Өнегесі мол зерделі кеңес
«Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Атырау қаласында өткен үшінші отырысында айтқандай, кітапхана – ғылым, білім және мәдениет орталығы, ал кітап оқу – тұлға биігіне баспалдақ.
Дүр Оңғар ауылдық кітапханасында жырау, ақын, Сыр өңірі ақындарының ұстазы Дүр Оңғар Дырқайұлының 165 жылдығына орай «Жыр дүлейі – Дүр Оңғар» атты жыр кеші және Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай кітапханашылар арасында «Кітапхана – ақпарат пен шығармашылық орталығы» атты зерделі кеңес өтті. Бұл жиынның басты мақсаты – қазіргі ақпараттық қоғамда кітапхананың алар орнын айқындау, алға қойған міндеттерін мүлтіксіз атқаруда басқа барлық мекемелер мен ұйымдар арасындағы мәдени байланысты нығайта түсу, кітапханашылардың ұлттық рухын биіктетіп, мәдениеттілігі мен ой-өрісінің дамуына ықпал жасауға бағыттау.
Дүр Оңғар Дырқайұлы – 1859-1902 жылдар аралығында өмір сүрген жырау. Ол Сыр аймағына тән жыраулық дәстүрді алдыңғы толқыннан бойына дарыта отырып, кейінгі толқын ізбасарларына ұлағаттап, өшпес өнерін дарыта білді. Жырау шығармашылығы – қазақ әдебиетіндегі ғасырлар бойы үздіксіз даму жолында келе жатқан ақындық поэзиядағы көркемдік дәстүр жалғасы.
Жыр кеші Жаңажол ауылдық округінің әкімі Әбимүсілім Қоқанов пен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлшара Қаниеваның алғы сөзімен ашылды. Тәлімді іс-шара Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ұстаз Достық Тілеубергеновтің арнауымен және «Жыр-терме» үйірме мүшелері, жас термешілердің термелерімен жалғасты. Сонымен қатар, ауылдық кітапханада бас қосқан кітапханашылардың зерделі кеңесінде балалардың шығармашылығын дамытуға және кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетуге кітапханашылардың үлесі мол екені туралы мәлімет беріліп, әдістеме-библиография бөлімінің ұйымдастырған «БиблиоQUIZ» және «Kahoot» интеллектуалды ойыны ойнатылды. Бұл сайысқа кітапханашылар белсенді қатысты.
Артында сұлу сөз бен өлместей мұра қалдырған атақты тұлғаларды қалай құрметтесек те артықтық етпейді. Қалай болғанда да Дүр Оңғар сынды қазақтың қасиетті сөз өнерінің мәңгіліктігін өзінің шығармалары арқылы өрнектеп өткен дүлдүлдеріміздің өмір жолын келер ұрпаққа ұлағат етіп қалдыру парызымыз болып қала бермек.
Райхан МАХАМБЕТОВА,
Дүр Оңғар ауылдық кітапханасының кітапханашысы