Мониторинг жұмыстарын жүргізді
Жас ұрпақтың балалық шағының барынша қауіпсіз әрі бақытты болуына жағдай жасау – Мемлекет басшысы саясатының және «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі.
Осыған орай ағымдағы жылдың 19 маусым күні «AMANAT» партиясы Қармақшы аудандық филиалының ұйымдастыруымен “Бақытты отбасы” партиялық жобасы аясында балаларға арналған қауіпсіз және жайлы инфрақұрылым акциясы аясында Жосалы кентіндегі бірнеше балалар ойын алаңына мониторинг жұмыстарын жүргізді. Мониторинг жұмыстарына партия филиалының төрағасы Әділ Қошалақов және Жосалы кенті әкімінің орынбасары Б.Сәден, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мен филиал қызметкерлері қатысты.
Ең алдымен мониторингтік топ мүшелері ағымдағы жылдың 1-маусым күні пайдалануға берілген Д.Мырзағалиева көшесінде жаңадан салынған спорт және ойын алаңының қазіргі жай күйімен танысты.
Аралау барысында филиал төрағасы Әділ Қошалақов ойын алаңының аумағына келуші тұрғындарға бірнеше орындықтар қойылуы керектігін және де қоқыс тастайтын арнайы жәшіктер орналастыру, ойын алаңы аумағына түнгі жарық шамдарын тез арада қосу, оқыс оқиғалар орын алған жағдайда себептерін тез арада анықтау үшін бейнекамера қою керектігін ескертті.
Мониторингтік топ келесі болып Құлмұратов көшесінде орналасқан балалар ойын алаңына барды. Атап өтетін жәйт , аталған ойын алаңын 2019 жылы "Самрұқ-Қазына" Ұлттық Әл-Ауқат Қоры" Акционерлік қоғамы кент тұрғындары мен бүлдіршіндерге тарту жасап, үлкен алаң тұрғызып берген. Мұнда балаларға арналған ойын алаңы мен ересектерге арналған жаттығу құралдарымен жабдықталған болатын.
Аралау барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, футбол алаңының қоршаулары майысқан, балалар ойнайтын құрал-жабдықтардың көбісі сынған, жөндеуді қажет етеді. Ойын алаңы аумағындағы түнгі жарық шамдары жанбайды, жанында орналасқан бейнекамера жұмыс жасамайды. Жосалы кенті әкімінің орынбасары Б.Сәден айтылған сын ескертпелерді тез арада қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылатындығын жеткізді.