер суға кеткендердің дені шомылуға тыйым салынған жерде суға түскенін, балалар бақылаусыз қалғаннан болғанын көрсетуде. Ал балаларды тіпті көзден таса етпеген абзал. Тумақ бар жерде өлмек бар. Дегенмен, өзекті өртейтін өкініш, «әттеген-ай» дейтін оқиға жүректе қалып қоймаса екен дейміз. Әркім өмірі үшін өзі жауапты болғанда ғана қайғылы оқиғаның алдын алуға болатын да шығар, бәлки? Алдымен өзімізге, содан кейін балаларымызға жауапты болайық...
Ақнұр САҒЫНТАЙ