Мүсін жасап, миллион алды
Ақпарат ағынында жүрген соң аудандағы әрбір мекемемен байланысып тұрамыз. Ашықтық қалыптасып келе жатқан уақытта телефон нөмірімізді табу да қиын емес. Сенбі күні бейтаныс нөмірден хабарлама келді. Анықтап қарасам, сүйінші сұраған сынып жетекші. Көзтаныс болған ұстаз оқушысының республикалық фестивалден гран-при ұтып алғанын қуана жеткізіпті. Әрдайым жерлестеріміздің жақсы жаңалығын жариялауға асығатын біз ұстазға алғысымызды айтып, жеңімпаз оқушы мен жетекшіге хабарластық.
Миллионер оқушы Нұржігіт Науқанбаев кент орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектепте білім алады. 8-сыныпты тәмамдаған жеңімпаз қалдық заттардан түрлі бұйым жасағанды жақсы көреді. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Мұхтар Науановтың жетекшілігімен түрлі байқауда бақ сынап, жүлделі орындар иеленген. Бұл жолы да экофестиваль туралы арнайы хабарды сайттан біліп, ұсыныс жіберген. Бұл нендей фестиваль десеңіз, толығырақ тарқатайық.
«Aiala» экофестивалі – Қазақстанда алғаш рет креативті индустрия, балалар мен экология тоғысқан кездесу. Іс-шараның негізгі мақсаты – экологиялық құндылықтар қалыптастыру, балаларды экологиялық тұрғыдан тәрбиелеу. Бұл фестиваль Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткізілді. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған іс-шара енді жыл сайын өткізілмек. Себебі мұндай жиындар балаларға экологиялық тәрбие беруге мүмкіндік беретін қадам.
Хабарландыру жарияланғаннан кейін бір ай көлемінде шығармашыл, дарынды балалардан экология тақырыбы бойынша 250-ден астам өтініш келіп түскен. Фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылар үшін өнер арқылы қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуге мүмкіндік берген. Олар 6 санат бойынша экология тақырыбында қызықты жұмыстар жасай отырып, өздерінің таланттары мен шығармашылығын шыңдап, бақ сынасты. Осы санаттар бойынша 36 финалист іріктеліп алынды. Нәтижесінде осы оқушылардың ішінен 6 финалистке гран-при бұйырды. Біздің Нұржігіт «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастыруымен Халықаралық балаларды қорғау күнінде Бейбітшілік және келісім сарайында алғашқы республикалық «Aiala» арт-эко фестивалінен Arle – сәндік-қолданбалы өнер бағыты бойынша гран-приді жеңіп алып, 1 000 000 теңгеге ие болды.
Алдымен өз баласы бәйге алғандай қуанып сүйінші сұраған сынып жетекшіні сөзге тарттық.
– Нұржігіт өте сабырлы жігіт. Сыныптастары арасында сыйлы. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайды. Сыныбымдағы әрбір балаға өз балаларымдай қараймын. Қуаныштарына олармен бірдей қуанып, уайымдаса сейілтуге тырысамын. Олардың әрбір жетістігі – мен үшін мақтаныш. Осындай бағы мен бабы қатар шапқан шәкірттеріміз көп болсын, – дейді Индира Әбдіқалықова.
Ал шәкіртін шеберлікке баулып жүрген ұстаздың өз айтары бар. Ол алдына келген шәкірттерінің ер адамға лайық бір нәрсені болсын үйреніп кеткенін қалайды. Оны ұстаздық міндеті деп біледі. Мамандығына адалдықпен қарайтын ұстаздың еңбегі осындай жеңістермен нәтиже көрсетуде.
– Жалпы мектебімізде қолынан іс келетін балалар жетерлік. Нұржігітпен де бірнеше байқауға барып бақ сынадық. Еңбек еш кеткен емес. Балалар арасында өтетін «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы балалар шығармашылығының республикалық көрме-байқауының облыстық кезеңінде ІІІ орын иелендік. Ал бұл фестиваль туралы сайттан біліп, ұсыныс жасап, көрмеге қатысып, гран-при иелендік. Бұл берген бағыт-бағдарды дұрыс қолданып, үйреткенді ұғынған еңбекқор шәкіртімнің нәтижесі. Қай кезде де тынымсыз еңбек пен тұрақтылық болған жерде еңбек нәтижелі болатыны сөзсіз. Ал шәкірттің жеңісі – біздің еңбектің жемісі. Біз осындай шәкірттерімізбен мақтанамыз, – дейді жеңімпаздың жетекшісі Мұхтар Науанов.
Расында да мұғалімнің маңдай тері шәкіртінің жеңісті күндерімен өлшенбек. Талапты шәкірт те осындай шеберлікті үйреткен ұстазына дән риза.
– Финалистерді Астана қаласына шақыртқандықтан біз Мұхтар ағаймен жолға шықтық. Онда бізге экологиялық қалдық заттар ұсынылды. Барлығымыз сол жерде түрлі заттар жасадық. Мен өзіме ұсынылған қалдықтардан өрмекшінің мүсінін дайындадым. Бұл жұмысты «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» тақырыбында ұсындым. Жеңімпаз атанғанымда алғашында сенбедім. Гран-при иеленген соң менен телеарна тілшілері сұхбат алды. Өзге финалистермен де тез тіл табысып, қызықты ақпараттар алмастық. Көптеген жерді аралап, саяхаттадық. Алдағы уақытта да қалдық заттарға екінші өмір сыйлау арқылы Таза Қазақстан акциясына өз үлесімді қосқым келеді, – дейді миллионер Нұржігіт.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА